Жаңалықтар

Әйелдер қауымына құрмет көрсетті

Әйелдер қауымына құрмет көрсетті

8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Тараздағы «Анаға тағзым» орталығында бірқатар белсенді аналар мен аруларды қабылдап, құттықтады.

– Өңірдің дамуы мен өркендеуіне әйелдер қауымының қосып отырған үлесі өте үлкен. Облыста 45 мыңға жуық көпбалалы ана бар болса, оның ішінде 5 мыңы «Алтын алқа», 12 мыңы «Күміс алқа» иегерлері. Бұл нені көрсетеді? Бұл біздің өңірде болашаққа деген сенімнің үлкен екенін, экономикалық және әлеуметтік жағынан қолдаулардың бар екенін білдіреді. Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде әр салаға көңіл бөлініп жатыр, – деген Нұржан Молдиярұлы нәзікжандылардың шаңырақтарына шаттық, отбасыларына амандық тілей отырып, сыйлықтар тарту етті.

Мерекелік басқосуда облыстық соттың судьясы, төрт баланың анасы Ләззат Рамазанова облыс басшысына алғысын білдірсе, өрт сөндіруші Карина Карташова ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Үш бақытым» өлеңін оқыды. Сегіз ұл-қыздың анасы Гүлбар Егембердиева: «Мемлекеттің қамқорлығы мен қолдауын сезінудеміз. Алла қаласа, он перзентке ана болғым келеді», деп ағынан жарылды.

***

Бұл күні «Баласағұн» орталық концерт залында да мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, облыс әкімі Нұржан Нұржігітов ақ жаулықты аналар мен сан саланы гүлдендіріп жүрген аяулы қыз- келіншектерді құттықтап, сый-сияпат жасады.

– Ана – қоғамның тірегі, отбасының шуағы, тәрбиенің қайнар бұлағы. Отбасымен қатар, еліміздің дамуы жолында да аянбай еңбек етіп жүрген нәзікжандылар аз емес. Аймақтың алға жылжуы үшін аянбай тер төгіп, бүгінде еңбек ардагерлерінің қатарындағы Лидия Ахметова, Нілзия Рахышева, Бәтес Егембердиева, Күләш Әбдікешова, Күләш Назарбекова сияқты аналарымыз аймақтың қоғамдық-саяси өмірінен тыс қалмай, әлі де жас ұрпақ тәрбиесіне атсалысып келеді. Облыстың рухани өмірінің дамуына айтарлықтай үлес қосып жүрген аяулы ақын және өнерпаз қыздарымыз да аз емес. Ақын апаларымыз – Күләш Ахметова, Шырын Мамасерікова, Айша Көпжасарова, айтыскер ақын Күміскүл Сәрсенбаева, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрсипат Салықова және Мәкен Рахымжановалар – біздің мақтанышымыз. Қаншама спортшы қыздарымыз облыстың ғана емес, еліміздің атын асқақтатып жүр, – деді облыс басшысы. Бұдан соң нәзікжандылардың кейбірі «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен, Құрмет грамотасы және Алғыс хаттармен марапатталып, көпбалалы аналардың бірқатарына «Алтын алқа», «Күміс алқа» тағылды. Облыстың әлеуметтік- экономикалық дамуына үлес қосып жүрген әйелдерге құрмет көрсетілді.  

Есет ДОСАЛЫ,

Нұржан ҚАДІРӘЛІ