Саясат

Ұлт мақтанышы қалай ұлықталды?

Ұлт мақтанышы қалай ұлықталды?

«Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ» Н.Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті.7 Батырбек ҚҰЛЕКЕЕВ, Жуалы ауданының әкімі.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев таяудағы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты халыққа Жолдауында және оның сәл-ақ алдында Астана қаласының активімен өткен жиында алдағы жылы елімізде Қазақ хандығының 550 жылдығы мерекеленетінін атап көрсетті. Бұл шешім сыртта айтылып жүрген – қазақтарда бұған дейін мемлекеттілік болған жоқ» деген сыңаржақ пікірлерге батыл тойтарыс болды. 

Шынтуайтында, Керей мен Жәнібек 1465 жылы Шу аңғарында алғашқы қазақ хандығының іргесін қалағанымен, қазақ мемлекеттілігінің тарихы тым әріден бастау алатынын ұмытпағанымыз абзал. Елбасы сөзімен айтқанда, ең маңыздысы, біз – батыр бабаларымыз бастаған ұлы істердің мұрагеріміз, соны болашаққа жалғаушымыз. Бүгінде еліміз барлық таяу мемлекеттермен көпғасырлық достық және тату көршілік дәстүрлерін сақтап отыр. Осы қарым-қатынасты әрдайым сақтағанымыз жөн. Жалпы, қазақ халқы қай кезеңдерде де ұлт тәуелсіздігі жолында, ұрпағының жарқын болашағы үшін қанын да, жанын да аямаған хас батырлардан кенде емес. Әсіресе, үш ғасырдан астам орыс боданында болған шақта қайсар халықтың отарлау саясатына қарсы 2500-ден астам ірілі-ұсақты көтеріліске шыққаны тарихтан белгілі. Осындай аумалы-төкпелі заманда қазақта ел билеген датқалар, аға сұлтандар көп болған. Соның бірегейі – Батырбек датқа. Меккеге қажылыққа барып, қонақ үй салдыртқан, қажы атанған тарихи тұлға ел тізгінін қолына алған шақта өз мүддесінен елінің, халқының мүддесін жоғары қойған, елді мекендерде мешіт-медреселер салдыртып, мұсылман елдерінен білімді ұстаздар алдыртып, жергілікті халыққа ислам құндылықтарынан дәріс тыңдатып, жас жеткіншектердің діни білім алуына толық жағдай жасады. Осылайша, он тоғызыншы ғасырда қазақ халқын дінсізденуден, өз салтын, дәстүрін, тілін, дінін ұмытпаудан сақтап қалды. Сонымен Батырбек датқа кім болған? 2000 жылдардың басында Талас ауданында әкім болып жүргенімде Батырбек датқаның замандастары, оңтүстікте билік құрған Сапақ, Шоқай датқалардың еңбегін ұлықтап, халықтың мәңгі есінде қалдыруда атқарылған шаруаның басы-қасында болған тәжірибем бар-ды, сонымен бірге қазақтың біртуар ақын қызы Ұлбике Жангелдіқызына аудан орталығындағы мәдениет үйінің алдында ескерткіш қойылып, есімі мәдениет үйіне берілді. Енді міне, Жуалы ауданына әкім болып келгенімде, жергілікті ақсақалдар, зиялы қауым өкілдері Батырбек датқаға сый-құрмет көрсету туралы өтініштермен алдыма келе бастады. Әлдебір жағдайларға байланысты есімі ауызға алынбай келген Батырбек датқа туралы тарихи деректер мен дәйектерді там-тұмдап жинақтап, зерделей бастадым. Иә, тарихи тұлғаның есімін елді мекенге, көшеге беру жөнінде өтініш-тілектер де аз айтылмаған екен. Оны аудан басшыларына әр жылдары жазылған тұрғындар өтініштерінен оқып білдім. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген мәтел тұрғысынан алғанда, халықтың өзінің өткенін зерделеп, тиісті құрметке лайық тұлғаларды ұлықтауға деген талпынысы құптауға тұрарлық. 2003 жылдың 9 қазанында Күреңбел ауылдық округі тұрғындарының жиыны өтіп, онда Батырбек датқаның есімін оның өзі туып-өскен Күреңбел ауылына беру туралы мәселе қаралған. Жиында ауыл-аймаққа танымал азаматтар сөз сөйлеген. Жиынға қатысқан 155 адамның 152-сі жақтап дауыс берсе, біреуі қалыс қалған, ал екеуі қарсы болған. Жиналысқа Ж.Тұрсынбетов төрағалық еткен, хатшысы А. Әбдіқұлова болған. Жиын хаттамасын сол тұстағы ауылдық округ әкімі Ә. Жадыраев растап қолын, мөрін қойып, аудандық ономастика комиссиясына жолдаған, бірақ халықтың, зиялы қауымның өтініш-тілектері нәтижесіз қалған. Ауданның соғыс және еңбек ардагерлері, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мұнымен де қарап қалмай, 2005 жылдың 23 маусымында сол тұстағы аудан әкімі Серғали Айдапкеловке хат жолдаған. Онда Батырбек датқаның халыққа сіңірген еңбегі атап көрсетіле келіп, осы іске қозғау салуды өтінген. «Құрметті Серғали Өмірзақұлы! Тарихи тұлға елжанды Батырбек датқаның есімін Күреңбел ауылына беру туралы аудан азаматтарының, ауыл тұрғындарының өтінішін елеусіз қалдырмай, өзіңіз бас болып, жоғарыдағы басшыларға жеткізіп, оң шешім қабылдануына көмектессеңіз. Батырбек датқаның замандастары Байзақ, Сапақ, Шоқай датқалардың есімдері көрші ауданға, елді мекендерге беріліп жатқанда бұл кісінің атында не елді мекен, не жөні түзу көше бұйырмауы ұят-ақ» деп аяқталған. Бәрі орынды. Халқына, еліне зор еңбек сіңірген тарихи тұлғаны қалай ардақтасақ та жарасады. Саралап қарасақ, осы күнге дейін айтулы бабамыз туралы жазылған деректі кітап, не ол кісінің бейнесі сомдалған мүсіні, не ескерткіші жоқ екен. Сондықтан ел-жұрт оның еңбектерін көп біле алмай отыр. Батырбек датқаның қыстауы, мешіт-медресе тұрғызған мекені сөз жоқ мәдени-тарихи орынға жатады. Алайда керітартпа саясаттың кесірінен ол талқандалып, орны үйінді болып қалған екен. Алдымен осы киелі орынды қайта қалпына келтіріп, датқа бабамыздың басын қарайтып алуды көздедік. Батырбек датқа бір рудың еншілейтін кісісі емес, ол – қазақ халқына ортақ тарихи тұлға. Батырбек датқа – шебер саясаткер, ұстамды, парасатты, ислам дініне, салт-дәстүрге өте берік, еліне, халқына шын берілген кемеңгер тұлға. Батырбек датқа – ұлтымыздың тарихи тұлғасы. Осы уақытқа дейін түрлі деңгейлердегі газеттерде тарихи тұлғаның еңбегінің ескерусіз қалып келе жатқандығы туралы филолог-ғалымдар, тарихшылар, жазушылар, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, ақсақалдар атынан бірнеше көлемді мақалалар жазылды. Бұл жарияланымдар өз кезінде қиянаттылықпен есімі тарих қатпарында қалып қойған біртуар тұлғаны оқырманға жақынырақ таныстыруда көп маңыз атқарды. Дейтұрғанмен, саңлақ саясаткер, данагөй басшы әлі де өзіне лайықты бағасын ала алмай келген екен. Батырбек датқа туралы деректермен танысып, ой елегінен өткізгеннен кейін аудандағы мекеме басшыларымен, зиялы қауым өкілдерімен шұғыл басқосу өткізіп, мәселені солардың талқысына салып алдық. Сөйтіп, шаруамыз бір ыңғайға келе бастағандай болды. Батыр баба есімін есте қалдыруда қадау-қадау іс тындыру қажет болды. Бұл ретте атқарылатын сауапты істің бастылары ретінде датқаның өзі тұрақ еткен, қазақтың көптеген игі жақсыларын күткен Датқасаздағы кесенесін қалпына келтіру, жол бойынан еңселі ескерткіш орнату жұмыстарын таңдап алдық. Көп ұзамай осы бағытта қызу тіршілік қолға алынды. Әрине, көпшіліктің күш біріктіруінсіз ешнәрсе шешілмесі анық. Қолұшын беремін деген жанашыр ағайын Халық банкінің аудандық бөлімшесінде ашылған «Бауыржан Момышұлы» атындағы қоғамдық қорға «Батырбек датқаға» арнайы белгісімен қаражат аударуға мүмкіндік алды. Осы жұмыстармен қос-қабат «Батырбек датқа» тарихи-таным-дық жинағын басып шығару жоспарланды. Оған елімізге танымал тарихшы ғалымдардың, қоғам қайраткерлері мен жазушылардың, журналистер мен жұртшылық өкілдерінің орталық және жергілікті мерзімді басылымдарда жарияланған мақалалары арқау болды. Жинаққа белгілі абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы жетек-шілік етіп, редакциялық алқасын Жуалы аудандық «Жаңа өмір» газетінің бас редакторы, журналист Мейірбек Мәтенов басқарды. Осылайша, қысқа мерзімде «Батырбек датқа» атты тарихи-танымдық жинақ құрастырылып, Алматы қаласындағы «Нұрлы әлем» баспа-сынан 500 дана таралыммен жарық көрді. Жинақ ХІХ ғасырда Жуалы өңірінде өмір сүріп, саналы ғұмырын халқының жарқын келешегі жолында ат үстінде өткізген айтулы қолбасшы, мемлекет қайраткері, данагөй басшы, датқа Батырбек Рысбекұлы мен ол өмір сүрген кезең туралы оқырманға мүмкіндігінше мол мағлұмат беру, оның еліне, халқына, ұлтына сіңірген тарихи еңбегін бағалауға үлес қосу, дәуір шындығын ашып көрсетіп, датқа есімін кезінде жасалған қиянаттан арашалап алып, тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге тырысу мақсатын көздеді. Авторлар ретінде қоғам қайраткері Әділ Ахметов, батыр ұрпақтары, еңбек ардагерлері, жазушы-журналистер тартылды. Марқұм жазушы Бақытяр Әбілдаұлының естелік еңбектері пайдаланылды. Осы жинақ батыр баба есімін қастерлеуде кейбір олқылықтың орнын толтырды деп сенеміз. Осыған дейін ел аузында жүрген, батыр есіміне көлеңке түсіріп келген «Байзақ датқаның өліміне Батырбектің қатысы бар екен» деген қаңқу сөзді ел-жұртты адастыру үшін патша жандаралы Черняевтің қаскөйлікпен әдейі ұйымдастырылған жымысқы әрекеті екені әшкере болды. Тарихшылар бұл уақиғаны бүге-шігесіне дейін зерделеп, Ташкент мұрағатынан табылған тарихи фактілермен бұлтартпастай етіп дәйектеп берді. Бұған абайтанушы, филолог ғалым, профессор М.Мырзахметұлы және елімізге танымал бірқатар ғалымдардың осы тұстарда республикалық баспасөз беттерінде датқалардың өміріне қатысты Ташкенттегі мұрағаттан табылған деректер негізінде жазылған көлемді мақалалары дәлел болады. Бұл мақалаларда қатыгез, қазақ халқының қас жауы айлалы Черняевтің жергілікті халық арасында өзінің зымиян саясатын құпия қалай жүргізгені туралы айтылады. Ол билік басындағы датқалардың туған-туыстарын, ұрпақтарын, бір-бірлерімен қалай жауластырғанын, датқалардың көзін жоюды қалай іске асырмақшы болғанын және тағысын тағы жоспарларын өзінің Петербордағы бастығына құпия түрде жазбаша баяндап отырған. Кеңес өкіметі Черняевтің Оңтүстік өңірде уақытында жүргізген, іске асырған айлалы саясатын одан әрі дамытып, өз мақсаттарына шебер пайдаланды. Кеңес өкіметінің саясаты, үгіт-насихаты бір мақсатты көздеді, ол – қазақ халқы Ресейге өз еріктерімен қосылды, отарлау, зорлық-зомбылық болған жоқ. Біз бір жарым ғасыр бойы осы өсекке, жалаға сеніп келіппіз. Байзақ датқаның қайғылы өлімін өзінің замандастарынан, бір-бірлерімен сыйласып жүрген датқалардан көріп келдік. Айлалы жала, өсек санамызды бір жарым ғасыр бойы улады, сендірді. Черняевтің оңтүстік өңірді басып алу кезінде, әскери экспедициясына азық-түлікпен, сарбаздарымен көмектескен датқалар, билер, т.б. Ресейдің достары деп есептелді де, исламды, мұсылман бауырларын жақтаған, халқы мен елін жатдінділердің отарлауына ашықтан-ашық қарсы болған Батырбек датқа мен оның туған-туыстары, ұрпақтары патшалық Ресейдің кейін Кеңес өкіметінің жаулары деп есепке алынып, жасырын қудалауға ұшыраған екен. Кеңес өкіметі Батырбек датқаның Оңтүстік өңірде, билік басында болған уақытында өз қаражатына тұрғызылған Датқа сазындағы (Жуалы ауданы, Күреңбел ауылы), Қошқарата өзені бойындағы Қошқарата ауылы, Талас ауданындағы Көктал, Қызыләуіт, Сайрам ауданындағы Қайнарбұлақ, Қарабұлақ елді мекендерінде күйдірілген кірпіштен тұрғызылған зәулім, сәулетті мешіт-медреселері аяусыз талқандалды. Өзінің күмбезі де қиратылды. Түлкібас, Сайрам, Жуалы аудандарындағы қаздыртқан су арналары, Талас ауданындағы Көктал (қазір шипажай), Қызыләуіт су қоймаларын (тоған) салдыртқан, қаздыртқан су арналары, халықты ауыл-ауыл етіп, орнықтырған, тамдар салдыртқан, тал-ағаштар еккізген, т.б. еңбектерін Кеңес өкіметі халықтың жадынан өшіруге тырысты. Батырбек датқаның ұрпақтарын қудалауға ұшыратып, күн көрсетпеді. Лауазымды қызметтерге алмады. Т.Рысқұловтың қамқорлық көрсетуінің нәтижесінде үрім-бұтақтары аман қалды. Тағы бір жарияланымда Жамбыл облысының Құрметті азаматы, жазушы, драматург, қоғам қайраткері Арғынбай Бекбосын бастаған облысқа және ауданға танымал азаматтар Батырбек датқаның ұлтымыздың тарихи тұлғасы екені, бірақ оның сіңірген еңбегі әлі де ескерусіз қалып келе жатқаны айтылған. Одан бөлек, осы 10 жыл аралықта ғалымдар, жазушылар, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары т.б. елге танымал кісілердің мақалалары республикалық «Егемен Қазақстан», «Түркістан», «Қазақ», облыстық «Ақ жол», «Ар-Ай», Тараз қалалық «Жамбыл-Тараз», Жуалы аудандық «Жаңа өмір» газеттерінде жарық көрген. Осы айтылған жайттардың барлығы Жамбыл облысының сол тұстағы әкімі Қ.Бозымбаевқа жазылған хатқа негіз болып алынды. Хатта былай делінді: Құрметті Қанат Алдабергенұлы! Өзіңіз жақсы білетіндей, ежелгі Тараз өңірі ел бостандығы үшін күрескен қол бастаған батырлар мен сөз бастаған шешендерге бай өңір. Халық өз тәуелсіздігін алғалы олардың атын жаңғыртып, тиісінше құрмет көрсетіп келеді. Тарихи тұлғалардың есімін мәңгі есте қалдыру үшін оларға ескерткіштер тұрғызылып, есімдері аудан, ауылдарға, мектептер мен көшелерге берілуде. Облыс аумағында халықты ұлт-азаттық көтерілісіне бастаған төрт датқа болса, соның үшеуіне – Байзақ датқаға, Сапақ датқаға, Шоқай датқаға тиісінше құрмет көрсетіліп, олар тарихтан өз орнын алып отыр. Ал есімі Жуалы өңірімен байланысты, осында туып, жерленген Рысбек батырдың ұлы Батырбек датқаның есімі әртүрлі себептермен бүгінге дейін еленіп, ескерілмей келді. Бұл мәселе, тарихи шындық соңғы он жыл бойы облыстық, республикалық басылымдарда небір дуалы ауыз ғалымдардың, тарихшылардың, жазушылардың бастамасымен үздіксіз көтеріліп келе жатқанына қарамастан, еліміздің бүкіл оңтүстік өңіріне ықпалын жүргізген, өзінің бар ғұмырын халықтың бірлігін сақтауға, сыртқы жаудан қорғауға, діни сауатын ашып, ілім-білім алуына жұмсаған аса зор тарихи тұлға өз орнын таба алмай келді. Осыған байланысты ауданның белді азаматтарының, қадірменді қарияларының бастауымен аудандағы Қарасаз ауылдық округі аумағында Рысбек батырдың ұлы Батырбек датқаға лайықты еңселі ескерткіш тұрғызу жөнінде шешімге келіп отырмыз. Қадірлі Қанат Алдабергенұлы! Біз Сіздің еліміздің өткеніне, тарихына аса құрметпен қарай-тыныңызды білеміз. Бұған ондаған жыл айтылып, шешілмей келген көне Тараз қаласында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге жол ашып бергеніңіз куә. Біздің көздегеніміз де тарихи әділеттілікті қалпына келтіру. Сондықтан Жуалы халқының бас-тамасына колдау білдіріп, игі істі бастауға рұқсат беруіңізді сұраймыз. Ескерткішке кететін шығынды өзіміз көтереміз. Өзіңізге деген аса зор құрметпен» дей келіп, ел ағалары аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарас Мұратай, Жуалы ауданының Құрметті азаматтары, соғыс және еңбек ардагерлері Естемес Аманбеков, Жұбатхан Базарбаев, Әбдікерім Жолдасов, Бекасыл Белгібаев, Аманжол қажы Дүрәліұлы, Жарылқасын Ергебеков және т.б. қол қойған. Облыс әкімі Қ. Бозымбаев бұл игі істі қызу қолдады. Батырбек датқаға арналған еңселі ес-керткішті «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінен таяқ тастам жерде, ауылға кіреберісі биіктеу жерге орнату белгіленді. Ескерткіш те бас-аяғы бір жазда соғылып, күзге салым тұғырына қондырылды. Оның ашылу рәсіміне алыс-жақыннан ағы-лып келген ағайынның қарасы мол болды. Аудандық «Достық» мәдениет үйінде «Батырбек датқа» тарихи-танымдық жинағының тұсаукесері мен ғылыми-прак-тикалық конференция ұйымдастырылды. Құнарсыз жерде дән өспейді. Туған жерінің табиғатына мінез-құлқы тартпайтын адам кемде-кем. Батырбек датқалар бастаған ерлік дәстүрін жалғаушы Бауыржан Момышұлы мен генерал Бақытжан Ертаевтың қаһармандығы мен өрлігін Жуалы табиғатына ұқсататындар аз емес. Сонымен бірге есімі елімізге танымал ұлағатты ұстаз, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Алматы қаласындағы №159 мектеп-гимназия директоры Аягүл Төреқызы Миразова туралы да мақтанышпен айтуға болады. Оның ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беруде ұзақ жылдар қалтқысыз еткен еңбегі лайықты бағаланып, жерлесіміз Елбасының қолынан №1 Қазақстанның Еңбек Ері куәлігін алды. Ол сондай-ақ «Алтын жұлдыз», «Отан» ордендерінің иегері. Туған жер топырағынан түлеп ұшқан, бүгінде Назарбаев университетінің профессоры Гүлтас Сайынқызы туралы да жылы лебізімді білдіргім келеді. Өзі жырақта жүрсе де, жүрегі туған жер деп соққан Гүлтас аудан басшылығының оралымды бастамаларын әркез қолдап жүреді. «Батырбек датқа» тарихи-танымдық жинағының алғысөзінде «Қазақта «Таулар алыстаған сайын биіктей береді» деген аталы сөз бар. Ендеше, осыған дейін еленбей келген арыстың тұлғасы тарихтан өз орнын тауып, жарқырайтын күн алыс емес, ағайын» деп жазған екенбіз. Алда – ол кісінің ұлт алдында-ғы тарихи-әлеуметтік, мәдени, елдік қызметін зерттеп, зерделеп, қабырғалы жұртына жеткізу міндеті тұр. Оған танымал тарихшылар мен қоғам қайраткерлері, жазушылар үн қосады деген сенімдеміз. Бұл тарихи тұлғаның елге сіңірген еңбегін дуалы ауыздан елге танымал тарихшылар, қоғам қайраткерлері бағалап, кесімді пікірін айтуы тиіс. Ал ғалымдардың ортақ пікірі қорытынды байлам болады. Батырбек датқа туралы шындықты ізденіп, оны келер ұрпаққа жеткізу тарихшыларымыздың еншісінде. Алдағы жылы еліміз Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуын сал-танатпен атап өтеді. Мерейтой облысымыздың аумағында өтетін болады деп жоспарлануда. Мерекелік шаралар аясында Әулиета өңіріндегі тарихи орындар жаңғыртылатын болады. Осындай тарихи құнды жәдігердің бірі, Тараз қаласындағы бұрынғы орталық базар астында қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан көне шаһар жұрты ашық аспан астындағы қалаға айналып, туристер назарын өзіне аудартады. Одан бөлек, осы айтулы мереке қарсаңында өңірдің әр тұстарында ел-жұртқа қорған болған тұл-ғалардың мерейтойлары, кесенелері мен ескерткіштері жаңғыртылуда. Күні кеше Мойынқұм өңіріндегі Биназар болыстың кесенесі, Құралай сұлу күмбезі қалпына келтіріп, салтанатпен ашылды. Бұл игілікті іске облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы Көкірекбаевтың өзі бас болып жүр. Өткенімізді бағамдауда, тарихымызды таразылауда елімізді, соның ішінде өңірімізді басқарған азаматтар мен ел-жұртқа танымал тұлғалардың да сіңірген еңбегі орасан. Әрісін айтпағанда, кешегі Асанбай Асқаров, Өмірбек Байгелді, қоғам қайраткерлері, жазушы Шерхан Мұртаза, Мырзатай Жолдасбеков, Асанәлі Әшімов, Махмұд Қасымбеков, Арғынбай Бекбосын және тағы да басқа ағаларымыздың есімдерін қастерлеп айтамыз.