- Advertisement -

Жадымда жүрсіз, жақсы аға!

115

- Advertisement -

Қайран Серік аға! Өлеңге ғашық, өмірге ғашық жан аға! Сіздің екпініңіз, текті үніңіз, от тіліңіз біздің қоғамға әлі де керек еді-ау! Септігіңіз талайға тиіп, көп күніңіз адамдарға жақсылық жасаумен, Отаның мен отбасыңа шуақ сыйлаумен, өз ортаңа мейірім төгумен өтті емес пе? Өлеңді өз балаңдай аялағаның, сол үшін өзіңді аямағаның баршаға белгілі жайт. Құдай амандық бергенде бүгін 67 жасқа толып, әулетіңнің қариясы һәм өлеңнің дариясы болып отырар едіңіз-ау! Өкінгенмен, еш амалымыз жоқ аға. Арамызда сіз болмасаңыз да, сіз қалдырған із болды! Өміріңізге айналып кеткен өлеңіңіз бізбен бірге болады.

Сізге бұлай еркелей сөйлеуге, өлеңге қатысы бар адамға ұқсап пікір білдіруге құқым бар ма, жоқ па білмеймін.

Қолыма қалам алып отырып, сізбенен қай кезден таныс екенімді ойладым. «Әріректен екен-ау» деп ұзағырақ ойға шомдым. 1984 жылдың желтоқсаны болуы керек. Менің Сандуғаш деген қарындасым ауырып, төрт жасында шетінеді. Күлбала анам байқұс әлсіреп, хал үстінде жатқан сәбиін орталық ауруханаға апарып, балапанын қорғаған қарлығаш құстай шыр-шыр етіпті. Сонда Ойықтағы орталық аурухана дәрігерлері баласы ауыр науқас анамды кезек күттіріп, немқұрайлылық танытады. Сол жауапсыздықтың салдарынан менің бауырым, қарындасым өмірін бастамай жатып, шетінеді.

Жүрегі қан жылаған Гүлмира әпкем осы оқиға бойынша аудандық «Талас тынысы» (ол кездегі «Ленин жолы») газетіне арыз хат жазғаны бар. Сол арызды тексеруге аудандық редакциядан басқа емес, сіз келгенсіз, Серік аға! Сол жолы Көктөбедегі өз үйімде сізді алғаш көрген екенмін. Ол кезде мен жеті жастамын. Амандасқан соң, маған мән бермеген де боларсыз. Ауылдағы қара домалақ көп баланың бірі едім ғой. Маған мән беруге уақытыңыз да жоқ. Анаммен, әпкеммен сөйлесіп, жазылған арызды анықтау бойынша жұмысыңызды атқардыңыз.

Нәтижесінде бір айдан кейін аудандық газеттің бір бетіне жуық мақала шықты. Ол мақалада менің асыл анамның ауру қызын Ойықтың орталық ауруханасына апарып, шарасыз халге түскені, ақыры төрт жасар қызы анамның құшағына жатып-ақ үзіліп, бақилық болып кеткені айтылады. Сол мақаланы көктеуде малшы әкемнің үйінде отырып, бәріміз бірге оқып көз жасымызды көл еткеніміз есімізде. Мақала соңын:

«… Айналайын дәрігер, абайлаңдар,

Айырылмасын аналар бөбегінен», – деп бір шумақ өлеңмен аяқтапсыз. Сол өлеңіңізде соңғы екі жолы күні бүгінге дейін есімде қалыпты.

Содан кейін аудандық газетті қызығып оқып кеттім. Оған, әрине, сіз себепкер болдыңыз. Сіздің өлеңдеріңіз аудандық газетке топтама болып жиі шығатын. Сол өлеңнен әсерленіп, поэзия әлемін аралап кететінбіз. Ол кезде өлең дегеннің қандай болатынын білмесек те сіздің өлеңді «Нағыз өлең осылай болады ғой» деп таңданатынбыз.

***

Кейінірек 2002 жылы Тараз мемлекеттік педагогикалық институтына құжат тапсырып жүргенмін. Сол жылы жаз бойы Таразда жүрдім. Облыс орталығында жастар мүшәйрасы өтіп тұратын. Сізді орталық «Достық» алаңында өтетін іс-шаралардан талай көргенмін. Амандасамын, мені онша тани қоймайтынсыз. Оған өкпелеп жүрген мен жоқ. Қолыңызды алып, әңгімеңіз бен өлеңіңізді тыңдағанымызға мәзбіз ғой.

«… Шала жанған жігіттер жаман екен,

Кетпеген соң өртеніп отқа оранып», деген асқақ өлеңіңіз есте қалыпты.

Сол жылы студент атандым. Сырттай оқитын болдым. 2003 жылы 56 күндік қысқы сессияға бардым. Сол кезде Азамат Есалы мен Біржан Сөктай мені «Қант» зауыты аймағындағы сіздің үйіңізге ертіп барды. Сізбенен емін-еркін сөйлесіп, танысып, сырласқаным сол күні болды- ау. Бір байқағаным, кішкене тамның бір бөлмесі есіктен төрге дейін қағазға толы болып, шашылып жатқаны. Ол сіздің өлеңдеріңіз екен.

Бибігүл жеңгем де асын кең пейілмен дайындап, бізге дастарқан жайып, жайнап жүрді. Сол дәмнің үстінде сіз мені, менің өлеңдерімді тыңдадыңыз. «Қара тұлып», «Қара темір» өлеңдерімнен бастағаным сол екен, тоқтатпай оқыта бердіңіз, оқыта бердіңіз. Оннан аса өлеңімді оқып бір-ақ дамылдаған едім сонда. «Есет, сен неге өлең оқыта берді тоқтатпай деп өкпелеп қалған жоқсың ба? Сенің өлеңдеріңе риза болғаннан, сүйсінгеннен қайта-қайта оқыттым. Мен өзім де алғаш Тұманбай Молдағалиевпен танысқанымда, ол кісі мені тоқтатпай оншақты өлеңімді тыңдаған еді. Сосын «Серік, сенің өлеңдеріңді ұнатқаннан қайта-қайта оқыттым деп еді. Мен де қазір сондай күй кештім», – деп едіңіз.

Сондай-ақ, менің «Балалық – балдаурен» деген өлеңім алты шумақ еді, соңғы екі шумағын алып тастағаныңыз есімде, өлеңнің төрт шумақпен әдемі аяқталып тұрғанын айттыңыз. Сосын «Жапандағы жалғыз тал» өлеңімді жақсы бағалап, кез келген еркін тақырыптағы мүшәйрадан жүлде алатын шығарма деп баға бергеніңіз есімде. Сол сіздің үйдегі кештен тау қопарғандай үлкен күшпен, қуанышпен, жадырап қайтып едім. Сізбен танысып, сырласқаныма өте қуанышты едім. Сосын сізді облыстық «Ақ жол» газеті жанындағы Несіпбек Дәутайұлы басқаратын әдеби клуб отырысында көріп жүрдім. Сырттай оқуға тән 56 күн де аяқталып, ауылға қайтатын кез де келді. Емтихан кезінде сізді институттың 6-шы корпусынан көрдім. Бір студентке көмектеспек болып, алаңдап, жүгіріп жүрдіңіз. Бұл сізді соңғы рет көруім екен…

Сол 2003 жылдың қарашасында сіздің бақилық болғаныңызды естідім. Төбемнен тау құлағандай болды. Айдалада, ауылда сізді жоқтап еңіредім. Аудандық газетке (өзіңіз еңбек еткен) еске алу жаздым. Аға, осылай сізден көз жазып қалдым. Өкініш… Сізді енді танып, енді араласа бастағанда… Өмірдің бізге түсініксіз жағдайы көп екен-ау. Адамдар бәріне үлгерем деп ойлайды. Бірақ, ештеңеге үлгере алмай қалады екен-ау, аға! Сіз бірақ, көп нәрсеге үлгеріп кеттіңіз. Артыңызға өшпес өлең қалдырдыңыз. Ойықта Шона Смаханұлының 70 жылдығына арналып өткен мүшәйрада бас жүлдені иеленгеніңіз есімде. Сол кезде Шорабек Айдаров, Баймаханбет Ахмет ағаларымыз «Үлкен ақын келіпті», «Серік тұрғанда бізге жүлде қайда» деп сіздің талантыңызды мойындағаны бізге үлкен ой салған. Шын дарынға ешқандай тосқауыл жоғын сонда сезініп, түсінгенбіз.

…Сіз өмірден озғанда ақын Маралтай Райымбекұлы, шәкіртіңіз, ініңіз Азамат Есалы үлкен азаматтық танытты. Олардың азаматтық ойларын Талас ауданының сол кездегі әкімі Батырбек Құлекеев мырза қолдады. Алматыда сізге арналған республикалық мүшәйра өтті. Кітабыңыз шықты. Одан кейін де бірнеше кітабыңыз жарық көрді. Маралтай аға Таразға келген сайын сізге арнап бір іс-шара өткізіп кетеді. Сол кездегі ТарМПИ-дың доценті, ф.ғ.к Сейсекүл Исматова да сіздің рухыңызға арнап талай-талай іс-шара өткізді.

Содан бері сіздің өлең-өміріңіз жалғасып келеді. 50 жасыңыз өзіңізсіз еске алумен өтті. 60 жылдығыңыз да біздің облыста өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. 70, 80, 100 жылдығыңыз да атала беретініне, келер ұрпақ сіздің өлең мұраларыңызбен тәрбиеленіп, мол тағылым ала беретініне мен өте сенемін.

Отбасыңыз отыңызды өшірмей, атағыңызды аспандатып отыр. Бибігүл жеңешем сізді өте қатты қадірлегені, бағалағаны әлі күнге байқалады. Осы жылдар арасында сізді бір сәт есінен шығарған емеспін. Бибігүл жеңешем: «Серіктің есімі ол қайтыс болған соң көбірек асқақтап шықты. Ұл, қызы да жақсы орындарын тапты. Әттең, өзі болғанда ғой. Өзінің жоқтығы ғана өкініш», дейді.

…Бұл өмір ғой, аға. 47 жыл ғұмыр кештіңіз, артыңызда 47 том болатындай асыл мұра қалды. Ол мұра күн өткен сайын бағалана бермек. Өлең – өміріңіз мың жасай бермек. Жүз жасқа келіп, түк бітірмей өмірден өтетіндер де бар ғой. Сіз сондықтан бақыттысыз. Алла сіздің отбасыңызға, жарыңызға, ұрпағыңызға ұзақ ғұмыр, мол бақыт, жақсылық берсін.

Жатқан жеріңіз жайлы, жаныңыз жәннатта болсын! Біз сізді сағындық. Сізді әдебиет, өлең сағынды. Сізге арнаған мүшәйраның бас жүлдегері, талантты ақын Хамит Есаман «Серік ағамен жүздесе алмай қалғаным өкініш» дейді. Сізбен сырласып, дәмдес болып, өлеңін сынатқан менде арман жоқ шығар.

…Алла қабіріңізді иман нұрымен нұрландырсын. Өмірде барлық адамдарға жақсылық жасауға асығып жүруші едіңіз. Жерлес, талантты ақын ағаңыз, марқұм Нарша Қашағанұлы «Жақсылық жаса адамға» деген өлеңі сізге арналғандай. Сол жақсылықтарыңыз өзіңізге сауап болып жазылып, Алланың сізге деген мейірімін оятсын, ағажан!

…Біз сізді үнемі, ұзақ, жылдар бойы сағынып жүретін боламыз. Себебі, өзіңіз білетіндей өмірдің өзі сағыныш қой, сағыныштың дәл өзі ғой, аға!

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support