- Advertisement -

Күрделі мәселелер кезеңімен шешіледі

128

- Advertisement -

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Жуалы ауданына жұмыс сапарымен барды. Өңір басшысы әуелі Кәріқорған ауылындағы Тұрсын Әкімов атындағы орта мектептің жағдайымен танысты. Отыз бес жыл жөндеу көрмеген білім ошағы күрделі жөндеуді қажет етеді. Облыс әкімі ол мәселе алдағы жылдарда шешімін табатынын айтып, биыл аталған мектептің шатырын жаңалап жауып, қазандығын жөндеуге құжаттарды әзірлеуді аудан әкімі Жалғас Мұртазаға нақты тапсырды.

Аудан әкімі Жалғас Мұртаза осы ретте облыс әкімі Нұржан Нұржігітовке газға қосылған әлеуметтік мекемелер туралы баяндады. Атап айтқанда, қазіргі таңда 18 мектеп, 9 медициналық нысан, екі мәдениет үйі және екі кітапхана көгілдір отынға қосылған. Бұл ретте облыс басшысы Нұржан Молдиярұлы аталған ауданда білім, денсаулық сақтау нысандарының газға қосылуын жоғары бағалады.

Мұнан соң бұрын амбулатория болған ескі ғимаратты да өңір басшысы арнайы көрді. «Ауыл– ел бесігі» жобасы аясында осында спорт кешенін салу, атап айтқанда, бокс және күрес секцияларын ашу көзделген. Аталған спорт кешенінің жанынан жаңадан мәдениет үйі салынатын болады.

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов бұл мәселе шешімін табатынын айтты. Кездесуде ауылдың 82 жастағы тұрғыны Шаймерден Шәрденов ауылдағы жол мәселесін көтерді. Облыс әкімі ақсақалдың сөзіне құлақ асып, жолы тозған көшелерді өзі барып көріп, жауаптыларға нақты тапсырма берді.

Мұнан соң облыс әкімі Нұржан Нұржігітов «Жетітөбе – 2022» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінде болды. Кәріқорған ауылында 539 аула болса, оның 513-і осы кооперативке мүше екен. Бұл кооперативтің егістік жері 1 мың гектарға жетіп отыр.

Кооператив жетекшісі Александр Уразовский 4 жаңа заманауи тракторға қол жеткізгенін, жеңілдетілген несиенің игілігін 25 отбасы көріп отырғанын айтып, тағы комбайн керектігін алға тартты. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қаржы институттары арқылы комбайн алуға мүмкіндік бар екенін айтты.

Мұнан соң облыс әкімі Күреңбел ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Күреңбел ауылына 26 жылдан бері облыс басшысы келмеген екен. «Мемлекет басшысының Жарлығымен барлық деңгейдегі әкімдер ауыл тұрғындарымен кездесіп, мәселелерін тыңдау міндеттелген. Сондықтан, сіздерді тыңдауға келдік. Былтырдан бері халықпен 1226 кездесу өтсе, 35-іне өзім қатыстым. 4 мыңнан аса сұрақ қойылды. Оның аса өзектілерін, шамамен 20 пайызын бақылауға қойдық. Сол мәселелерді кезеңімен шешеміз», деді Нұржан Молдиярұлы.

Бұл жиынға құқық қорғау саласының басшылары да қатысты. Басқосуда ауыл имамы Рамазан Исақов бордақы малды өткеретін орын болса, мал базары жексенбі күнге ауысса деген тілегін айтты. Ал, Тайжан Қозыбаев спорт кешенінің қажеттілігін, Нұрмолда Таубалдиев көпір салу, егістікті дәрілеу мәселесін көтерді. Тұрғындар ауылға еңбегі сіңген Қуат Асаубаевтың есімін мәдениет үйіне беру туралы ұсыныс айтты.

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов бұл сауалдарға жан-жақты жауап берді. Өңір басшысы тұрғындарды кооперативке бірігуге шақырды. Шаруа қожалықтар кооперативке біріксе, мемлекет тарапынан субсидия бөлу де жеңіл болатынын айтты. Жиын соңында ауыл ақсақалы Жолтай Байдәулетов бата берді.

Мұнан соң облыс әкімі бірқатар тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.
Жуалы ауданына жұмыс сапары барысында Нұржан Нұржігітов Жетітөбе ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Жиында ауыл тұрғындары мал жайылымы, жол жөндеу, клуб салу мәселесін көтерді. Облыс әкімі бұл сауалдарға нақты жауап беріп, ауыл тұрғындары округ әкімімен бірлесіп, жоғарыға ұсыныс жасап отыру керектігін айтты.

Бұл ретте аудан әкімі Жалғас Мұртаза өзі де ауылдарда жиі болатынын, көтерілген мәселелер тұрақты назарда екенін жеткізді. Облыс әкімі Нұржан Молдиярұлы «Асар» жобасының тәрбиелік мәніне тоқталып, ауылдық округ әкімдері кемінде тәулігіне бір үйге кіріп, мәселесімен таныс болуы керектігін баса айтты.

Басқосу соңында облыс әкімі Нұржан Нұржігітов бірқатар тұрғындарды жеке мәселелер бойынша қабылдап, ұсыныстарын тыңдады.

 

Есет ДОСАЛЫ
Жуалы ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support