Жақсыменен жүздесу
Жақсыменен жүздесу
Бүгінде, халықаралық қауымдастық ғасыр феномені ретінде мойындайтын Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлымен ең алғашқы кездесуім 1962 жылдың 27-28 ақпанында өткен Қазақстан комсомолының Х съезінде сөйлеген мазмұнды сөзін естігеннен басталып еді. Біз ол кезде 22 жасар делегаттың болашақта Егемен Қазақстанның алғашқы Президенті болатынын ойлап та көрмедік. Теміртауда «Қазақстан Магниткасы» атанған комсомолдық алып екпінді құрылыс-Металлургия комбинаты салынып жатқан уақытта мен Шу аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болатынмын. Бізге аталмыш құрылысқа комсомолдық жолдамамен жастар жіберу туралы нұсқау келіп, баруға ниет білдірген алғашқы он адамға комсомолдық жолдама бердім. Олардың ішінде «Шоқпар» ауылдық кеңесінің хатшысы Кеңес Жалмұханбетов, мектеп мұғалімі Амантай Кенжетаев, Локомотив депосының мастері Р.Я. Гибадуллин және тағы басқалар бар еді. 1962 жылдың 16-20 сәуірі аралығында өткен Бүкілодақтық комсомолдың ХІV съезіне еселі еңбектерімен көзге түскен Н.Ә.Назарбаев пен Р.Я.Гибадуллин Теміртау комсомолдары атынан делегат болып барды.
Дәл осы комсомол жастар форумына біздің ауданнан делегат болып сол кездегі аудандық малдәрігерлік стансаның бастығы Ұзақ Халықов та сайланған еді. Ол ВЛКСМ-ның ХV съезіне делегат болды. Теміртауға барған жастардың ішінде жерлесіміз Кеңес Жалмұханбетов өз қатарларының арасында зеректігімен, алғырлығымен көзге түсіп, қазіргі Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевпен қоғамдық жұмыстарды бірге атқарды. Кейін Қазақстан Республикасы Конституциялық сотының мүшесі болды. Еңбек майданында шыңдалған азаматтар ел тұтқасын ұстауға жарайтыны хақ. Әр таңы арайлы, ел-жұрты ынтымақты мемлекетті Нұрсұлтан Әбішұлы бүгінде сындарлы саясатының арқасында гүлдендіріп отырғаны белгілі. Күн санап көркейіп келе жатқан Шу ауданы да соның бір көрінісі. Жалпы, Елбасы осы уақытқа дейін ауданға 4 рет атбасын бұрған екен. Алғашқыда екі рет кеңес билігі кезінде келді. Онда Нұрекең Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы болатын. 1985 жылы сол кездегі КСРО Қатынас жолдар министрімен келіп, қазіргі жаңа теміржол бекетінің, теміржол ауруханасының (қазіргі қалалық аурухана), аумақтық емхананың ғимараттарын салуды айқындап кеткен еді. Екінші рет Нұрекең 1988 жылдың жаз айында келді. Аудан шекарасынан қонақтарды сол кездегі ауданның бірінші басшысы Халил Бейсеев күтіп алды. Сәлемдесіп болғаннан кейін Нұрекең Шу қаласының ішімен жүруді қалады. Қаладағы жаңадан салынып жатқан теміржол бекетінің құрылысын аралап көрді. Аудан активін жинап үлкен жиын өткізді. Аудандағы серпілістерге разылығын жеткізген еді. Елбасы еліміз тәуелсіздігін жариялап, егемендігін алғаннан кейінгі жерде де Шу өңірінде екі рет болды. Атап айтқанда 1995 жылы 5 қаңтарда Шу-Луговой электрленген учаскесінің салтанатты ашылуына қатысты. Елбасы айтқан: «Осында, Шуда шын мәнінде ерлік жұмыс аяқталды... еңсемізді түсірмелік, қашанда біреу жасап береді деп қарап отырмайық...» деген жалынды сөздері ел есінде. Төртінші жолы Елбасы 2005 жылы 26 сәуірде Шу теміржол бекетінде Жеңістің 60 жылдығына орай «Қазақстан теміржолы ҰК» акционерлік қоғамы ұйымдастырған «Жеңіс» пойызын салтанатты шығарып салу рәсіміне қатысты. Перрондағы қоңырауды соғып, мерекелік пойызға сәт сапар тіледі. Елбасы бұдан кейін Шу қаласындағы ел мен жер үшін өмірлерін қиған шулық Отан қорғаушылардың жаңартылған ескерткішінің ашылу салтанатына қатысты. Осы салтанатты күнге жеткізген ардагер аталарымыз бен апаларымызға алғысын айтты. Бақатай Ахметжанов, Қали Үсембаев, Ташкенбай Өтешов, Жарқынбек Құлжанысов, Зоя Соловьева, Әбуса Сүттібаев сынды ардагерлердің қолын алып, дидарласып сөйлескен болатын. Халқының ықыласына бөленіп, қариясының ақ батасын алған Елбасының мемлекетті ілгерілетудегі әр қадамы табысқа жетелеп келеді. Отандастарымыз сияқты, шулықтар да оның саясатына сенім білдіріп, болашақтан зор үміт күтеді. Биылғы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауындағы жаңа экономикалық саясатын дұрыс түсініп, біркісідей қуаттап жатырмыз. Бірлік болған жерде тірліктің өнетінін о бастан ұғынған қазақ көсемін қашанда қолдайды.
Әбжапар Жақыбаев, еңбек ардагері, Шу ауданының Құрметті азаматы.