- Advertisement -

Толғанысқа толы ғұмыр

39

- Advertisement -

Қазақстанның халық жазушысы, ақын Мұзафар Әлімбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай Т.Рысқұлов ауданының Луговой ауылындағы Т.Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінде оқырмандар конференциясы өтті. «Толғанысқа толы ғұмыр» тақырыбымен өткен кеш «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында ұйымдастырылды. Оған «Аруна» баспасының бас редакторы Қарлығаш Байғабылова мен ауданнан шыққан қаламгерлер шақырылды.

Ақын Мұзафар Әлімбаевтың туған жері – Маралдыға арнап жазған «Маралдым» әнімен басталған оқырмандар конференциясында жазушы жайлы мәліметтер айтылып, қызметтес болғандардың естелік әңгімелері бейнероликпен көрсетілді. Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің ғылыми хатшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Саялбек Гиззатов мектеп-лицейге арнаған құттықтауын бейнебайланыс арқылы жеткізіп, Ұлттық музейдің атынан мектепке 25 ғылыми кітап сыйлады. Мектеп директоры Ербол Кайпулдаев білім беру мекемесіндегі жас ұрпақты біліммен сусындатып, тәрбиелеуде атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.

Мектеп кітапханасының меңгерушісі Гүлбайра Танысқожаева мен кітапханашы Алтынай Әлімбекова мектеп оқушыларына жазушының шығармалары арқылы тәлім беруде жүзеге асырылған іс-шараларды айтып, Мұзафар Әлімбаевтың шығармашылығынан мол мағлұмат берді. Мұзафар Әлімбаевтың рубаилары мен нақыл сөздерінің тағылымдық мәні жөнінде баяндама жасаған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Базаркүл Тоқтағанова өзінің қаламгерге арнаған өлеңін оқыды. ХХІ ғасырдағы балалар әдебиеті туралы ойын ортаға салған мектеп директорының құқық жөніндегі орынбасары Нұрболат Аманжолов бірқатар күрделі мәселелерді көтеріп, қазіргі уақытта ақын, жазушыларға туындыларын кеңінен танытуда қолдау жеткіліксіз екенін айтты.

Қазір кітап шығаратын баспалар жекеменшік, ал оған кететін шығын да аз мөлшерде емес. Осындай жеткіліксіздіктің салдарынан бүгінгі әдеби туындылар кең өріс ала алмай отыр. Тағы бір жайт – ересек адамға ойын бала тілінде жеткізе білудің күрделілігінен балаларға арналған шығармалардың аздығы. Ал, қазіргі ғаламтор мен ұялы телефон дамыған шақта балаларды, жасөспірімдерді кітап, газет-журнал оқуға қызығушылықтарын арттыру оңай болмай тұрғаны да рас. Алайда, бар білім кітап пен басылымда екенін ешкім жоққа шығара алмайды.

Міне, сондықтан «Оқуға құштар мектеп» жобасы қолға алынып жатыр. Осындай ұтымды жобаларды пайдаланып, тек танымал ақын-жазушылардың шығармаларын ғана емес, қазіргі көркем әдебиетпен айналысатын қаламгерлерді де жастармен жүздестіріп, туындыларын таныстырып отыру маңызды. Мұғалім ортаға салған ойталқы конференцияға қатысқан кітапханашыларға да ой туғызып, олар қазір мектеп кітапханаларына сұраныстағы кітаптардың жеткізіле бермейтінін алға тартты.

Кітапханашылар жас оқырмандардың сұрауындағы кітаптар тізімін жазып берсе де, балалардың игілігіне бөлінген қаржыға басқа кітаптар жеткізілетіні осы басқосуда талқыланды.

Көрнекті ақын, қоғам қайраткері Мұзафар Әлімбаевтың 100 жылдығына арналған оқырмандар конференциясында оның шығармалары ғана айтылып қоймай, бүгінгі әдебиеттің жай-күйі де талданды. Аталған мектептің өнерпаз бүлдіршіндері ән-билерімен кешке көрік қосты.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Т.Рысқұлов ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support