Ел бағына туған Ер
Ел бағына туған Ер
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев еліміз тәуелсіздігін алғалы мемлекетімізді абыроймен басқарып келеді. Небәрі 23 жылдың шеңберінде Елбасымыз өсу мен өркендеудің жолында кездескен талай қиындықтарды ескере отырып, Қазақстанды әлемдік аренаға шығарды. Қазақстан – бүгін іргесі берік, ынтымағы жарасқан, экономикасы қуатты, саяси жүйесі сараланған, өз жолын, өз болашағын айқындаған, әлемдік қауымдастық алдындағы беделі биік мемлекет. Сан түрлі тарихтың тағдырлы соқпағынан өткен еліміз 1991 жылы тәуелсіздігін алды. Қазақстан әлемдік өркениет көшіне ілесті. Осы ұлы көшті Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев бастады. Тәуелсіз елдің тізгінін алмағайып, қиын кезеңде ұстаған Елбасы тарихтың бұл сынынан елді абыроймен алып шығып, 23 жылдың ішінде алдыңғы қатарлы елдердің қатарына қосқанын теңдессіз ерлікке балауға болады. Еліміздегі барлық сала жылдан-жылға қарыштап дамып, қазақстандықтардың әл-ауқаты еселеп өсіп келеді. Мемлекет басшысының Астананы Арқа төріне көшіруін данышпандыққа да, қаһармандыққа да жатқызуға болады. Қиын-қыстау кезеңде талай тәуекелге барған Елбасы өз халқына сеніп, арқа сүйеді. Президентті қолтығынан демеген де, қолдаған да – өзінің туған халқы. Алаштың айбыны болған қазақ хандарының мақсатын, ғасырлар бойы бодандықта болған ұлтымыздың арманын жүзеге асырып, мемлекетіміздің негізін қалап, көсегесін көгертіп, дүние жүзіне мойындатты. Халқым деп тебіреніп, елім деп еміреніп, не көрсе де көппен бірге көріп келеді. Сонымен бірге Президентіміз талантты жастардың «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдерде оқуына жол ашты. «Мәдени мұра», «Жасыл ел» бағдарламаларын жүзеге асыра бастады. Осының бәрі Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың арқасында келген абырой. «Бүгінде әлем бес, әрі кеткенде алты ықпалды саясаткерді біледі, Н.Ә.Назарбаев солардың арасында», деп сақа саясаткер Маргарет Тэтчер тегін айтты дейсіз бе?! Еуразия кіндігінде ұлт пен ұлысты сүттей ұйытып, келісім мен жарасымның үлгісін көрсетіп отырған Президент Н. Назарбаев – мемлекетімізді орнатып, оны қалыптастырып, экономикасын реформалап, елін әлемге танытқан дарынды тұлға. Қазақ елінің тәуелсіздік алғалы бергі жетістіктерінің барлығы осы ерен тұлғаның атымен байланысты. Осы жылдары тәуелсіз елдің рәміздері, Конституциясы қабылданып, құқық қорғау мен сот саласындағы реформалар жүзеге асты. Республикамыз құқықтық мемлекетке айналды. Тұңғыш Президентіміз «Ұлт Көшбасшысы» деген мәртебелі атқа ие болды. Биыл үшінші рет Тұңғыш Президент күні мерекесін атап өтеміз. Бұл еліміздің жарқын болашағының іргетасын қалыптастырған тұлғаға лайықты құрмет. Парижде өткен ЭКСПО Халықаралық көрмелер бюросы Бас ассамблеясының 152-сессиясында «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі Астана қаласында өтетін болып шешіліп, Қазақстанның осы шараны өткізу құзырын жеңіп алуы еліміздің әлем алдындағы абыройын тағы бір аспандатты. Бұл – Елбасының тағы бір жеңісі. Қазақстан халқы өздерінің тағдырына тәуелсіздікті баянды ету жолындағы қызығы мен қиындығы мол алмағайып заманда әлемдік ауқымда ойлайтын, бүгінгі күннің тамырын дәл басып, ертеңгі күнді ондаған жылдар бұрын бағамдай білетін Нұрсұлтан Назарбаевтай дана Мемлекет басшысының тап келгеніне қуанамыз. Сондықтан да 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні – бүкілхалықтық мереке. Тараз қаласы.