- Advertisement -

«Тірліктің тез шешілмес бар түйіні»

98

- Advertisement -

Айша Көпжасарова есімі жырсүйер қауымға жақсы таныс. Ақын өзінің нәзік те ойлы жырларымен оқырман қауымынан лайықты бағасын алған. Бүгінде ақын шығармашылық кемеліне келіп, жаңа жырларын жазу үстінде. Ақынның редакциямызға жолдаған жаңа өлеңдерін біз де оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Алғашқы шәкірттерімнің бірі

Жұмабекке

Дүниеге келген әсем баласың
Қыр гүлімен тапқан керім жарасым.
Боталаған қара көзді періште
Шәкіртім ең ынталы да,жаны асыл.

Сабырлы да салиқалы мінезің
Білімді еттім демеймін тек бір өзім.
Мамандық ап,қайтып елге оралып,
Ұстаздықтың жалғап ізін келесің.

Туған мекен білген жанға жыр – ән ғой
Елде қалып,қызмет ету арман ғой!
Білім алдың,біліп алдың бар істі
Әкең жүрді ойларыңа жалғап ой.

Неге болсын қарамайтын атүсті
Жігіт болдың сесі басым,намысты.
Әз Әлекең саналы етіп өсірді
Жақынды емес,көре біл деп алысты.

Ұлттың рухын түп-тегіне дарытқан
Айнымайтын талапшыл бір қалыптан
Текті Сақтың ұлысың ғой белгілі
Аян болған тасқа жазған тарихтан.

Ел сыйлаған азамат боп,алтыным,
Арттыра біл абыройын халқыңның.
Сезімі сел,сенімі мықты еліңнің
Ойынан шық әрқашанда,жарқыным.

Әкем Жұмағұл туралы жыр

Еңбеккеш болды менің әке-шешем
Адалдап нәпақасын халал жеген.
Таяқтап өсірмеді, сөз ұқтырды
Болсын деп атқа лайық АДАМ деген.

Жақсы не, жаман қайсы ерте білгем
Күлдіріп отырып-ақ түсіндірген.
Білген соң дұрыс қайсы,бұрыс қайсы
Көп жүрдім үлкендердің ішінде мен.

Әкеме өте жақын бала болғам.
Ұғушы ем әрбір сөзін жанарынан.
Әзілмен, мысалменен әдемі айтып,
Жан емес жүрегімді жаралаған.

Күлдіріп отырып-ақ ұғындырды,
Жаманнан мысалмен-ақ түңілдірді.
Біз не ішсек, соны ішкен көрші-қолаң.
«Береке – бірлікте» деп бәрі білді.

Ол заман өте қатал сталиндік,
Бір сөзге сотталасың босқа ілініп.
«Оқыма!» деген кітап оқылмайды,
Келсе де өлген әкең тап тіріліп.

Сейфіміз текемет боп әу бастағы
Оқытты тығып қойып эпостарды.
Клуб та, үйірме де болды үйіміз
Жиналар көрші-қолаң жан-жақтағы.

Жүрсе де жаны жылап,іштей өксіп,
Саңқылдап кіруші еді кемпір-кепшік.
Қалған көз баласынан жалғыз ұлды
Арқалап, медет қылып жүрген өстіп.

«Ақсақал» деп әкемді қадірледі.
Әкем болса күлдірді, әзілдеді…
Дауа іздеп келген көңілі жарымдарды,
Жырымен жұбатуға әзір еді.

Таңға бітпес батырлар жырын жырлап,
Бәрін де жатқа айтатын әнмен сырлап.
Жадына таңғалушы ек сауаты жоқ,
Әкемнің ұйқас бұзбас жырын тыңдап.

Адамның ұлылығы – азаттықта,
Дамиды, өрістейді,ғажап тіпті,ә!?
Құлшынып жұрт жұмысқа ұмтылып тұр,
Жүдеген еліне ие болмақ тұтқа.

Әкемнің жырларынан түн түріле,
Тарайды күліп-ойнап үйді-үйіне.

Біз де мәз, олар да мәз – бақыттымыз,
Не артық тыныштықтан бар тіріге!?

Өлшеусіз дүниеде – ештеңе жоқ,
Өткінші болса да өмір көңілге тоқ.
Ел тыныш, бауырың бүтін, балаң аман,
Дейміз ғой болса болды, дәнеме жоқ.

Әйтсе де ел сыртында көп піратқан,
Жерің мен байлығыңа көз алартқан.
Солардың сұқ көзінен сақта елімді,
Қастерлер адалдықты О, Жаратқан!

Ағызып еңбек еткен қаратерін,
Сүйеді тыныштықты қадірлі елім!
Адалдап тапқан нанын азық еткен,
ҚАЗАҚПЫН, қасиетті асыл тегім!

Осымен аяқтаймын, «Әкем жырын»,
Еш жерде жазылмаған бұдан бұрын.
Болғанда қызым қайсар, ұлым өжет,
Береді қайрат-жігер АЗАТТЫҒЫМ!

Балаларым – байлығым

Түнімде жұлдыздайын жарқырайтын,
Күнімде алтындайын жалтылдайтын.
Еңбекқор болып өсті ұл-қыздарым,
Көп елеп, есті сөзін ел тыңдайтын.

Керекте кеңесемін,келісемін,
Әр істің осал әрі кеміс жерін.
Білгенге жаңа ғасыр адамы олар,
Тез ойлап, тез шешетін істің көбін.

Аз күнге келсе де Адам дүниеге,
Бар-жоққа үйренеді үңілуге.
Жетеді оның, ақыл парасаты,
Сырынан жалған тірлік түңілуге.

Адалдық, сынық мінез,ибалылық,
Өсірер мейірімділік иманды ғып?
Осынша қасиеттер бойда болса,
Кісіні жібермей ме етіп ұлық?!

Жетеді батырлығы,батылдығы,
Игеруге үлкен іс,ауқымдыны.
Білімді,білгірліге тәнті етсе,
Танытар шешендігі ақылдыны.

Намысым,балаларым ұят – арым,
Арқа сүйер ерлерім,қуат – әлім!
Сәл ауырсам,ем іздеп шарқ ұратын,
Кірбің салмай қабаққа қуантарым!

Бергені үшін оларды бақыт, бақ қып,
Ұмытып кәрілікті қанат қақтық!
Аллама миллион шүкір, миллион тәубе,
Шыққанша ризамын демім ақтық.

Ұялтып, жан ауыртып кейітпеді,
Ойынға құмарпаздық елікпеді.
Наша тұрмақ, кәдімгі ащы суды,
Татпады, ұрттамады көріп тегі!

Барым да осы байлығым балаларым,
Айтарым мақтаныш қып қалаулы әнім!
Тілеймін Отанының іргесіне,
Кірпіш боп әрқайсысы қаланғанын.

Ізім ол артымдағы перзенттерім,
Ол менің қайта туып ержеткенім.
Намысты жан болса екен деп тілеймін
Өмірдің басқанында әр өткелін.

Қарымды қалам иесі Мемлекеттік сыйлықтың иегері
Күләш Ахметоваға

Елім десең емініп,
Көзіңнен нұрың төгіліп.
Сөзден сурет саласың,
Сан қиялға беріліп.

Сабырсыз сыр ашар деп,
Жоламайсың аса көп.
Сенімдісің ертеңге,
ҚАЗАҒЫМ алға басар деп.

Көрсетпес еш жат қылық,
Жастардан күтіп жақсылық

Намысты ұл мен қыздардан,
Болмас деп елде тапшылық.

«Өткен күннен алыс жоқ,
Келер күннен жақын жоқ».
Елім десе елжіремес,
Сақтасын ұлдан ақыл жоқ.

Деп жақұттай жарқырап,
Қарайсың оттай жалтылдап.
Қойғандай-ақ мәзсің сен,
Жан-жағыңды алтындап.

Күйіп-жанып жүресің,
Күннен ыстық жүрегің.
Тәңір сыйы дарыныңмен,
Саласың өмір суретін.

Өлеңнен өрнек өретін,
Қаһарманым,өрелім.
Шешіміндей әр істің,
Секілді біткен өлеңің.

Нілдей мөлдір тазасың,
Жүректі тербеп жазасың.
Әр сөзіңнің парқы бар,
Көңілдің алмас мазасын.

Жүзіңнен нұрлы шуақты,
Ізгілік есер қуатты.
Өнбойды шымырлатасың,
Жырыңмен салып Жұмақты.

Қарымды қалам,алтыным,
Шеберлігіңе тәнтімін.
Бастауы болып оң істің,
Қызықпен өтсін әр күнің.

Өмір теңшер Уақытты,
Еңбекпен таптың,тақытты.
Көктен түскен Алла нұры,
Етсін мәңгі бақытты.

* * *

Алла берген пайдаланып уақытты,
Күннен нұр ап, Айдан алып жақұтты.
Шөпшек сүйіп, неменені құшақтап,
Ей, Адамдар болыңдаршы бақытты.

* * *

Шындыққа өтірікті тықпаламай,
Өлшеп – пішіп айтарын айтса кісі.
Сырғымай әділдіктен, ықпаламай,
Адалдығын айтпайма жетсе күші.

* * *

Айла-шарғы қолданбаса,
Ақылсызды кім түзер?!
Қоғам болып қолға алмаса,
Адамзатты кім түзер?!

* * *

Қыз алдында жүні жігіт жығылы,
Отыруға бейімделсе жүгініп.
Ол ендеше, есіл ердің ездігі,
Қалмағаны намысының жұғыны.

* * *

Ісінде барқадыр жоқ кей азамат,
Итшілеп өтер күні өлмеген соң.
Таңды нұрға бөлейді ер-азамат,
Жетіліп, кемеліне келгеннен соң.

* * *

Өз намысын аяқасты таптаған,
Жүз грамды таңлайына тастаған.
Көрген кезде жүргендерді бас қатып,
Тәбет, шіркін, шаппай қалар асқа түк.

* * *

Қазіргі әлсіз мына қиқар заманда,
Сөз-сертінен айнымайтын табанда.
Аз болсада үлгі етер ел-жұртқа,
Өрелі ердің табылғаны жаман ба?!

* * *

Халық едік көзінен нұр шашатын,
Қабақ түйсе, қасынан Жау қашатын.
Ұл-қыздардан ұят кетіп қалған ба,
Жауласатын,болып алған сөз ұқпай.

* * *

Алла берген пайдаланып уақытты,
Білген жанға жүз жасаған бақытты.
Еңбегінің рәтін көріп ұрпағың,
Содан тапсын лағыл менен жақұтты!

* * *

«Тәубемен» көңілін бүтіндеп,
Іштей ғана күңкілдеп.
Отырар жуас Қазағым,
Шектен шықпай, үнсіз көп.

* * *

Секілді құрақ құрау мол қиыны,
Ұйқаспай әуре ететін әр қиығы.
Тігуі келіскенмен,түсі келмей,
Тірліктің тез шешілмес бар түйіні.

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support