- Advertisement -

Ұлттық Банктің Жамбыл филиалы: оның негізгі қызметі мен міндеттері

126

- Advertisement -

Қазақстан Республикасының банк жүйесi екi деңгейден тұрады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi біздің мемлекетіміздің орталық банкі болып табылады және банк жүйесiнiң жоғары (бiрiншi) деңгейiн бiлдiредi. Қазақстан Республикасындағы өзге банктердiң бәрі банк жүйесiнiң төменгi (екiншi) деңгейiне жатады және акционерлiк қоғамдар нысанында құрылған коммерциялық ұйымдар болып табылады. Ұлттық Банктiң мiндеттерi, қызмет қағидаттары, құқықтық мәртебесi және өкiлеттiгi 1995 жылғы 30 наурыздағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен белгіленген.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттiк басқару жүйесiн одан әрi жетiлдiру туралы» Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2019 жылғы 11 қарашадағы №203 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi одан Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігін (бұдан әрі – ҚРА) бөліп шығару жолымен қайта ұйымдастырылды. Республика азаматтары осы екі мемлекеттік мекеменің құзыреттерін ажырата білулері керек.

Жамбыл облысында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің атынан, оның филиалы өкілдік етеді.

Филиалға Ұлттық Банктің мемлекеттің ақша-кредит саясатын жүргізуіне, Ұлттық Банктің валюталық реттеуді және валюталық бақылауды жүзеге асыруына қатысу, қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге жәрдемдесу, қаржы нарығының статистикасы және сыртқы сектор статистикасы саласындағы Ұлттық Банктің статистикалық қызметіне қатысу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес өзге міндеттер жүктелген. Филиалдың, оған жүктелген міндеттер мен қызметтерді табысты орындауы, облыстың қаржы жүйесінің тұрақтылығы мен орнықтылығын қамтамасыз етудегі ең маңызды факторлардың бірі болып табылады.

Баға тұрақтылығын қамтамасыз ету – ақша-кредит саясатының басты мақсаты. Аталған мақсатты орындау үшін филиал облыста бірінші қажеттіліктегі тауарлар мен әлеуметтік маңызы бар қызметтерге баға мониторингін жүзеге асырады, аймақтағы инфляция деңгейіне әсер ететін негізгі факторларға талдау жүргізеді, экономиканың нақты секторы кәсіпорындарының мониторингін жүргізеді, ақша массасын реттеуге қатысады, облыстағы экономикалық ахуалға, қаржы нарығына, ақша айналымының жай-күйіне талдау жүргізеді.

Сыртқы экономикалық қызметтің қатысушыларынан алынатын есептіліктің негізінде сыртқы сектор статистикасы құрастырылады. Сонымен қатар, ҚРА бөлінгеннен кейін микроқаржылық және коллекторлық ұйымдар ұсынатын есептілікті жинау функиялары филиалда қалды.

Филиал валюталық заңнаманың сақталуына және шетелден валюталық қаражаттың қайтарылуына (валютаның репатриациясына), ақша төлемдері мен аударымдары туралы заңнаманың сақталуына бақылау жүргізеді. Қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын реттеу саласында уәкілетті ұйымдарға шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруға арналған лицензияны беруге, қолданылуын тоқтатуға және айыруға, уәкілетті ұйымдардың айырбастау пункттерінің біліктілік талаптарына сәйкес келуін тексеруге, уәкілетті банктің айырбастау пункті қызметінің басталуы немесе тоқтатылуы туралы хабарламаларды қабылдауға өкілеттік берілген. Экспорттық-импорттық валюталық бақылау саласында филиал шетел банкінде қызмет көрсетілетін экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шарттарды есептік тіркеуді жүзеге асырады.

Өзінің бақылау міндеттерін атқару және бұзушылықтарды анықтау үшін филиал тексерулер жүргізеді және де бақылау мен қадағалаудың өзге де нысандарын жүзеге асырады.

Заңнамада көзделген жағдайларда филиал бұзушыларға қатысты ықпал ету шараларын және санкциялар қолдануға, әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамалар жасауға және Ұлттық Банк берген өкілеттіктерге сәйкес әкімшілік өндірісті жүзеге асыруға құқылы.

Филиалдың функциясының бірі облыстағы қолма-қол ақша айналымын реттеу болып табылады, сол үшін филиал банкноттар мен монеталардың эмиссиясын жүзеге асырады, яғни екінші деңгейдегі банктер арқылы қолма-қол ақша беруді және қабылдауды жүзеге асырады.

Бірақ филиалдың мүдделі тұлғаларға қатысты қызметтері банктермен және уәкілетті ұйымдармен жүргізілетін жұмыстармен ғана шектелмейді. Қажет болған жағдайда кез келген тұлға валютаның ресми бағамы, сондай-ақ қайта қаржыландыру мөлшерлемесі туралы ақпарат сұрауға мүмкіндігі бар. Кез келген тұлға филиалда Ұлттық Банк шығаратын монеталық және басқа да банк өнімін (сонымен қатар жоғары сынамды алтыннан және күмістен жасалған) сатып ала алады.

Сондай-ақ, белгіленген тәртіпте заңды және жеке тұлғалардан инвестициялық және коллекциялық монеталарды сатып алуды жүзеге асырады. Ал, ұлттық валютаның жай банкноттары мен монеталары туралы айтатын болсақ, филиал жеке тұлғалардан тозған, ақаулы және айналыстан алынған банкноттар мен монеталарды қабылдауды және оларды айырбастауды, сондай-ақ банкноттардың орнына айырбастау монеталарын беруді шектеусіз жүзеге асырады.

ҚР Ұлттық Банкінің Жамбыл филиалы Филиал туралы ережеде және ҚР Ұлттық Банкінің нормативтік актілерінде көзделген басқа да қызметтерді атқарады. ҚР Ұлттық Банкі Жамбыл филиалының орналасқан жері – Тараз қаласы, Қазыбек би көшесі, 137 үй.

 

Жұлдыз ҮМБЕТӘЛИЕВ,

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі

Жамбыл филиалының бас маман – заң кеңесшісі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support