- Advertisement -

Сайлауға дайындық талапқа сай ма?

103

- Advertisement -

Өткен сенбіде Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман Жамбыл облысының аумақтық сайлау комиссиясына инспекциялық сапармен келді. Сапар барысында орталық сайлау комиссиясының мүшелері 19 наурызға тағайындалған Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу мәселелері бойынша жергілікті жерлерде көшпелі семинар-кеңестер өткізді. Іс-шараларға жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, прокуратура қызметкерлері, аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері, халықаралық байқаушылар, кандидаттардың сайлауалды штабтары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман өз сөзінде инспекциялық сапардың негізгі мақсаты – сайлау заңнамасының жаңалықтарын түсіндіру, сайлау комиссияларының мүшелеріне әдістемелік көмек көрсету, сондай-ақ алдағы сайлауға дайындық бойынша атқарылған жұмыстар туралы өңірлердің есептерін тыңдау болып табылатынын атап өтті.

Өз кезегінде облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Серік Құрманбеков өңірде сайлауды ұйымдастыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті. Баяндамашының айтуынша, сайлауға дайындық жұмыстары жоспарлы жүруде.

25 ақпандағы соңғы конвертация бойынша облыста сайлаушылар саны 717 090 адамды құрап, сайлаушылар тізімі учаскелік сайлау комиссияларына қағаз түрінде, аумақтық және округтік сайлау комиссияларына электрондық түрде актімен өткізілді.

Барлық кандидаттарға үгіттік баспа материалдарын орналастыру үшін белгіленген 308 орын 18 ақпанға дейін толық жарақтандырылды. Бүгінгі күні үгіт тақтайшаларына 8,9 мың баспа материалы орналасқан.

Кандидаттар үшін ұсынылған 356 (346 билборд, 10 ЛЭД экран, оның ішінде алтын – 130, күміс – 115, қола – 101) сыртқы көрнекі ақпарат конструкцияларына 223 ақпарат құралы ілінді (62,6 пайыз пайдаланылуда).

Сонымен қатар, 242 үй-жайда кандидаттардың сайлаушыларменкездесуініңкестелері бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды.

Сайлаушыларды тіркеуді растау жөнінде 260 онлайн-сервис (Таразда – 113, аудандарда – 147) және облыс орталығында тұрақты немесе уақытша тіркеуде жоқ азаматтардың дауыс беруін ұйымдастыру үшін 7 сервистің жұмысы ұйымдастырылады.

Сондай-ақ, семинар-кеңесте облыс прокурорының бірінші орынбасары Нұрбек Ұласбекұлы сөйлеп, сайлау науқанының барлық кезеңдерінде заңдылықтың сақталуын жоғары қадағалауды қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс туралы баяндады. Облыс прокуратурасы бірқатар ұйымдастырушылық іс-шараларды айқындады.

Атап айтқанда, облыста сайлау заңдылығын қамтамасыз ету бойынша штаб, аудандарда жұмыс топтары құрылды. Мүдделі органдармен (жергілікті атқарушы органдар, ҰҚК департаменті, полиция департаменті, сот және облыстық сайлау комиссиясы) өзара іс-қимыл ұйымдастырылды.

«19 наурызға тағайындалған сайлаудың қоғамға және бүкіл ел үшін ерекше маңыздылығы мен өзектілігін ескере отырып, оны өткізу барысында барлық сайлау науқанына қатысушылар заңдарда белгіленген талаптарды мүлтіксіз сақтауы тиіс. Бұзушылықтың әрбір фактісі бойынша прокуратура органдары заңда көзделген барлық құқықтық шараларды қабылдайтын болады», – деді Н.Ұласбекұлы.

Сайлау науқаны және дауыс беру күні құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелері бойынша облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция басқармасы бастығының орынбасары Ержан Мананбаев хабарлама жасады.

Сайлау науқаны барысында және дауыс беру күні мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету мәселелерін облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов баяндады. Еркін Егембердіұлының мәліметі бойынша, бүгінгі күнге облыста 45388 мүгедектігі бар адам тіркелген.

Бұл облыс халқының жалпы санына шаққанда 3,7 пайызды құрайды. Оның ішінде кресло-арбаларды пайдаланатындар – 1182 адам (339 сайлау учаскесінде), көру қабілетінен толық айырылғандар – 779 (273 сайлау учаскесінде), есту қабілетінен толық айырылғандар – 530 адам (222 сайлау учаскесінде).

Сайлау күні сайлау учаскелеріне 27 сурдоаудармашы онлайн режимде тартылады. Сонымен қатар, дауыс беру күні 32 елді мекенде 28 инватакси (Таразда – 12, аудандарда – 16) автокөлігінің қызметін ұйымдастыру жоспарланған.

Сондай-ақ, облыстық сайлау комиссиясымен бірлесе мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету мәселелерімен айналысатын үкіметтік емес қоғамдық бірлестіктердің өкілдерімен оқыту семинары өткізілген.

Келелі басқосуда 19 наурызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралар туралы облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов жан-жақты баяндап, мақсат – ашық әрі адал сайлау өткізуді қамтамасыз ету екенін еске салды.

Семинар-кеңестің екінші бөлімінде облыстың аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері үшін «Дауыс беру күні» іскерлік ойын стилінде тренинг ұйымдастырылды.

Тренингтің мақсаты – сайлау комиссиялары мүшелерінің дауыс берудің барлық рәсімдерін сапалы меңгеруі, сайлауға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімімен, есептен шығару куәліктерімен, азаматтардың ауызша және жазбаша өтініштерімен, қоғамдық бірлестіктер өкілдерімен қарым-қатынас жасау тәжірибелік дағдыларын игеру болды.

Семинар соңында Орталық сайлау комиссиясының мүшелері аумақтық сайлау комиссиялары мүшелерін қызықтыратын сұрақтарға жауап берді.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support