- Advertisement -

Сарсаңға салған «сақалды құрылыс»

113

- Advertisement -

Қаладағы қаңырап тұрған құрылыс нысандары күрделі мәселеге айналғалы қашан. Тараздағы Қаратай Тұрысов көшесіндегі көпқабатты құрылыс нысаны он бес жыл бойы сол күйі тұр. Шаһардың сәулеттік сәніне сын келтіретін мұндай нысандар қаңғыбастардың мекені, ал жасөспірімдерге қауіптің ошағы екені айтпасақ та түсінікті. Қанша жерден қоршалып, тәртіп сақшылары күзеткен күннің өзінде жыл сайын «сақалды құрылыстарда» орын алатын қайғылы жағдайлар азаяр емес. Сала мамандарының айтуынша, облыс аумағында құрылысы аяқталмаған 51 нысан болған. Қазіргі таңда қаңыраған нысандарды халықтың игілігіне айналдыру жұмыстарына айрықша басымдық беріліп отыр екен.

Жиырма ғасырдың жауһары – Тараз шаһары жылдан-жылға жаңарып, күннен-күнге көркейіп, тұрғындардың көз алдында түрленіп келеді. Әрине, қаланың құлпырғаны жергілікті тұрғындардың ғана емес, меймандардың да көз қуанышына айналуда. Десек те, ажары артқан қала сәулетінің сиқын бұзып, сұрқын қашырып тұрған сақалды құрылыстар мәселесі әлі де баршылық.

Жалпы, ел өміріндегі құрылыс саласы – қаланың да, ауылдың да ажарын ашып, сәнін келтіретін саланың бірі. Өңірде жыл сайын түрлі нысандар бой көтеруде. Ал, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың нәтижесінде, салынып жатқан тұрғын үйлер, мектептер мен балабақшалар қаншама?! Рас, оның кейбірі белгіленген уақытында пайдалануға берілсе, енді кейбірі мерзімінен кешігіп жатады. Әрине, құрылыс кезінде де күтпеген жерден түрлі мәселе туындауы мүмкін.

Ал, аяқсыз қалған іс облыс орталығының ажарын ашпайтыны ақиқат. Яғни, қалада әлі күнге бітпей тұрған «сақалды құрылыстар» Тараздың да, тараздықтардың да көңілін күпті етуде. Қазір қаланың керегесі кеңейіп, тағы да жаңа екі шағынаудан қосылуда.

«Бәйтерек» те шаһардың шырайын ашқан жаңа шағынаудандардың қатарында. Бірер жыл бұрын мұнда толығымен асфальт жол төселіп, жаяу жүрушілерге де арнайы жол жасалды. No3-ші мектеп лицейі бой көтеріп, ата-аналарды алаңдатқан мәселе де шешімін тапты.

Бір сөзбен айтқанда, шағынауданның мәселесі кезең- кезеңімен түбегейлі оң шешімін тауып келеді. Дегенмен, мұнда да алғашқы қазығы қағылған күйі аяқталмай тұрған алып құрылыс көпшілікті толғандыруда. Аумағы ат шаптырым жерді алып жатқан нысан екі қабатқа дейін көтеріліп, сол күйі қалып қойған. Оның үстіне, шаһардың орта жағына білінбесе де, бәйтеректіктер екі күнде бір соғатын желге әбден үйренген. Қаланың батыс жағындағы шеткі аумақ болғандықтан жазық даладан соққан жел шаң көтеріп қана қоймай, шатыр ұшыруға дейін барады. Осылайша аталған құрылыс нысанының қоршауы да сан мәрте желдің жетегінде кетті.

– Осы шағынауданда тұрып жатқаныма бес жылдан асты. Бұл құрылыс дәл біздің үйіміздің артқы жағында, тура тереземіздің алдында орналасқан. Алғашында құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатты. Ел болған соң естіп, біліп, өсіп келе жатқан балаларымыздың келешегі үшін ауданымыздың көркейетініне қуанғанымыз рас. Дегенмен, құрылыс әп-сәтте тоқтап, сол қалпы қаңырап қала берді. Іші толған арматуралар. Оған қоса түнде маскүнемдер жағалап жүреді. Көршілерімізбен бірге құрылыс басында кран тұрғандықтан әйтеуір бір аяқталатын шығар деген үміттеміз. Алғашында қарауылы бар болатын. Қазір көрінбейді, – дейді тұрғын Жібек Мүсірәліқызы.

Қалай дегенмен әлеуметтік, жеке нысан болса да ең әуелі халықтың қауіпсіздігі маңызды. Сондықтан, елдің игілігі үшін бой көтеретін кез келген нысан халыққа қауіпсіз болуы қажет-ақ.

– Бір ай бұрын көршімнің баласы түскі уақытта жүгіріп келіп, қызыңыз құлап қалды деп айтты. Жүрегім ұшып, шаруамды тастай сала есік алдына шықтым. Сөйтсем қызым осы ғимараттың ішінде құлапты. Ауладағы балалар ойнап жүріп мысықты қызық көрген. Мысық солай қарай қашып кетсе керек. Артынан қуалап барған бес-алты баланың ішінде менің қызым да бар. Аяғы сымға оратылып, құлапты. Абырой болғанда сүйегі аман, тек тізесі жырылыпты.

Әрине, қызыма да, көршілердің балаларына да ол жаққа неге барасыңдар деп ұрыстым. Әрқайсымыз өз бала- шағамызға сөйтіп күнде айтып отырамыз. Ойын баласы болғандықтан ұмытып кетеді.

Дегенмен, ондай нысан қауіпсіз болуы қажет қой. Қоршауының әр жері ашық- шашық. Құрылыс аумағы жалпы кішкентай бүлдіршіндер тұрмақ, ересектер үшін де қауіпті. Кейде шаңқай түсте немесе кешқұрым өрімдей жастар маңайында өріп жүреді. Бір күні болмаса бір күні біреу майып бола ма деп қорқамын, – дейді тұрғын Перизат Оразбекова.Өткен жылы құрылыстың No33,32 үйлер жақ бетіндегі жазық аумаққа топырақ төгіліп, сең қозғалғандай болған. Десек те, алып құрылыс әлі күнге аяқталмай тұр. Сол секілді Қаратай Тұрысов көшесіндегі көпқабатты құрылыс нысаны да көпшіліктің көңілін алаңдатуда. Былтыр білім басқармасындағылар бұл нысан «студенттер қалашығына» айналады деп сүйіншілеген еді.

Басында спорттық сауықтыру кешені ретінде салына бастаған аумағы 5 589 шаршы метрді алып жатқан бұл ғимараттың құрылысын енді шымкенттік мердігерлер аяқтайтын болыпты.

– Қазіргі уақытта дәл осы Қаратай Тұрысов көшесіндегі нысан бойынша шымкенттік мердігер компаниямен келіссөздер жүргізіп, техникалық байқаулар өтіп жатыр. Алла қаласа биылғы маусым айында құрылыс жұмыстары басталады. Сол секілді қаладағы барлық осындай нысандар біздің қатаң бақылауымызда. Жалпы, облыстағы 51 нысанның 38-і қалған еді. Соның 30-ы қалаға тиесілі. Соның 10-ы ғана қаржы мәселесіне орай өзгеріссіз қалып келді. Басқа нысандардың құрылысы аяқталды. Енді биылдан бастап осы он нысанда да құрылыс жұмыстары басталады деп жоспарланып отыр, – дейді Тараз қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрсұлтан Исабеков.

Әрине, сақалды құрылыстар қала басшылығы үшін салмақты мәселе екені жасырын емес. Кейбір мұндай нысандардың меншік иелері өмірден өтіп кеткен, не болмаса мемлекетке қайтаруға құлықсыз болатын көрінеді. Себебі, оларға ұсынылған баға көбіне көңілдерінен шықпай жатады екен.

– Біз бір кәсіпкерден нысанды сатып алып, екінші кәсіпкерге бере алмаймыз. Ол бюджеттік кодекске сәйкес келмейді. Ондай нысандарды біз қайтаратын болсақ, міндетті түрде ғимаратты жан-жақты зерделеп, бағасын шығарамыз. Сол бағаға меншік иесі келісетін болса ғана біз коммуналдық меншікке сатып ала аламыз. Одан басқа жолы жоқ. Содан кейін барып қана біз оның құрылысын аяқтап, пайдалануға бере аламыз, – дейді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Нұрбол Қалдыбаев.

Мамандардың айтуынша, құрылыс саласындағы басты мәселенің бірі – құрылыс сапасының дұрыс бақыланбауы екен. Яғни, кейбір мердігерлер жұмыс құнын төмендете отырып, өз пайдаларын еселеуге тырысады. Мұндай мәселеге жол бермес үшін де тиісті шаралар қабылдануы керек. Сондай-ақ, тапсырыс берушілерде жобаларды сапалы тексере алатын тәжірибелі мамандардың жетіспеушілігі салдарынан құрылыс барысында түрлі олқылықтар болып, оларды шұғыл жоюға тура келеді екен. Ал, облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Қайрат Бисембаевтың айтуынша, қазір облыс бойынша ешқандай қимылсыз тұрған 10 нысанның сегізі аудандарға тиесілі. Атап айтқанда, Шу, Т.Рысқұлов, Меркі, Сарысу, Талас, Қордай және Байзақ аудандарындағы бұл ғимараттардың құрылысы алдағы уақытта түбегейлі аяқталуы тиіс.

Дегенмен, Қайрат Бисембаев өзі басшылық етіп отырған басқарманың мұндай сақалды құрылыстарға тікелей қатысы жоқ екенін алға тартып отыр. Айтуынша сәулет-құрылыс бақылау басқармасы құрылысы тоқтап тұрған емес, жүріп жатқан нысандарға ғана бақылау жүргізе алады. Сол себепті, «сақалды құрылыстар» бойынша аталған басқарма ешқандай шара қолдана алмайды екен.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support