Білім

Білім берудің жаңа көкжиегі

Білім берудің жаңа көкжиегі

Білім мен ғылым кез келген мемлекеттің даму, өркендеу көрсеткіші. Сондықтан да тәуелсіз ел атанған алғашқы күннен бастап білім, ғылым саласын әлемдік өркениет талаптарына сай сапалық жағынан жақсарту мақсаты қойылды. Бүгінде осы талап биігінен көрініп, елімізде білім, ғылым салалары айрықша даму жолына түсті.

  Тәуелсіздіктің 31 жылында білім беруді басқару мен қаржыландырудың құқықтық- заңнамалық негізі, әлемдік білім кеңістігіне интеграцияланған қазақстандық білім беру жүйесі қалыптасты. Білім беру саласында жүргізілген нәтижелі реформаларға сәйкес, бірқатар өзгерістерге қол жеткіздік. Білім беру мекемелерінің құзыреті кеңейді. Жалпы орта білім мен мемлекеттік оқу орындарында кәсіби білімді тегін оқытуға мемлекет кепілдігі берілді – үш тілде оқыту жүйесі енгізілді, шетел азаматтарына елімізде білім алуға рұқсат берілді, несиелік жүйе мен білім беру гранты бөлінді, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарына кәсіби білім алу мен академиялық еркіндік беру арқылы бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға мүмкіндік берілді. Жалпы, Қазақстанның білім беру жүйесін жаңғырту арқылы елімізде халықаралық озық тәжірибеге негізделген білім беру бағдарламаларын енгізуге мүмкіндік алдық. Қазіргі уақытта білім беру жүйесі әлем бойынша жаһандану үрдісіне көшуде. Сондықтан, білім беру жүйесі әлеуметтік саясаттың басты бағыттарының біріне айналуда, қазіргі уақытта мемлекеттің экономикалық жетістіктері білім беру жүйесімен, азаматтардың білімділігімен, мамандардың бәсекеге қабілеттілігімен анықталады. XXI ғасыр–ақыл-ой, білім-ғылым, инновация мен креативтілік негізінде үнемі өзгеріп отыратын орта қалыптастырды. Жылдам өзгеріп отыратын өзгермелі кеңістікте сапалы білім арқылы осы қасиеттерді азаматтар бойына сіңіру адам капиталын дамытудың бірден-бір жолы. Сапалы білім ғана өркендеген мемлекеттің, қуатты экономикалық және бақуатты қоғамның кепілі бола алады. Еліміз тәуелсіздігін алған 1991 жылдан бері кәсіптік білім беру саласы бойынша қабылданған Білім туралы заңның, мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде кәсіптік білім беру саласына модернизациялау жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, 2017 жылдан бастап жастардың жұмысшы кәсіптерін тегін а луына мүмкіндік беретін «Баршаға арналған тегін кәсіптік- техникалық білім», «Еңбек», «Жас маман» бағдарламалары жүзеге асырылуда. Президенттің «Бес әлеуметтік бағдарламасы» аясында студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету жүзеге асырылуда. Техникалық және кәсіптік білім беру саласына дуальды оқыту, модульдік білім беру бағдарламалары енгізіліп, бірінші жұмысшы біліктіліктерін қатар алып шығу, академиялық дербестік беру шаралары қабылдануда. Еліміздің білім беру мен ғылымды дамытудың жаңа деңгейге көтерілуі, білім саласындағы жеткен жетістіктеріміз бен қазақ ғылымындағы тың жаңалықтар – ұстаздарымыз бен ғалымдарымыздың, білім, ғылым саласы менеджерлерінің нәтижелі еңбегі. Оған әулиеаталық ұстаз- ғалымдарының да қосқан үлесі зор деп білеміз.  

 Ақмарал ТЕЛЕУОВА,

Қосақ негізгі мектебінің директоры.

Байзақ ауданы