- Advertisement -

Қазақ пен қамшы

246

- Advertisement -

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым- Жомарт Тоқаев жақында Жамбыл облысына іссапармен келіп, ауылда тұратын қолөнер шеберлерінің көрмесін тамашалаған болатын. Мемлекет басшысы көздің жауын алатын, ұлттық нақышта әсем безендірілген бұйымдарға қарап, тәнті болды. Солардың қатарынан өзіне қамшы сатып алғанын естіп, іштей тебіреніп, бойыма шабыт берді.

Автордан.

Қазақ деген дана халық, данышпан,
Жаратылған рухы биік намыстан.
Жақсы менен жамандықты айырып,
Бас қосқанда ой тастаған алыстан.

Қазақ деген үлкендерін сыйлаған,
Бабалардың бай мұрасын жинаған.
Әншілері тектілікті шырқаса,
Ақындары батырлықты жырлаған.

Қазақ деген дәстүр-салтын сақтаған,
Үлгі болар жақсыларын жақтаған.
Қай кезде де қонақтарын құрметтеп,
Жас қауымды ізгілікке баптаған.

Қазақ деген мейірімі мол, ұлтжанды,
Бөлмеген ол түсін түстеп ұлттарды.
Достық пенен татулықты ту етіп,
Бейбіт күннің берекесін құптады.

Қазақ деген құрғақ сөзді айтпайды,
Сертке берік, жарты жолдан қайтпайды.
Жомарттығы өз алдына бір төбе,
Бір көрген дос сыртта жүріп мақтайды.

Қазақ осы сыйға тартса қамшысын,
Жеткізгені ол шын жүректен алғысын.
Қамшы деген киелі бұл асыл зат,
Бір қаруы батырлардың нар мүсін.

Ел қорғаған, жер қорғаған батырлар,
Жау тигенде арыстандай атылар.
Бес қаруы болса-дағы бойында,
Қолдарынан түскен емес қамшылар.

Қамшы тастау қалған дәстүр атадан,
Мұның сырын біле бермес жат адам.
Билер өткен: Төле, Қазыбек, Әйтеке,
Алаяқты қамшыменен матаған.

Қайсар қазақ төрге ілген қамшысын,
Көрсетпеген жанарының тамшысын.
Қамшы тұрса жын-шайтандар жоқ болар,
Әркім өзі болжай берер арғысын.

Білегіне дырау қамшы ілдірген,
Көкпаршы да бар айбатын білдірген.
Бұл қамшының киесі де көп екен,
Бұрын-соңды оның жайын кім білген?

Ұлттық ойын – қыз қуу да бір қызық,
Бөріктіге керек емес түр бұзып.
Қамшыласа қыз жігітті аямай,
Қошеметтеп қол соғады жұрт қызып.

Жыры да көп, сыры да көп қамшының,
Тұмарындай болып кеткен малшының.
Тал бойынан табылып та қалады,
Аң-құс іздеп дала кезген аңшының.

Киесі мол байқап көрсең қамшының,
Кейде дәмін татқызады ащының.
Бақсы-балгер жасағанда ем-домын,
Айтқызады науқас жанның бар шынын.

Неше түрлі өрімдері мықты екен,
Іскерлікпен қиыстырып бүктеген.
Қырық өрім қамшы қолда тұрғанда,
Ер жігіттен аулақ кетпес құт деген.

Кім біледі қандай оймен алғанын,
Айтқан жақсы жанарының шалғанын.
Қамшы деген сатылады әр жерде,
Жамбылдықтар білсе керек талғамын.

Өнерлінің еңбегі де еленді,
Өзі де бір шат сезімге бөленді.
Қолөнерін құрметтеу де үлкен сый,
Ауызынан тастамайды ел енді.

Қамшыларды хас шеберлер жасаған,
Әшекейлеп әдептен бір аспаған.
Көздің майын тауысса да талай күн,
Қия тартып қиянатқа баспаған.

Айтсам деймін ақиқаттың астарын,
Желкілдеген өсіп келед(і) жас қауым.
Қазақ, қамшы – егіз ұғым ежелден,
Осы жағын біліп жүрсін жастарым!

 

Ахметжан ҚОСАҚОВ,
ардагер журналист, Қазақстанның
Еңбек сіңірген қайраткері.
Шу ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support