- Advertisement -

Билікте қыздар көбейді, жігіттер оған не дейді?

45

- Advertisement -

Есте жоқ ерте дәуірден-ақ, ерлер мен әйелдер арасындағы теңсіздіктің бар екенін білеміз. Хауа ана Адам атаның қабырғасынан жаралыпты деген мысалдың өзі неге тұрады?! Бірақ қазір заң басқа, заман басқа. Ара-тұра «билік әйелге қол емес, оның орны отбасы, ошақ қасы» дегенді құлақ шалады. Бұл пікір, сірә, олардың тұрмыстық жағдайға көбірек мойын бұратын табиғи міндеттерінен туындаса керек. Дегенмен, «адам қабілетті ме, ол жынысқа бөлінбей жұмыс істеуі керек» дегенді алға тартатын да бір қауым ел бар. Шын мәнінде, әйелдер үйде отыруы керек болса, полиция қызметі мен өрт сөндіру саласындағылар бірінші болып босатылуы керек еді ғой.

Қалай десек те, мемлекеттік қызметте әйелдердің белсенділігі жыл сайын өсіп келеді. 2022 жылғы жағдай бойынша, еліміздегі мемлекеттік қызметшілер арасындағы әйелдердің үлес саны 55,7 пайызды құрады. Қазақстанның мемлекеттік қызметшілер саны 82,7 мыңды құраса, оның 46 мыңнан астамы – әйелдер. Басшы лауазымдарда шамамен 9 мың әйел қызмет атқарады. Бұл статистиканы кезінде атқа қонған арулардың ерлігімен салыстыруға бола ма? Мерейлі мереке қарсаңында осы сауалды облысымызға танымал азаматтарымызға қойған едік. Әркімнің пікірі – өзінің жеке ойы. Біз ұсындық. Түйін – өзіңізде.

Сағындық ОРДАБЕКОВ, медицина ғылымдарының докторы:

Бүгінде мұғалімдердің 90 пайызы, дәрігерлердің 80 пайызы – әйелдер. Гендерлік саясатты алға қойып, қанша жерден оны құнттасақ та әйелдің орны – өзінің қасиетті Отаны. Шын мәнісінде әйел – отбасының ұйытқысы ғой. Отбасында береке болса қоғам тыныш дамиды. Түзу жолдан ауытқымайды. Тізбелей берсек, оған дерек те, дәйек те мол. Билікке 30 пайыз әйел керек екен деп, әйелдің басты міндеттерін кейінгі орынға қоюға болмайды. Әйел ең әуелі ұлттың санын көбейту керек. Ұрпақтың тәрбиесін босаңсытпау керек. Ол да ұлттың, мемлекеттің ең негізгі мәселесі екенін ұмытпау қажет.

Бақытжан СОВЕТҰЛЫ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:

– «Әйелдер – нәзік жанды» дегенге келісе бермеймін. Керісінше «Әйелдің қырық жаны бар» дегенге келісемін. Күні кеше Жамбыл ауданы, Аса ауылына барып келдім. Сонда Асылгүл Дайырханова деген мықты әйелді көрдік. Бір өзі бір шаруашылықты шыр айналдырып отыр. Жүзге тарта жылқысы, мыңға жуық қойы бар. Одан бөлек сүт, май, құрт-ірімшік шаруашылығын дамытатын ойы бар екен. Ерлік пе, ерлік! Еңбек пе, еңбек! Бұл жай ғана мысал. Тоқырау жылдарында да, ашаршылықта да әйелдердің сұмдық ерлік көрсеткенін тарихтан білеміз. Тоқсаныншы жылдарда да ала дорбаны арқалап, отбасын асырауға барын салған, бүкіл бір ұлттың сақталуына атсалысқан осы әйелдер. Сондықтан билікте де, кәсіпте де, мемлекеттік қызметте де әйелдердің өз орны бар.

Нұркен МАҚСАТ, саясаттанушы:

– Психологтардың пікірінше, қыз-келіншектер қиындыққа төзімді, дипломат, ісіне адал келеді. Олар күмәнді мәмілеге, көзсіз тәуекелге бармайды, тұрақтылықты жанжалдан жоғары қояды, билігін теріс мақсатқа пайдаланбайды екен. Әлеуметтік шиеленісті тез реттейді. Қазіргі таңда ұлттық экономикадағы әйелдер үлесі 50 пайыздан асады. Яғни, шағын және орта кәсіппен айналысатын азаматтардың тең жартысы қыз- келіншектер деген сөз. Сарапшылардың пікірінше, еңбек нарығында нәзік жандылардың көбейгені экономиканы әртараптандыруға септеседі.

Барлық азаматтың еліміздің саяси өміріне тең дәрежеде қатысуын қамтамасыз ету – мемлекетімізде демократия мен еркіндіктің, азаматтық қоғамның қалыптасуына ықпал етеді. Әйелдердің озық білімді, бәсекеге қабілетті болуы, мемлекеттің саяси өміріне және мемлекеттік аппараттың жұмысына белсенді араласуы, қай салада болмасын шешім қабылдауға атсалысуы – заман талабы.

Асқарбек СЕЙІЛХАН, ҚР еңбек сіңірген артисі:

– Өзге ұлттармен салыстырғанда қазақ әйелінің қайраткерлігін ерекше атауға болады. Тарихымыздан белгілі, аңыз аналарымыз ер адам сияқты мінезді, нақты шешім қабылдай алған. Расында қазақ үшін әйел адамның орны өте жоғары. Ананы сыйлауға қазақ ерекше мән берген. Қазақ қоғамында әйел теңсіздігі мәселесі болмаған. Бұл Алаш қозғалысы кезінде пайда болған ұғым. Қазақ ер азаматпен әйелді бірдей көрген. Гендерлік саясат қазақ тарихында болмаған нәрсе. Раушан коммунистен бастап, Тұмар ханым, Бопай анамыз, Абайдың анасы Зере әжеміз бар. Қазір де мысалға алсақ, билікте қаншама мықты қыздарымыз ел басқару ісіне араласып жүр. Өнерге, білімге, ғылымға, жалпы барлық салаға атсалысып жүрген мықты қыздарымызды гендерлік саясаттың жемісі деп айтуға болмайды. Олар қай заманда да ұлттың дамуына, елдің алға жылжуына өз үлестерін қоса алған, қоса да бермек. Әрине, қазақ қоғамында еркектің артықшылығы қалай да бар.

 

Гүлжан РАХМАН

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support