- Advertisement -

«Ұмыттым ба деп жүрсем…»

204

- Advertisement -

«Ұмыттым ба деп жүрсем…»

«Aq jol» газетінде ұзақ жыл бөлім басшысы болып еңбек еткен Лесбек Сайлаубек – мықты журналист, талантты балалар ақыны еді. Әттең, бес күндік жалғаннан ерте кетті. Оның «Іңкәр сезім» өлеңіне белгілі композитор, күйші Аман Малдыбаев ән жазды. Лесбек әріптес сөзін жазған «Іңкәр сезім» әні өнерсүйер қауым арасында «Жалын кешкен» аталып кеткен.

«Ақжолдықтардың» мерекелік және туған күн кештерінде міндетті түрде осы ән шырқалатын. Бүгінде елге белгілі әншілердің орындауында кең-байтақ қазақ елінің әр қиырында айтылып келеді.

Жақында «Лесбек әріптес-досыңның «Ұмыттым ба деп жүрсем…» атты өлеңіне Дүйсенәлі Бықыбаев ән жазды» дейді өнерге жақын жүрген достардың бірі.

Жергілікті композиторды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасын басқарып жүрген кезінен білемін, аралас-құралас жүрдік. «Дулат баба», «Тараз керуені», «Ұлы дала сазы» және тағы басқа да күйлерін талай тыңдағанбыз. Кәріпжан Нүсіптің өлеңіне жазылған «Біз екеуміз», жергілікті ақын Ғайни Әлімбекқызының өлеңіне шығарған «Қаздар қайтқанда» әні тағы басқа да әндерін Жамбылдан шыққан сахна жұлдыздары Досымжан Таңатаров пен Саят Медеуов орындап жүр. Басқа да әндерін қазақтың белгілі әншілері орындайды.

– Лесбек марқұм 2003 жылы баспадан жаңадан шыққан «Пейіл» кітабына қолтаңбасын қалдырып, сыйлады. Екеуміз әдебиет, өнер туралы біраз сыр шерттік. Жарықтық ақындығымен қатар, әзілі тілінің ұшында тұратын әзілқой азамат еді. Бірде кітабын тағы бір оқып отырып, «Ұмыттым ба деп жүрсем…» атты өлеңіндегі «Жиде талы ашыпты тағы гүлін» деген жерге келгенде құлағыма бір әуен төгіліп сала берді. Қолыма домбыраны алып, әлгі әуенді қайталай бердім. Жаңа ән осылай дүниеге келді. Нотаға түсірдім. Кім біледі, әннің бағын орындаушысы ашатынын ескерсек, Лесбектің сөзіне жазылған «Жалын кешкен» әні сияқты өміршең болып кетер, – дейді Дүйсекең.

«Ақын деген өлмейді жыр аманда» деп қазақтың талантты ақыны Бауыржан Үсенов айтқандай, Лесбек те жалын жырлары барда бізбен бірге, бізден кейінгі жас желкен, келер ұрпақпен қатар жасай береді.

 

Амангелді ӘБІЛ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support