Жаңалықтар

«Бара бер, ақша игеру мәселесін кейін шешем...»

«Бара бер, ақша игеру мәселесін кейін шешем...»

Менің Байқош деген танысым аудандық кәсіпкерлер одағының төрағасы болып істейтін. Соны ойда жоқта орталыққа жиналысқа шақырды. Жиналыстан кейін Байқош одақтың ең үлкен бастығының қабылдауына кірсе: «Жылда ақша бөлеміз, кәсіпкерліктерің қайда, іскерліктерің қайда, бөлінген ақша қайда? Тіпті есеп беру дегенді білмейсіңдер! Адамгершіліктерің қайда, на то пашло, әлгі мораль дейтін бе еді, сол моральдарың қайда!» деп ұрсып отыр дейді. Сол кезде Байқош: «Басеке, осы мәселе бойынша сізге арнайы доклад дайындап келіп ем. Айтпақшы, бізде бір сұлу келіншек кәсіпорын ашып, жұмыс істеп жатыр еді, сол ару сізбен «сөйлесем» дегесін, ертіп келіп ем» дейді. «Ол қайда, осында ма?» «Иә, сіздің қабылдау бөлмеңізде күтіп отыр». «Онда кірсін». Қабылдау бөлмесінде отырған кәсіпкер келіншек кіріп келгенде, оның сұлулығынан аузының сілекейі ағып, тілі күрмеліп қалған үлкен бастық Байқошқа: «Сен бара бер. Ал ақша игеру мәселесін мына кәсіпкер келіншекпен әңгімеден кейін шешем» депті.

Жұмат Әнесұлы, «Ұлт ақпарат» сайтынан.