Жақсының жолы
Жақсының жолы
Көпті көрген абыз Баттал Жаңабайұлымен дидарласып, сұхбаттасудың өзі бір ғанибет. Ақсақал елдің, халықтың әңгімесін айтады. Басылымдардың бүгінгі жай- күйін сұрайды. Өзі туралы сұрасаңыз ғана жауап береді. Болмысында бір дегдарлық, қайсарлық бар. Дінмұхамед Қонаев, Асанбай Асқаров, Әзілхан Нұршайықов және өзге де қазақтың қайраткер тұлғаларымен сыйлас, сырлас болғанын айтады. Бірде «Сталиндік жол» газетіне басшылыққа бекітілетін кезінде Дінмұхамед Қонаевтың қабылдауында болыпты. «1965 жылы Димаш Ахметұлының қабылдауында болып, батасын алдым. Ол кісі маған «Енді жүре бермей, жұмысыңа кіріс» деп айтты», дейді. Облыстық газеттің басшысының орталықтан бекітілетінін бірінші рет сол кісіден естідік. Бұл да ұлттың тарихы, сол кездегі саясат. Кеңес өкіметінің билеп- төстеп тұрған уақытында білдей бір облыстық газетті шығару да оңай емес еді. Ағаларымыздың естеліктерінен білетініміз, ол бір күрделі кезең. Баттал Жаңабайұлы облыстың бас газетін жиырма жыл абыроймен басқарды. Мылтықсыз майданның ішінде жүріп, бейнет кешіп осы абырой биігіне жетті. Тура жол, темірдей тәртіп, терең білім Баттал Жаңабайұлын осы биігіне жеткізді. Бұл жол – жақсының жолы, бәрімізге де үлгі. Бүгінде абыз ақсақалға айналған Баттал Жаңабайұлы мерейлі 95 жасқа толып отыр. Осы күнге жетіп, өңірдегі қаламгерлердің үлгі тұтар ағасына айналып, ортамызда аман-есен жүруінің өзі керемет байлық. Қазыналы қарияның кеудесі алтын сандық. Сол алтын сандықтың ішіндегі рухани байлық өзінен кейінгі барлық журналистердің тәжірибесіне жететін дүние болмақ. Әйгілі Шерхан Мұртазаның редакторлық қыры аңызға бергісіз әңгіме. Елдің, халықтың мәселесін қырағылықпен зерттеп, өзі басқарған басылымдарға жариялап отырғаны туралы көп айтылады. Баттал Жаңабайұлы да өзінен кейінгі буын үшін, біз үшін сондай турашыл, әділ редактор болған азамат. Ол кездегі жағдай елдің бәріне белгілі. Түрлі қиындықтан жол тауып, сөз өнерінің бейнетін көтеріп жүріп өзінің биік деңгейін бағындырды. Мұндай жақсының жолы әрдайым барша қалам иелеріне үлгі. Жақсының жолы әрдайым жалғасты болсын, бәрімізге де жұғысты болсын деп тілейміз!
Хамит ЕСАМАН