Мәдениет

«Кел, еркем, Алатауыңа!»

«Кел, еркем, Алатауыңа!»

Ұлы дарын Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығына арналған байқау табысты өтті

Оның есімі аталса, опера, күй, ән, классика сынды атаулар қоса айтылады. Тілендиев қазақ өнерін жаңа белеске, дәуірге бастаған өнер феномені. Италия мен Францияда айрықша дамыған операны, ән, күй, романс, поэма, кантата, балет... Осындай кірпияз өнердің бәрінің жиынтығын біз бірнеше адамның ғана бойынан көре алатын болсақ, оның бастау бұлағында Нұрғиса Тілендиев тұрары даусыз.

«Достық жолымен», «Менің Қазақстаным» кантатасын, Қ. Қожамжаровпен бірлесе жазған «Алтын таулар операсы», «Халық қуанышы», «Жеңіс солдаты» увертюралары неге тұрады? «Аққу», «Ата толғауы», «Әлқисса», «Махамбет» күйлерінен қазақ даласының картинасын көреміз. Нәзіктік, қайсар рух, лиризм атаулының бәрін шығармашылығына сыйдырып жіберген дауылпаз дирижер, сырлы сазгердің кинофильмдерге жазған музыкалары, «Саржайлау», «Кел, еркем, Алатауыңа!» сынды әндері де қазақ музыкасының биік мұзарт шыңы. Ол сонысымен де аңыз адам.

Жамбыл жұртшылығы қазақ музыкасының корифейін назардан тыс қалдырған жоқ. «Халық қаһарманы» шығар-машылығын кеңінен насихаттауды мақсат еткен «Кел, еркем, Алатауыңа!» атты IV республикалық әншілер мен күйшілер байқауы аудандық әл-Фараби атындағы Мәдениет үйінде дүркіреп өтті. Облыс әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өткен байқауға Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жерлесіміз, композитор Алтынбек Қоразбаев, Нұрғиса Тілендиевпен етене араласқан, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, әйгілі әнші Нұрғали Нүсіпжанов бастаған азаматтар қазылық етті. Байқауға күй жанры бойынша тоғыз, ән өнері бойынша он сегіз үміткер қатысты. Шараның ашылу салтанатында Байзақ ауданының әкімі Мұратхан Шүкеев сөз сөйлеп, үміткерлерге сәттілік тіледі. Нұрғали Нүсіпжанов даңқты дирижер, ұлы композитор туралы естеліктерімен бөлісті. Иә, асқақ Алатаудың баурайында туылған алып тұлғаның атындағы байқаудың «Кел, еркем, Алатауыңа» деп аталуы да тегін емес еді. Байқауға қатысушылар сол әнді бебеулете орындағанда мұзарт шыңдарына көз жүгіртсең жанарың таларлық асқақ таудың бейнесін ән әлемінен, музыка тілінен байқағандай болдық. «Құстар әнін», «Саржайлауды» нәшіне келтіре шырқаған сәтте де көңіліміз көкте шарықтады. Нәзік иірімдердің қанатында тербелгендей күй кештік. Байқауға қатысушылардың дәл сол әндерді көбінесе таңдауының өзі алдымен жүректерге бойлауға тырысқанын аңғартқандай. Ал күйлерден «Ата толғауды», «Әлқиссаны», «Махамбетті» сан мәрте тыңдасақ та, жалыққанымыз жоқ. Қайта жабыққан көңілдерді жадыратып жіберді. Хош, сонымен, бірінші кезеңде өнер көрсеткен жиырма жеті таланттың он алтысы ғана екінші айналымның «сәтті билетін» қолдарына ұстап, жолдама алды. Олардың ішінде опералық дауыстағы солистер де, шанағын түртсең қазақтың жан дүниесі көрінетін домбырасын ұстаған дарындылар да бар. Кіл мықтылар екінші кезеңге өткенде қазылар алқасына оңайға соқпасын аңдаған да болатынбыз. Мұндайда қазақ «Бәйге берем жығылған балуанға да, Адалдығы сезіліп тұрар болса» деген Төлегеннің өлеңін еске алары анық қой. Біз де соған сендік. Солай болды да. Ән әуелеп, күй төгілген бұл күні үміткерлер максимальды түрде өздерінің вокалдық мүмкіндіктерін көрсетуге тырысты. Олардың санатында әрине орындау барысында бұрмалауға жол беріп қойғандар да табылды. Композитордың әнін бұзып, өзінше форма тапқысы келгендерге кейідік те. Дегенмен, ұлы тұлғаның шығармаларын керемет шырқаған алматылық Венера Алпысбаева, Жасұлан Қоңыровтың үніне де, шеберлігіне де таңдай қақпағандар кемде-кем. Сонымен, байқау қорытындысында күйшілер номинациясы бойынша Рауан Жексенбі арнайы «Аққу» сыйлығын иеленсе, Есенби Үрпеков үшінші орынға лайық деп танылды. Таңат Сәденов пен Зият Бақытжан екінші орынды еншіледі. Ал жерлесіміз Дидар Басықараев өзгелерден оқ бойы озық шығып, бірінші орынға және 250 мың теңге сыйақыға ие болды. Жезтаңдай әншілер арасынан Айнұр Назарбекова мен Балнұр Сымбатқа үшінші орын бұйырса, Қаламқас Хожаназарова мен Балнұр Мейірбек жүлделі екінші орынды, алматылық әнші Жасұлан Қоңыров бірінші орынға лайық деп танылды. Өзгелерден өзгеше шығып, әдемі даусымен дүйім жұртты баурап алған, Алатау баурайынан келген тағы бір тамаша әнші Венера Алпысбаева байқаудың бас жүлдесін және 500 мың теңге сыйақысын қанжығасына байлады. Осылайша өнер алыбының шығармашылығын насихаттаған байқау да мәресіне жетті.

Байзақ ауданы.

Суретті түсірген Айдар Алдабергенов.