- Advertisement -

Бір үзім нан

313

- Advertisement -

Ашаршылықта адамның арманы бір уыс бидай, бір тілім нан болды. Бейімбет Майлиннің Күлпашы да ауырып жатқан күйеуі мен баласына талғажау табу үшін байға жалданып жұмыс істемей ме? Сонда өзінің арып-ашып тапқан жарты күлше нанын өзі жеуге қимай, алып-ұшып үйіне келгенде күйеуі мен баласының өліп қалғанын көрмей ме? Басқасын айтпағанда, бір үзім нанның қадірі осыдан байқалмай ма? Ал қазіргі қоғам ше? Ас атасын қадірлеуді қойдық. Ол аздай, тұрмыстық түрлі қалдықтармен қоса қоқыс жәшігіне оп-оңай лақтыра салатын болдық. Ашаршылықта ауыздың суын ағызған бұл нан тоқшылықта табанымыздың астынан бір-ақ шықты. Бұған сонда тоқтау жоқ па?

Ас атасының қадіріне қашан жетеміз?

Қазақта дәмнің үлкені – нан. «Қатықсыз қара су ішіп, қара нанға тойған» елміз. Оң-солымызды танығаннан «Нанды жерге тастама», «Нанның үстіне зат қойма», «Нанды бір қолмен үзуге болмайды» деген тыйым сөздермен өстік. Тіпті, «Адам ашыққан кезде қолы жетпейтін биікте тұрған нанды Құранның үстіне шығып алуға болады деген тәмсіл бар. Бірақ, нанның өзін ешқашан баспаған. Дастарқан жайғанда алдымен үстелге нанды қоямыз. Жолаушыға нан ұсынамыз. Дәм татқан, нан ауыз тиген үйіне қонағы жамандық ойламаған. Қазақтың «бір күн дәм татқан үйге қырық күн сәлем» дейтіні осыдан. «Нанның ұсағын жесең бай боласың, үлкен сауап аласың» деген сөзімен талай нанның ұсағын таласып жеп өстік. Тағы бір ғажабы, жер бетіндегі дақылдардың, жемістердің барлығының жабайы түрі кездескенімен, дәл бидайдың жабайы түрі жоқ екен. Ғарышкерлер ғарышқа ұшқанда да 4-5 грамм нанды талғажау етіп, қуат алады. Бұл нанның құдіретті ас екенін дәледейді.

Міне, нанның қадірі туралы құнды деректер осылай тізбеленіп кете береді. Өзіміз үшін осындай құнды астың қадірін білмей жүргеніміз ғана жанға батады. Күнделікті қоқыс жәшіктерінде әртүрлі тұрмыс қалдықтарымен мидай араласып жататын нан қалдықтарын көргенде жүрегің шым етеді.

Осындайда пластикалық бөтелкелерге бөлек арналған контейнерлер сияқты нанға арналған арнайы жәшіктер неге тұрмайды деп ойлайсың. Бүгінде Алматы мен Астана қалаларында нан қалдықтары үшін арнайы бөшкелер қойылатын болған. Кәсіпкерлердің айтуынша, жасыл бөшкелерден алынған нан алдымен қоймада буылып-түйіліп, артық қоқыстардан тазартылады.

Одан әрі нан қалдықтары түріндегі шикізат гранулятор деп аталатын жерге орналастырылып, сол жерден үй жануарларына арналған жем түйіршіктері шығады екен. Инвесторлар осыған ұқсас әдіспен тауықтар мен балықтарға арналған жем жасауды да жоспарлап отыр. Бұл үшін тек жануарлардың рационында болуы керек қосымша витаминдік элементтерді таңдау керек. Нан қалдықтарын топыраққа арналған тыңайтқыштар өндірісінде пайдалану да жоспарларында бар. Осындай жүйелі жұмыс еліміздің барлық өңірінде неге жүзеге аспайды?

Аймақтағы қоқыстарды жинау тәртібіндегі тәжірибеде қадірлі астың қалдығына қатысты ұтымды ұсыныстар болмапты. Тағам мен нан қалдықтарын бөлек қалтаға салып, қоқыс жәшігінің ішіне тастамай, сыртына іліп қоятын да бір қауым ел бар. Онысын иттер жұлмалап, шашып, сүйретіп тастайды. Қоқысты іріктеуді әлі күнге дейін игере алмай отырмыз.

Өкініштісі сол, тұрмыстық қалдықтарды өңдеп пайда тапқысы келіп жүрген азаматтардың өзі бұл туралы әлі ойламайды. Нанымыздың да сол қоқыстармен араласып кеткені сондықтан. Оған бұл қоқыстардың жел тұрса қаңбақтай көшетінін тағы қосыңыз. Олар тек қағаздан бастап қайта өңдеуге жарайтын қоқыстарды ғана керек етіп жүр.

Статистикаға сенсек, жыл сайын елімізде 5 миллион тоннадан астам қоқыс шығарылады. Аймағымызда 400 мың тоннаға жуық қалдық полигонға жөнелтіледі. Бұл тұрмыстық және әлеуметтік қалдықтардың тек 11 пайызы ғана қайта өңдеуге жіберіледі.

«1932-1933 жылдар аралығында қаншама адам бір үзім нанға зар болып, соңғы демі таусылған талай адамды көрдім» дегенді апам жиі айтып отыратын. Ел басына күн туған шақта бір үзім нан көптеген жанның жанына жалау боп, үмітін үзбеуге сеп болған. Ал, бүгінгідей бейбіт заманда, тоқшылық күндерде жастар жағы нанның қадірін тереңнен ұғынып жүрген жоқ. Жерде жатқан нанды көтермейді.

«Бір тоқтықтың бір аштығы болады» дегенді дана халқымыз тегін айтпаған. Ақыры нанды құрметтей алмайды екенбіз, қадіріне жете алмайды екенбіз, онда оны қымбаттату керек. Қат қылу керек. Мүмкін оны арзан ғой деп ысырап қылып жүрген шығармыз?!

Қалтасына салмақ түсірген дүниенің кез келгеніне қалай жанашырлықпен қараса, нанға деген көзқарас та солай өзгере ме деген ойым бар», дейді ардагер ұстаз Осап Сүлейменов.

Ал, облыстық «Асыл арман» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ринат Нұрақбаев жастарға нанның қадірін түсіндіретін үгіт-насихат жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу керек деп есептейді. «Кезінде драматург Әмір Мәжитовтың «Бір үзім нан» спектаклі сахналанды.

Кейінірек мұндай туындылар жоқтың қасы болды. Осындай көріністерді жиі ұсынып, арнайы кино түсірсе де артық емес. Бір үзім нанның қадірін біліп отырғандар біздің елде жоқ деуге келмейді. Нанды ысырап етіп отырғандардың дені қалталы азаматтар, ас та төк тамағы көп отбасылар.

Дәулеттілерден қалған қоқыстағы нанды қалай қорғаймыз? Сондықтан, нан қалдығын салатын арнайы орын ұйымдастыру керек. Оны басқа қоқысқа араластырмай, жинап алу жағын қарастыру қажет.

Бұған әр қаланың, әр өңірдің билік басшылары араласуы керек деп ойлаймын. Бұған қоса, ас атасының қадір- қасиетін ұғындыратын түрлі іс шараларды қолға алып, жас ұрпақтың бойына қасиетті астың қадірін түсіндіру керек. Нанды нөпір еткендер үнемшілдікті үйреніп, оған кеткен артық қаржысын тұрмысы төмен отбасыларға берсе, қарайласса нұр үстіне нұр емес пе?!», дейді ол.

Швейцарияда қоқыс тастайтын полигондар мүлдем жоқ екен. Ол жақта барлық қоқыс қалдықтары қайта өңдеуден өтеді. Цюрих қаласында үй қоқыстарының 43 пайызы өңдеуге жөнелтіледі. Қоқыстардың барлығы арнайы пакеттерге салынады. Кімде- кім бұл ережелерді бұзса заң алдында жауап береді.

Ал, біз мұндай заңымыз болмағасын арымыздың алдында қалай жауап берерімізді білмей жүрміз…

 

Гүлжан РАХМАН

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support