- Advertisement -

Ізгілік нұрын шашқан күн

103

- Advertisement -

Наурыз айындағы амал мерекесі күніне орай Ықылас Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет үйінің алдында мерекелік іс-шара сән-салтанатымен аталып өтті. Жиынға облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солты- баев, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбе- ков қатысып, көпшіліктің мерекелік көңіл-күйін бөлісті. Бұл күні ұлттық нақыштағы киімдер киіп, бір-бірімен құшақ айқастыра көрісіп жатқан жұрттың қарасы өте көп болды. Бұл – біздің бабаларымыздан жалғасқан дәстүрдің бойымызға сіңіп, дағды болғанын көрсетсе керек. Көпшілік шат-шадыман күйге бөленіп, көңілді әсерде болды.

Көрісу күніне әзірленген іс- шара өңірімізге сыйлы ардагер Сауранбек Жамалбековтің батасымен басталды. Мұнан соң көпшілікке оюлы тегештермен ыстық бауырсақ таратылып, ақ жаулықты әжелер шашу шашты. Өнерлі жастар қазақтың «Селт еткізер», «Ұйқыашар» дәстүрлерінен көріністер көрсетті.

Ал, «Көне Тараз» фольклорлық этнографиялық ансамблі де күмбірлете күй тартып, мерекенің ажарын ашты. Аталған мәдениет үйінің бір қанатында сурет көрмесі ұйымдастырылып, арқан тарту, асық ату, ләңгі тебу секілді ұлттық ойындардың додасы қызып жатты. Іс-шараға Оңтүстік өңірлік әскери қолбасшылығының оркестрі де үлестерін қосып, әнші Нұргүл Мусалина «Көктем вальсі» әнімен жиналған елге тарту жасады.

Тараз қалалық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған «Асыл әжелер» ансамблі де халық әндерін шырқап, әсем дауыстарымен көпшілікті таң- тамаша қалдырды. Республикалық байқаулардың жүлдегері Берік Жорабеков пен Айлун Заушева мереке барысында Әуесхан Салабековтің «Рақмет, саған, туған ел!» әнін жүректерге жеткізе шырқады.

Мұнан соң Нұрбол Дүйсенқұлов пен Бақжігіт Жұмақұлов «Саған халқым-ай» атты халық әнін шарықтата шырқаса, «Аналар» дуэтінің орындауындағы «Әгугай домбыра» әніне көпшілік қосылып, бірге әуелетті. Мерекелік іс-шарада өзге де өнерпаздар сахнаны сәнге бөлеп, маңайды әнге бөледі.

Аталған іс-шараға қатысқан Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне сұхбат берді.

– Наурыз мерекесінің біздің халқымыз үшін маңызы бөлек. Бүгін көрісу күнімен ұлттық нақыштағы мерекеміз басталып жатыр. Қала тұрғындарының жүздерінен көтеріңкі көңіл-күйді байқауға болады. Мен де тараздықтардың осы қуанышын бөлісуге келдім. Алдағы күндерде Тараз қаласындағы 11 аумақтық округте жыл басы Наурыз мерекесі аталып өтетін болады, – деді Бақытжан Орынбеков.

Ал, көпшілік мерекелік іс-шарадан кейін де бір-бірлеріне ақ тілек, жылы лебіздерін айтып, көрісу күнгі керемет көңіл-күйлерін көрсетіп жатты.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support