- Advertisement -

Арақ пен ар

161

- Advertisement -

Аспан асты, жер үстіндегі адам баласының қолымен жасалған барлық қателік, кемшіліктің ұшы әйелге келіп тиеді. Бәрі анадан алынған тәлім-тәрбие, ізет пен ізгілікке келіп тіреледі. Ақ жаулықтылардың жүрген жолы түзу болса, ұрпағы да адаспайды. Ал ана жаза басты, жаулықты қателесті дегенше – бір қауым елдің болашағы күрт өзгерді дей беріңіз.

 

Нәзікжандылар қателік жасаса, бүкіл ұлттың сорлағаны. Олар бұзған ошақ жылымайды, олар қиратқан қамал қайта салынбайды.

Бірақ, бұл өмір. Әйелдің де «әттеген-айы» болады. Ол да қателеседі. Әлденеден ызаланып, әлденеге күңіренеді. Күйрейді. Олар жүректің тілінде сөйлейді. Сондықтан жүректің дертіне келгенде әлсіз. Олардың бойындағы ең ұлы қасиет тербелсе, әлем тербеледі. Қасіреті шайқалса, әлем де шайқалады… Әйел күлсе өмір күліп, ол жыласа қоғам қабағын түйіп кетердей. Ал ішіп кетсе ше? Пендәуи тіршіліктің жетегінде жүріп, жанының жарасын, ащымен басамын деп ойласа, шаруаның біткені де сол. Сөйтіп, ана, жар, келін атанып, ізеттіліктің нышаны болып қана жүретін әйелдің ішімдікке салынып шыға келуі миға сыймайтын сорлылық, сорақылық.

Көзінің алды көгіс тартып, бір жұтым арақ үшін абыройдан аттап кеткен арулар туралы ойлаудың өзі ауыр. Олар ұлт үшін қауіпті. Бұл ащы шындық. Отбасы – ошақ қасының ұйытқысы, есік пен төрдің тірегі, үйдегі жылылықтың шоғын үрлеп отырған жаулықтының аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жүргені – ақылға қонымсыз тұрпайы тіршіліктің басталғаны.

Бірде біздің өңірде бір шерлі оқиға орын алды. Бұл бүкіл әлемге арақтың айтқысы келіп шаршаған, ызаланған, жанарына қан қатып өскен жігіттің наласы дерсің. Әр бұтаның түбінен, әр арықтың жиегінен мас шешесін жетектеп, әлемнің бар ащы запыранын көкірегіне сыйдырып, өксіп жылап, шерленіп, зарлап жүріп жетілген жігіттің өкініші дерсің. Бала болып тойып ас ішпеген бүлдіршіннің зары дерсің.

Ол бүтін киім кимеді. Таза төсекте ұйықтамады. Тойып ас ішпеді. Бар ғұмыры қарны шұрылдап, жаурап, түн қатып жүріп шешесін іздеп көшеде жүретін сәттерден ғана құралды. Туған-туыс түгел оның шешесінен күдер үзген. Жуынды ішіп жетілген жалғыз бала ғана анасын жақсы көрді. Күндердің күнінде өзі ешқашан сау кезін көрмеген анасы ес жиып, «құлыным» деп маңдайынан өбетін сәтті күтті. Сондай жарық күннің туарына сенді. Алайда, олай болмады. Ол 21 жасқа шыққанда анасын соңғы рет көшеден арқалап келді де, әдеттегідей, онсыз да түгі қалмаған үйді қирата бастаған шешесін балтамен бір-ақ ұрып, о дүниеге аттандырып жіберді…

Әйел күйремесін, адаспасын. «Аһ» ұрмасын. Әйтпесе бүкіл адамзаттың аяғы аспаннан келетіні анық. Тіршілікке кіндігімен жалғанған жанның сүрінуінен асқан сорақылық, бүлінуінен асқан қасірет те жоқ.

Статистика бойынша 90 жылдардың басы әйел адамдардың араққа салынуының ең көбейген тұсы. Оған себеп, еркектер жұмыссыз қалғанда ала дорба асынып, ел жағалап саудаға шыққан нәзікжандылардың бірі – бойын жылыту үшін ішсе, бірі – көңілін көтергісі келді, енді бірі шаршағанын басамын деп жүріп, қалай араққа салынып кеткенін білмей қалды. Жылына 6 литрден астам арақ ішкен ел, деградацияға ұшырайды екен. Ал еліміз әлем бойынша ішімдік ішетін 180 елдің 34-орнында тұр. Бүгінгі қоғамда заманауи қыз-келіншектердің ішуінің себебі маскүнемдік дерт пе, әлде әуестенушілік әдет пе? Төрт дүниесі түгел бола тұра, алкогольға деген құмарлық неден туындайды?

– Бүгінгі таңда қазақ қызы мен әйелдері арақ-шарапты көп ішеді. Бұл жаңалық емес. Орта Азияда ең ішкіш ел Қазақстан болып саналады екен. Әйел организмі еркектерге қарағанда өте нәзік. Сондықтан ерлерге қарағанда, әйел араққа тез үйренеді. Еркектер бір шешім шығарып, тез арада ішуді қоя салса, әйел олай жасай алмайды. Олардың жүйке жүйесі тым ұзақ жұмыс жасауды, оған шектен тыс көңіл бөлуді талап етеді. Әйелді арақтан бөліп, алып шығу үшін санасын тазартып, жанын тыныштандыру қажет. Ал ол оңай шаруа емес. Содан кейін өмірінде қуанышты жағдайды көбейтіп, асты-үстіне түсу керек. Нәзікжандылар көбінесе, күйзеліске түскенде арақ ішіп, мұңын басқысы келеді. «Біреу тойып, енді бірі тоңып секіреді» демекші, енді бірі көңіл көтеремін деп жүріп, қалай салынып кеткенін білмей қалады. Басында әуестеніп бастаса, соңынан әдетке айналып, кейін асқынып, дертке душар етеді,– дейді Тараз қалалық өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталықтың психологы Бота Қалқабаева.

Ішімдікке әуес бірнеше әйелге «Неге ішесіз?» деген сұрақты көлденең қойғанда, олардың 70 пайызы депрессиядан кейін салынып кеткендерін айтты. Бір қызығы, олар өздерінің ішкіштігін мойындамайды. Кез келген сәтте қойып кетуге болатынын алға тартады. Көбі ішіп жүргендеріне бірнеше жылдың жүзі болғанынан бейхабар. Маскүнемдіктің уысына түскен адам үшін өз денсаулығы, анасы, баласы, сүйген жары да тосқауыл бола алмайды. Алкоголь адамның бар ғұмырын құрбандыққа салып жібереді.

Облыстық психикалық денсаулық орталығында былтыр осындай 125 әйел емделген. Биыл екі айдың ішінде 24 әйел емделуге мұқтаж болған.

– Бұрын ішкілікке салынғандардың 70 пайызы ер адам болса, 30 пайызы әйел адам болатын. Бүгінгі таңда емге келушілердің 60 пайызы ер адам болса, 40 пайызы әйел адам болып отыр. Әйел мен ер адамның маскүнемдігі бір-бірінен ерекшеленбейді. Алайда, әйел маскүнемдігі қиындау келеді. Себебі олар наркологтың көмегіне кеш жүгінеді. «Ертең қоямын» деп жүріп, аурудың 2-3 сатысына қалай өтіп кеткенін байқамайды. Әйелдер жасырынып ішеді, көмек сұрауға ұялады. «Ауруын жасырған өледі» демекші, ішкенін барынша жасырып жүріп, соңыра өте қиын жағдайда, асқынып барып арнайы орталықтың көмегіне жүгінеді, – дейді наркология бөлімінің меңгерушісі Ляззат Таңатбаева.

P.S: Бірде дүкеннің бұрышына арқасын сүйеп, қыстың ызғарлы кешінде мұздай цементте қимылсыз отырған 55 жас шамасындағы әйелге көзім түсті. Қасына жақын барып: «Сізге көмек керек пе?» дедім. Жалт қарап: «Сіз маған айтып тұрсыз ба?» деді таңданып. «Әрине, сізге айтып тұрмын. Көмек керек пе?» дедім қайталап. Ол үш оқталып барып орнынан әзер тұрды да: «Сізді құшақтауға бола ма?» деді. Әлденеден үркіп, әлде таңданып тұрғаны белгісіз көз шарасы үлкейіп кетіпті. Орнынан сүйеп тұрғызып, құшақтай алдым. Ол жанарын жанарыма қадап аз-кем тұрды да, кеудеме басын қойып, өксіп-өксіп жылап жіберді. Оның көз жасынан сан жылдар тізбегінде өзегін өртеген өкініші, уайымы мен қайғысы төгіліп жатқанын ұғып, жүрегім бебеулеп кетті. «Қарныңыз ашқан шығар, жүріңіз тамақ алып берейін» дегенімде, «Аптекадан дәрі алуым керек» деп, қалтасына спирт жасырып шыққаны есімде. Сол әйелді көрген даяшылар бізді ішке кіргізбеді. Соңыра асхана қожайынымен тілдесіп жатып, жуынатын бөлмеге кіріп шығуға рұқсат алдық. Жуындырып, шашын тарап болғанда оның аққұба жүзді әрі 45 жас шамасындағы орта жастағы келіншек екенін байқадым. Әйел айнаға қараған сәтте «Өзімді айнадан көрмегелі жеті жыл болыпты» дегені де санамда жаңғырып қалды. Ол өзінің үш баласын перзенті жоқ, ауқатты отбасына беріп кеткенін айтты. Емделуге жасаған ұсынысыма «Мен наркологиялық диспансерде үш рет жатып шыққанмын» деп қарқылдай күлді. Бұрын банкте қызмет еткен келіншектің ішіп кетуіне күйеуінің жас тоқал алып келуі себеп болыпты. Бұрын зәулім үйі, қымбат көлігі, мамық төсегі болған әйел бүгінде кез келген бұрышқа қисайып ұйықтап кетеді. Оның түсіне үнемі үш баласы кіреді…

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support