Экономика

Сауда және интеграция министрлігі: қант зауыттарына айналым схемалары бойынша 18,3 млрд теңге бөлінді

Сауда және интеграция министрлігі: қант зауыттарына айналым схемалары бойынша 18,3 млрд теңге бөлінді

Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте қант зауыттарын айналым схемалары бойынша қаржыландыру барысы мен отандық қант өндірісінің жағдайы талқыланды, деп хабарлады ҚР Сауда және интеграция министрлігі.

Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, бүгінде 18 өңір шикі қант сатып алу және қайта өңдеу үшін 18,3 млрд теңге сомасында қант зауыттарын қаржыландырды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша Қазақстанның қант зауыттарының жалпы тәуліктік қуаты қант қызылшасын өңдеу бойынша 8,7 мың тоннаны және қамыс шикізаты бойынша 2,4 мың тоннаны құрайды. Бұл ретте елімізде қантты жылдық тұтыну – 530-550 мың тонна, отандық шикізат есебінен қамтамасыз ету – 10%-дан аз.

Сонымен қатар қант саласын қолдау үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі өңдеуге тапсырылған қант қызылшасының көлемі үшін субсидиялар нормативтерін тоннасына 15 мың теңгеден 25 мың теңгеге дейін ұлғайтты. 2022 жылы Жетісуда орналасқан Ақсу қант зауытының жұмысы тоқтатылды. Қазір зауытта қуаты айына 10 мың тонна қамыс шикізатын өңдеу желісін орнату жұмыстары жүргізілуде. Жетісу әкімдігінің мәліметінше, зауытта 3 мың тонна қамыс шикізаты сатып алынған, «Ақсу кант» ЖШС қамыс шикізатын қайта өңдеу бойынша технологиялық желінің дайындығы – 98%. Қолданыстағы проблемалардың бірі – қанттың соңғы құнына әсер ететін мазуттың жоғары құны. Өз тарапынан энергетика вице-министрі Мағзұм Мағауов қазіргі уақытта мазут бағасы ірі шикізат иегерлері арасында 100-ден 130 теңге/кг дейін төмендегенін хабарлады. Ол шикізат иелерінің осы бағалар бойынша келісімшарт жасасуға дайын екенін растады. Кеңес қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин әкімдікке Ақсу қант зауытын қысқа мерзімде іске қосуды, ал Энергетика министрлігіне өндірушімен мазут жеткізуге келісімшарт жасасу бойынша қант зауытына жәрдем көрсетуді тапсырды.

Орталық коммуникациялар қызметі