- Advertisement -

Өз ісінің үздігі

57

- Advertisement -

Саналы ғұмырының қырық жылын кітапхана саласына арнаған еңбек ардагері – Нұрғаным Азимова 70 жасқа толып отыр. «Тынымсыз еңбек мұратқа жеткізеді» деген ұстанымды ұстанған Нұрғаным бүгінде еңбектің зейнетін көруде.

Теріс ауылдық кітапханасында ұзақ жыл жұмыс істеген ол өз замандастарының арасында зор беделге ие болды. Ол үшін жұмысы жоғары тұрды. Ойлаған әрбір ісіне жауапкершілікпен қарады. Оның кітапханасы кірсе шыққысыз, гүлмен көмкеріліп, оқырманын ыстық ықыласымен тартып тұратын.

– Менің еңбек жолымда жеткен жетістігім аз болмады. Соның бірі – Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында облысымыздың бұрынғы әкімі Бөрібай Жексембиннің қолынан Тұңғыш Президенттің «Құрмет грамотасын» алғаным бар. Бұл сол кездегі менің 40 жыл мәдениет саласындағы еңбегіме берілген жоғары марапат болды, – дейді Нұрғаным Рахымбекқызы.

Иә, ол өзге де марапаттардан кенде емес. Уақтысында аудан, облыс әкімдерімен қатар, Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасымен де марапатталған болатын.

Нұрғаным Түктібай ауылында дүниеге келіп, сол ауылдағы М.Әуезов атындағы орта мектепті бітірді. Мектеп бітірген жылы Жамбыл мәдени ағарту училищесінің кітапханашы бөліміне оқуға түсті. Оны бітіріп, еңбек жолын Түктібай ауылындағы кітапханада кітапханашы болып бастаған. Үйдің үлкені әрі әкеден ерте айырылған Нұрғаным Рахымбекқызы өзінен кейін үйелмелі-сүйелмелі іні-сіңлілеріне көмектесті. 1973 жылы Құлибай Садықов деген азаматқа тұрмысқа шығып, Бақалы ауылдық кітапханасының кітапханашысы болып ауысады. Мәдениет үйінде де біраз жыл әдіскер болып жұмыс істейді.

Тоқсаныншы жылдардың басында Теріс ауылдық кітапханасына кітапханашы болып ауысады. Ол ауылдағы талан-таражға түскен кітапхананы қалпына келтіреді. Кейіннен қаңырап, ешкімге қажеті болмай қалған мәдениет үйінен кітапхананы сол тұстағы «Жаңа Теріс» өндірістік кооперативінің бастығы Ә.Мықтыбеков пен Көкбастау ауылдық округінің әкімі Ж.Мүсірепбековке айтып, кооператив кеңсесіне көшіріп алады. Азын-аулақ жалақысын місе тұтып, кітапхана қорындағы кітапты көзінің қарашығындай сақтай білді. Мәдениет пен кітапхананың өтпелі кезеңінің қиындықтарына тап болғанын, егемен еліміз аяғын нықтаған соң мәдениет пен кітапхананың қайта жаңғыратынына сенді. Сол сенім ақталды. Еңбегі де жанып, басшылар тарапынан еңбегі ескерусіз қалмады.

Еңбек ете жүріп кітапханасында түрлі тақырыптарда тәрбиелік мәні зор іс-шаралар, оқырмандармен жиі кездесулер өткізіп тұрды. Бұрынғыдан да кітап қорын молайтып, өзінен кейінгі жастарға өткізіп, аманаттап кетті.

– Менің жұмыстағы басты мақсатым – ауыл тұрғындарын, әсіресе, жастарды кітапты сүюге, білімін кеңейтуге баулу еді. Осы арқылы егемен еліміздің лайықты азаматтарын тәрбиелеп, қалыптастыру болған еді, – дейді Нұрғаным Рахымбекқызы.

Бүгін 8 наурыз мерекесімен қатар келіп отырған өз ісінің үздігі, әжеміз Нұрғаным Рахымбекқызын 70 жасқа толған туған күнімен құттықтап, деніне саулық, отбасына амандық тілейміз.

 

Диас МАРАТҰЛЫ,

журналист.

Жуалы ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support