Әлеумет

Жалғыздық

Жалғыздық

Қазақ «Жалғыздық Құдайға ғана жарасады» дейді. Бұл, сірә, рас та болар. Халық нені айтса да тауып, мірдің оғындай етіп шегелеп айтады емес пе? Оның атадан балаға мирас болып келе жатқан әр сөзіне мән беріп, философиялық мағынасын ойласаң, көп нәрсені ұғасың, санаң серги түседі. Бабалар сөзі – даналар сөзі.

Жалғыздық. Осы бір сөз маңында ой түйіп көрелікші. «Жалғыз ағаш – орман емес». «Жалғыз ағаш», «жалғыз төбе», «жалғыз үй», «жалғыз бала», «жалғызбасты әйел...» осындай сөз тіркестері халық арасында ұшырасып отырады. «Жалғыздық» деген сөздің өзі адамның мысын басып, көңілін құлазытып, мұңға бөлейді. Жалғыздық! Ол не? Ол адамға ғана тән сезім бе? Одан қалай құтылу керек? Көптің ішінде, көпшіл ортада, нөпір халық ішінде жүрсең де кейде көңілің құлазып, жалғыздықты сезінетін сәттерің болады емес пе? Иә, сен қаумалаған көптің ортасындасың, көптің ішіндесің, бірақ жалғызсың, ойың – жалғыз, жаның – жалғыз, жүрегің – жалғыз. Осындай сәтте көңілді мұң басуы да заңдылық. Біле білсек, ол табиғи нәрсе. Ер жігітте де, әйелде де жасына қарамай жалғыздық сезімі байқала береді. Жастықтың жылт еткен жеңіл, уақытша бу-сезіміне беріліп, болашағын болжамай асығыстықпен үйленіп, қиял- көңілдегі арман-үміті орындалмай, өмірде кездескен қиындықтарға морт сынып, көңілдері жабырқау тартып, тағдырдың жазғанына жүрегі жараланып, аралары суып, бір-біріне деген ынтық, ыстық сезім көмескіленіп, көңілдері құлазып, жалғыздық қапасына, қамалына түсетіндер мына дел-сал тәкаппар дүниеде аз ба екен?.. Бір нәрсеге бір нәрсе себеп болып, кейін ойласаң, тіпті ештеңеге тұрмайтын бір сөзге, немесе бір қылыққа бола жүз шайысып, жүрекке дақ, мөлдір таза сезімге сызат түсіп, кеше ғана бірінсіз бірі тұра алмайтын екі жастың аралары алшақтап, жүрек жылуы суып кететіні несі екен? Кезгенде бұлақ-қырды, Көңілде сұрақ тұрды. Күзбенен жаңбырлы кеш, Қосылып жылап тұрды. Еркелеп, күлімдеген, «Жайнаған гүлім» деп ең, Екеуміз қоштасарда, Саусағың дірілдеген. Бұл ақын Қасымхан Бегмановтың сазгер Арман Бексұлтанның «Ол көктем оралмайды» деген әніне жазған мәтіні. Әннің мәтінінде әр жас адамға тән ерекше қымбат, қимас, үлбіреген ерке сезім ұялап тұр. Қоштасу – кімге болмасын ауыр, орны толмайтын сағыныш. Балалықпен қоштасу, махаббатпен қоштасу кімге болса да ауыр. – Мен де студенттік кезде бал-бұл жанып бір сымбатты, ойлы, бойлы жігітке ғашық болдым. Оны шын жүрегіммен сүйіп, екеуміздің болашақ өмірімізді көз алдыма елестетіп, онсыз, тіпті, өмір болмайтындай көрінетін. Бірақ, өмірде не болмайды, неге кездеспейсің? Бірде оның бір тірлігіне қатты ренжідім. Өкпелеп, онымен кездесуден бас тарттым. Бір-екі рет алдыма келіп кешірім сұрады. Мен одан сайын қасарысып, бірбеткейлігіме салып, алған бетімнен қайтпай қойдым. Содан ол біраз жүрді де маған таныс бір қызбен көңілдері жарасып, жүректері табысып, көп ұзамай үйленіп алды. Қазір олар еліміздің солтүстік аймағында – Қостанайда тұрады. Менің әлгі таныс жігітім бақытты отбасы, бала-шаға өсіріп, қызметінде сый-абыройға бөленіп жүрген жайы бар. Ал, мен болсам, өзің білетіндей, содан ешкімге қосылмай, отбасын құрмай, жалғыздықтың ащы дәмін бір кісідей татып келемін. Тіпті, шындығымды айтсам, мен сияқты бұл дүниеде өзінің әйел екенін сезінбей өту – қасірет екенін ұғынған жөн болар. Әлгі жігіт, қазір ел ағасы жасына таяп қалды, жолы түсіп Алматыға келе қалса ескі таныс, дос ретінде хабарласып тұрады. Бірақ, екеуміздің арамызда болған сол бір кішкене түсініспеушілікті, ренжісуді ешқашан есіме салмайды. Онысына рақмет, сірә, менің жүрегімді жаралағысы келмейтін болу керек... – деп еді бірде, белді мекемеде әжептәуір қызмет істейтін таныс жекебасты әйел. Ұлтты өсіретін де, өшіретін де – әйел екенін білеміз. Өкінішке қарай, соңғы жылдарда елімізде тұрмыс құрмаған жалғызбасты қыздар саны көбеймесе, азаяр емес. Олардың көпшілігі жоғары оқу орнын бітірген, білімді, тұрақты жұмысы бар, кейбірі қызмет қуып (карьера) жүрген кербездер. Көпшіліктің пікірінше, олар алдына қойған мақсаттарын орындаймын (білім алу, қызметке тұру, материалдық жағдайын түзету) деп жүргенде уақыттары өтіп, 30- 35 жасқа келіп қалғандарын да байқамай қалады. Жан-жағына енді байқап қараса отбасын құруға таңдап алар жар жоқ. Өздері қатарлар баяғыда-ақ отау тігіп, сәбилерін жетелеп жүр. Сөйтіп, ол бойжеткеніміз, аяулы жар атанып, бала сүю секілді өмірдің бір ғанибет дүниесінен шет қалады. Ал, базбіреулер жалғыз қалып, ішкі сезімін көпшілікке білдіргісі келмей қанша тырысса да, кейде өзін құлазыған күйде сезінеді. Қыздардың отырып қалу мәселесін зерттейтін социологтарымыз бұл айтылған әлеуметтік проблемалар төңірегінде басты шешімге келе алмай, қазіргі уақытта қоғамда белең алған дағдарыс секілді шым-шытырық ой үстінде жүр. Шынында да бұл мәселе адамзатты бейжай қалдырмайтын, көпшілікті толғандыратын, бүгінге дейін шешімін таппай ширатылған күрделі әлеуметтік процесс. Ел болып ақыл қосып, пікір бөліскеніміз де жөн болар. Иә, көңіл шіркін шарықтап, қиялға ерік беріп, сол бір кездеспей жүрген асыл бейнені үмітпен күтетіні, жүрегің теңіз айдында қалықтаған шағаладай шарқ ұрып, сарыла іздейтіні бар. Тапсаң – жақсы. Ал, табылмаса, кездеспесе ше?!. Шерхан Мұртаза айтқандай, «Бір кем дүние!». Қазақ қыздары, көпшіліктің ұғым- түсінігінше, хас сұлу, тәкаппар және кейде аз-кем мұңдылау болып келеді. Олардың жандүниесін терең ұғып, сезімін құрметтейтін, ардақтайтын, аялайтын жігіт табылса жақсы, ал табылмаса ше? Олай болса әлгі бойжеткен өмір бойы жалғыздықтың қасіретіне оранып қала бермек пе? Бұл күрделі, өте күрделі жұмбақ дүние... Бірде біздің ауруханада қызмет істейтін таныс медбике мынадай сырын айтты: – Кеше құдалықтан келдік. Облыс орталығындағы университеттің биология факультетін жақсы бітіріп, қолына диплом алған қайынсіңлімді сонау Мойынқұм ауданының тым шалғай шағын ауылының бір жігіті алып қашып кетіпті. Әлгі күйеу баламыз бір үйдің жалғыз баласы, орта білімінен артық еш білімі жоқ. Ауылда машина-трактор жүргізуші екен. Қайынсіңлімді бір-ақ рет қалада көріпті де, достарымен алып қашып кетіпті. Қайынсіңлім ағыл-тегіл болып, зар жылап отыр. Ол ауылда мектеп жоқ, бұл дегеніңіз – оған қызмет жоқ деген сөз. Баланың әке-шешесі болса: «Келінімізге жұмыс істетпейміз, оған әуре болмаңдар. Осы жасқа дейін баламызды бақтық, өсірдік, енді келін екеуі бізді бағып-қақсын. Соның өзі келін үшін жетіп артылады... Мұғалімдігі бізге керек емес, үйге қарасын, бала тапсын...», – деп қызымызды тырп еткізбей «кісендеп» отыр. Күйеу бала болса ата-анасының сөзінен шықпайды. Сөйтіп, әлгі қайынсіңлім жылағанда көз жасы етегіне толып отыр. Қинала жүріп алған жоғары білімін пайдаланбаса не үшін көз майын тауысып төрт жыл бойы оқыды? Тым обал болды. Шынымда айтсам, дәл мына жағдайда не ақыл айтарымызды білмей дал болдық. Тағдырға қарсыласып не істейміз? Не амал бар, аға?! Шешімі қандай? Көпті көрген, көңіліңіз ояу азаматсыз ғой. Өзіңізбен ақылдасуға келдім, – деп ойлы көздерімен зер сала маған қарады. Ойламаған жерден қиын сұраққа тап болып, бірден нақ ақыл айтудан мен тайсақтай бердім. Біле білгенге біреудің тағдырына араласудың өзі үлкен жауапкершілік артпай ма адамға. Дұрыс, оң жол көрсетсең жақсы, ал, егер олай болмай жатса не істерсің? Адам тағдыры ойыншық емес, ол тым күрделі де шиыршықталған қиын дүние. Әр жіберген қателігің, кешірімсіз болып, өкінішке соқтыруы мүмкін. – Жас болдық, тәкаппарлыққа бой алдырып, өміріміздің болашағына қиялымыздағыдай серік іздеп, яғни кейбіреулер айтқандай, ақ боз атты ханзаданы күтіп жүргенде сынаптай сырғығын уақыттың қалай өткенін байқамай да қалыппыз. Оны түсінген кезде кеш болып қалды. «Адам өз бақыты үшін күресу керек» десек те, барлығы өмірде ойыңдағыдай бола бермейтінін мойындағанымыз жөн. Қазір кейде тойға немесе кешкі отырыстарға барғанда жұптары жарасып, көңілді отырған ерлі-зайыптыларды көргенде ішкі дүниең астаң-кестең болып, оларға сыртынан қызыға қарайсың, санаңа тәтті ойлар келеді. Жалғыздықты сезінуден өткен ауыр азаптың жоқ екенін жалғызбастылыр ғана түсінеді. Жасандылықпен кейде жалғыздығыңды басқаларға білдіргің келмейді, –дейді бойжеткен бір танысым. Білмеймін, кімнің жазғанын, бірақ менің ойыма сол сәтте «У человека бывают минуты, когда глаза смеются, а в сердце полно слезь» деген сөздер келді. Ондай сәттерді, шындыққа келсек, несін жасырамыз, сіз де, мен де бастарымыздан өткергенбіз. Сондықтан да болар ақындардың басқаларға түсініксіз күйде болып, езіле, егіле, таусыла жыр жазатындары. Жас ақын Руслан Ысқақ «Жалғыздық» деген жырын мынадай жолдармен аяқтайды: «Жол салғандай жүрегіме мәңгілік, Жалғыз Алла жаратпаған жалғыз ғып. Жұп- жұбымызбен ғұмыр кешіп жалғанда, Жер бетінен жойылса екен жалғыздық». Иә, жалғыздық аз болса екен мына жарық, беймаза дүниеде! Өркениеттің даму заңдылығына сәйкес адамның мінезі мен өмірге көзқарасы өзгертетінін мойындауымыз керек. Уақыт адамды өз айдауына көндіреді. Батысқа еліктеп, көптеген дамыған елдердегідей біздің де қыз балаларымыз, ұлдарымыз дер кезінде үйленбеуді әдетке айналдырып барады. Олардың ойы: біріншіден, оқуды бітіріп, қызметке орналасайын, екіншіден, жағдайымды жасап, пәтерге ие болайын, содан кейін үйленейін (тұрмыс құрайын). Сөйтіп жұмысбастылыққа салынып, қызмет, яки карьера қуып жүргенде біраз жылдардың қалай қас-қағым уақытта, ұршықтай зырылдап өте шыққанын байқамай да қалады. Айтылған сөз, атылған оқ, өткен күн – кері оралмайды. Өтті – кетті. Өтіп кеткен жылдарды шегіндіру, артқа айналдыру мүмкін емес. Олармен бірге жалындаған, арманға толы жастығың да өте шығады. Ал, адам тағдыры, адам өмірі – санаулы. Ғұмыр тым қысқа, тіпті, кейде есікті ашып жапқандай-ақ қас-қағым сәтте өте шығады. «Не іздейсің, көңілім, не іздейсің?» деп Абай бабамыз айтқандай, көңіл әйтеуір біреуді тынымсыз, үзбей іздеумен болады. Тәйірі, адам бақытын басына қонғанда емес, ұшқанда бірақ білетіні рас-ау. Сондықтан, зады, өзіміздің өмірге деген көзқарасымызды саралап, қолдан келгенше, құдіретіміз жетсе өзгерткен де артық болмас... «Пай, пай, Өмір! Өтесің- ау бір күні. Тыясың-ау қуанышты, күлкіні. Өмір деген – бір жарқ еткен найзағай, Өмір деген – көк аспанның күркірі. Пай, пай, Өмір! Өтесің-ау бір күні», – деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев күрсіне жырлағандай өмір таңғажайып дүние, сырлы, жұмбақ, қайталанбас әлем. Бірақ, әттең, тым шолақ-ау, шолақ. «Өмір – теңіз, Өтіп кетем демеңіз, Ізгіліктен жаралмаса кемеңіз» дейді шығыстың ақыны Рудаки. Шынында, кімге болмасын өмір өткелі жеңіл емес. Одан қиналмай, тіпті, сүрінбей өту әркімге арман, тәтті қиял, бұлдыр сағым... Кей сәттерде жалғыздық туралы ойласам, бүкіл бойымды үрей билеп, көңілім әлем-жәлем болып, біртүрлі түсініксіз беймаза күйге түсетінім бар. Неге олай? Мен үшін жұмбақ дүние...  

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Тараз қаласы