- Advertisement -

Сынаққа сүрінбеген сұлу

105

- Advertisement -

«Әртіспісің деген…» деп әлдекімнің дауыс ырғағын, қимыл-қозғалысын айнытпай салатындарға риза кейіппен, сүйсініп, күліп жатамыз. Негізі, әртіске әлдекімнің әдетін айнытпай қайталап беру, біреу болып ойнау – аздық етеді. Ол өз кейіпкері болып өмір сүруі қажет. Сонда ғана «мөлт» етіп тамып түскен моншақтай мөп-мөлдір жандүниені талғампаз һәм қырағы көз өзі-ақ қалт жібермейді. «Осы адамның бейнесін тағы көрсем» деп жүрегіне сақтап алады. Сол айтқан сөздерді тыңдап, сол жасаған бейнелерді қайталап көре бергісі келеді. Кәдімгі ғашық жан іспетті соны ғана жан сарайы іздеп тұрады.

ҚР Мәдениет қайраткері, актерлік шеберлігінің ұстазы, режиссер, актриса Шолпан Айтибаева мөлтек сыр іспетті ерекше тұп-тұнық. Ол ойнаған сахналық көріністер жүрекке сіңіп, тамырыңды тұтып қалады. Тіпті оның рөл ойнап тұрғанын ұмытып кетесің. Ол өзін-өзі алып шығады. Оның жүрегі есігі құлыптанбайтын алып сарай сияқты – үнемі ашық. Қанша үңілсең де, мархабат.

Шолпанның балалық шағы үнді актері Митхун Чакраборти түскен фильмдер хит болған жылдармен тұспа-тұс келді. Сол уақыттан өзі ардақ тұтқан актерге еліктеп, соған ұқсауға, әртіс болуға талпынып өсті.

Ол жүрісіне даланы бағындырып, болмысынан көктемнің лебі ескендей әсер қалдырады. Үнінде даланың кеңдігі бар. Отырысы кең жайлау. Әп- сәтте тұла бойына қадір-қасиет дарып, қазақи құт қонғандай – ауылдың ақ жайлау бозбаласына айналып шыға келеді де, лезде әзиз ана болып, дана көздерімен шалғайға көзін тігіп, ақылдың кеніндей ақтарылып, күн көзіндей мейірленіп, нұрын тізе қалады. Бірде гүл болып ашылса, бірде шуақ болып шашылады. Бірде бұлт болып төгілсе, бірде мұң болып егіледі. Ол өз образында бірде бала, енді бірде дана болып сөз саптайды. Киелі сахнаны сиқырлы бұлақтың сыңғырындай үнімен баурап алған жанға сүйсінбей болмайды. Біз оны іздеп бардық. Таптық. Сөйлестік.

– Мен Сол түстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласында Сәбит Мұқанов драма театрында актриса болып қызмет атқардым. Асқар Тоқпанов атындағы қазақ драма театрының директоры, марқұм Болат Бекжановтың шақыртуымен осы өңірге табан тіредік. Бүгінгі таңда Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті мәдениет және өнер кафедрасының аға оқытушысы болып қызмет атқарып жүрмін. Кәсіби деңгейде 7 жастан 17 жасқа дейін және ересектер үшін актерлік шеберлікке үйретемін. Мақсатым – Тараздың мәдениетін көтеру, сонымен қатар кино түсіру. Карантиннің алдында негізі актерлік академия ашқан болатынбыз. Кейін пандемия кезінде жабылып қалды. Қазір қайтадан ашып отырмыз. Лабораторияда екі ай білім алған соң, шәкірттер «Диагноз» балалар театрында өнер көрсетеді. Бұл жерде актерлік шеберлік, вокал және сахна тілін үйретумен 3 педагог айналысып жүр. Одан бөлек, продюсер, смм маманы да еңбек етеді. Алдағы уақытта тағы 3 педагог алу жоспарда тұр. Жеңілдіктер қарастырылған. Қазіргі таңда халтура өте көп. Иә, маркетинг керек, бірақ, өнерді бизнеске айналдырудың қажеті жоқ, – дейді Шолпан Жолдыбайқызы.

Терезенің ар жағы мен бергі жағында да өмір бар. Бірақ екі түрлі. Шолпанның да өмірі екіге бөлінген. Бұрынғы және бүгінгі. Бұрынғы Шолпан – сұлулыққа жаны құмар, тәкаппар болатын. Ол шашын сәндеп, ернін бояп, алқызыл раушан гүліндей жайқалып жүргенді, өзгелердің өзіне сүйсіне қарағанын ұнататын. Жалғанды жалпағынан басып, қиын сәтте иілмейтін тік еді. Оның өмірі әп-сәтте өзгеріп кетті. Көлік апатына ұшырап, бір деммен аяулы ата-анасы мен құрсағын жарып шыққан қос періштесі ажалдың аузында кете барды. Бірақ Шолпан берілмеді. Ол қасқайып тұрып, қайсарлық танытты. Жеңілмеуді ғана ойлады. Күресті. Кеудесін дауыл мен бұрқасынға жалаңаш тосып тұрып, қарқ-қарқ күлді. Бала сүюді жоспарлады. Иә, бойына бала бітті. Бірақ, құрсаққа біткен құлындары құрсағында жатып- ақ мерт бола берді. Бірінен кейін бірі. Тағы бір кезекті үміт жылт етті. Бірақ дәрігерлер іште жатқан баланың әлдебір ақауы барын айтты. Сол сәт Шолпан – Құдайды есіне алды.

– Құдай менің желкемнен уыстап ұстап тұрғандай күй кештім. Менің ішімде жүрегі соғып тұрған бөбектің ауытқуы бар дегенде, мен Алладан мықты ешкімнің жоқтығын мойындадым. Мешітке қарай тұра жүгірдім. Жетеді осы құлағаным. Жетеді осы сүрінгенім. Мені ұмытпаған Алланы, мен қалай ғана ұмытып кеттім?! Қазір өмірдің алдында баяғы тәкаппар Шолпан емес, қарапайым ғана Алланың сүйген құлы тұр! Ал, құрсақтағы періштемді аман-есен босанып алдым. Құдай расында оны ерекше етіп жаратты! Ол ғажап бала болып дүние есігін ашты. Сенесіз бе, оның ешқандай ақауы жоқ! Қайта өмірге құлшынысы мол, ғажайып талантты бала болып өсіп келеді, – деді де қабырғаға сүйеніп:

Шеше,

Сен бақыттысың!

Жыламағын.

Жай түсіп жатқанда да құламадың.

Тәңіріңнен мен едім ғой сұрағаның,

Сондықтан жыламағын, жыламағын!

Бармын ғой,

Тірімін ғой,

Қасыңдамын, – деді күлімсіреп. Осы сәт көктен тамшылар құйылып кетті. Көктем келген екен ғой!

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support