- Advertisement -

Мәңгілік елдің мұрасы

362

- Advertisement -

Биыл әйгілі күйші, дала абызы – Ықылас Дүкенұлының туғанына 180 жыл толып отыр. Өзіне дейінгі бес ұрпақ бесігінен қобыз үнін тыңдап, асыл аманатқа айналдырған осы сара жолды Ықылас абыз дала төрінен дәуір тұғырына қондырған асқақ тұлға. Оның күй тіліндегі өсиеті ұлт ұрпағына мәңгілік ұмытылмайтын рухани бойтұмар.

Мың асау су немесе қарғып ақты,

Қарғып ақты, тау бұзды, жар құлатты.

Перне басқан саусақ па, құдірет-ау,

Тұяғы ма әлде мың арғымақтың?! – деп ақын Жұмекен Нәжімеденов айтпақшы, күретамырында күй ойнаған қазақ халқы үшін саздың сыры әу бастан рухтан ажырамас құдірет. Ықылас бабаның шығармашылығы жаһанға аты мәшһүр Моцарт пен Бетховеннен еш кем емес. «Біздің Ықылас бабамызға дейін бес ұрпақ қобызшы болған. Ал, Ықыластың еңбегі сол, ол қобыз өнерін, қобыз музыкасын, қобыз күйін жоғары деңгейдегі классикаға көтерген. Оның т а ланты ба ласы Түсіпбекке дарыған. Бізге күйлерін жеткізген – осы баласы. Біз Түсіпбектен тарап жатқан ұрпақпыз. Ол атамыздың Шырын деген қызы болатын. Сол кісінің немересіміз», дейді қазіргі таңда Атырауда тұрып жатқан ұрпағы Ақнар Шәріпбаева. Ақнар бүгінде баба жолын жалғастырып, ізбасар шәкірттер тәрбиелеп жүр. Ал, Шырын ананың қызы білім беру саласы мен журналистикада өзіндік қолтаңбасы бар әріптесіміз Гүлнар Есмаханова таяуда баба қобызының көшірмесін Алматыдағы Ықылас Дүкенұлы атындағы музейге тапсырып келді.

– Бүкіл түркі әлемінің абызы саналған Қорқыт бабамыздан мың жылдан кейін шыққан Ықылас бабамыз бақсылық қобызды классикалық қобызға көтерді. Біздің үлкен әулетте бес ұрпақ қобыз тартқан. Ықылас баба сол әулеттің бесінші ұрпағы. Бабамыздың Түсіпбек, Ақынбай, Дүйсебай деген үш ұлы болған. Түсіпбектен 1924 жылы менің анам – Шырын дүниеге келді.

1993 жылы ЮНЕСКО-ның қолдауымен халықаралық дәрежеде Ықылас бабамыздың 150 жылдығы аталып өтті. Ең соңғы рет 2008 жыл сол кездегі аймақ басшысы Бөрібай Жексембиннің тұсында ұйымдастырылды. Сол жылы 8 қазанда Таразда Ықылас бабаның ескерткіші бой көтерді. Республикалық «Жезкиік» конкурсы да сол жылы бастау алды. Көзі тірісінде Түсіпбек атамыз кәмпескеленіп бара жатып, туған інісі Ақынбайға Ықылас баба қобызын «дүние- мүлік құрыса да осы жоғалмасын» деп аманаттап кеткен екен. Осы қобыздың көшірмесін таяуда Алматыдағы музейге арнайы табыстап қайттық. 2008 жылы «Ықылас – ұлы сазгер, қобызшы» деген кітабым жарыққа шыққан еді. Жинақ қазіргі таңда музыкалық мектептерде көп пайдаланылады. Биыл Ықылас баба туралы екінші кітабымды әзірлеп қойдым. Оған қоса 11 ақпаннан бастап жылдың соңына дейін «Ықыластың мәңгілік үні» атты отандық қобызшылар эстафетасы бастау алды. Сонымен қатар, биыл қыркүйек-қазан айларында Сарысуда Ықылас бабаға арналған республикалық байқау өтеді деп жоспарланып отыр. Осы тұста бір айта кетерлігі, 2018 жылы Таразда баба ескерткішінің қасындағы мәдениет үйіне Ықылас Дүкенұлының аты берілді. Өкініштісі, ғимараттың маңдайшасында әлі күнге кеңестік кезеңнің гербі тұр, ал ішінде Асанәлі Әшімовтің орталығы орналасқан. Алдағы уақытта бабамыздың атындағы мәдениет үйінде рухани үйлесім болса деймін. Сонымен қатар, биылғы 180 жылдықтың аясында өңір мектептерінде Ықылас Дүкенұлына арналып тәрбие сабақтары ұйымдастырылса, – дейді әйгілі қобызшының ұрпағы Гүлнар Есмаханова.

Қазіргі таңда Ықылас бабаның саз сарынын ұрпақ сабақтастығымен жалғастырып жүрген қобызшылар да аз емес. Солардың бірі – Гүлназ Шабанбаева. 1978 жылдан қобызды жанына серік еткен ол Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінде жастарға сабақ беруде.

–1978 жылы Алматыдағы республикалық музыка мектебіне қылқобыз аспабына түсіп, оны 1984 жылы бітіріп, сол жылы Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияда оқуымды жалғастырдым. 1988 жылдан «Отырар сазы» оркестрінде Нұрғиса Тілендиевтің қарамағында істедім, сол кездері Қазақстанның бүкіл облыстарына және Ташкент, Киев, Стамбул, Анкараға дейін барып, Ықылас бабаның күйлерін көпшілікке жеткіздік. Ол уақытта Таразда мәдени училище бар еді. 1991 жылы Таразға келіп, алғаш рет қобыз сыныбын аштым. Қазіргі таңда да қобыз үйренгісі келетін жастар көп. Киелі өнер кенжелеп қалмас үшін бар білгенімізбен бөлісіп келеміз. Қазір өзімнің шәкірттерім де республикалық үлкен байқауларда жеңіске жетіп жүр. Ықылас бабаның күйлері ешқашан өлмейтін мұра. Алдағы уақытта баба шығармашылығына арналған шаралар тек аудандарда ғана шағын аудиторияларда емес, тұрақты түрде кең көлемде аталса деймін. Әрине, қобыз әркімге бірдей бұйырмайтын бақ. Бірақ жастардың арасында осы киелі құндылығымыздың қадіріне жететін аманатқа адал жастар шығады деген сенімдемін. Сол үшін музыка сабақтарына сағат көбірек бөлінсе нұр үстіне нұр болар еді, – дейді Гүлназ Талғарқызы.

Сол секілді республикалық «Жезкиік» байқауының Гран-при иегері Рауан Әбілхас та қазіргі таңда К.Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның ұлт- аспаптар оркестрінде еңбек етуде. «Қобыз ұстайтын жастарға қолдау қажет, сол арқылы баба мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса береді», дейді Рауан.

Расында, халықтың мұңымен дәуірдің үнін, заманалардың шері мен ұлысымыздың шежіресін тереңнен ұштастырып, шедеврге айналдырған, құдіретті күй кеңістігіне құбылыс болып келген Ықылас бабаның ізін басқан ұрпаққа рухани қолдау болса, олардың шығармашылығын шыңдауға жағдай жасалса, соның өзі асқақ өнерге деген айрықша құрмет болары анық.

 

 Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support