- Advertisement -

Әкелі бала – жаужүрек, әкесіз бала – сужүрек

254

- Advertisement -

Мылтықты майдан өтті. Қазір мылтықсыз майданның қақ ортасында жүрміз. Екі соғысты неге салыстырдық? Ұлы Отан соғысы қаншама әйелді отағасысыз, қаншама баланы әкесіз қалдырды. Ал бүгін азаматтарымыз алдымызда жүріп-ақ соның кебін киіп отырмыз. Қасірет қой, ә?!

Әкең келе жатыр…

«Қымбатты, Милләтжан, бір үйге бір ер азамат керек қой» деп мұртын сипалап, Қожаның шешесін айналсоқтап жүретін Қаратай кімнің есінде? Ал қазір өзге түгілі өз «қаратайын» қуып, әкесіз бала тәрбиелеуден қорықпайтын қоғамда отырмыз. Мұның маңызды мәселеге айналғаны соншалық, «Жалғызбасты әкелердің жайы», «Алименттен қашқан әкелер», «Әкелер қауымдастығы құрылды», «Әкелер форумы өтті», «Әкелер институты керек»… сияқты түрлі тақырыптардың түндігі түріле бастады. Сонда «әкенің айтқанын балғадай, ананың айтқанын малтадай» санайтын қазақ үшін шынымен асқар таудың аласара бастағаны ма?

Жасыратыны жоқ, ер-азаматтардың арасында отбасын асырай алмай жүргендері баршылық. Дөрекі мінезімен жып-жылы отбасының шырқын бұзатындары да жоқ емес. Қалталы әйелдердің маңын торауылдайтын «альфонс» жігіттердің жөні бір бөлек. Жасы біразды еңсерсе де үшінші, төртінші әйелдің қолына кіріп алуды ар көрмейтін ер-азаматтарымыз да табылып жатады. Бұл мысалдың барлығы бүгінгі әйелдердің жалпы ер-азамат туралы қалыптасып үлгерген көзқарасына саяды. Түрлі себептермен бала тәрбиесіне өздері ғана жауапты боп қалған жалғызбасты аналардың жайы айтпаса да түсінікті. Ал айдың, күннің аманында бауыр еті баласынан бас тартып кеткен аналардың кесірінен бұл ауыртпалықты жалғыз көтеруге мәжбүр болған жалғызбасты әкелердің жайын кім ойлайды?

«Қазіргі ажырасқан жастардың 90 пайызының балалары бар. Психологиялық зерделеудің нәтижесі бойынша сол балалардың бақытты балалық шақтан гөрі өмірге ашу-ызасы басым болады. Ата-ананың мейіріміне қанып өспеген баланың шынында кемшілігі көрініп тұрады. Бұрын анасы «әкең келе жатыр» дегенде, шашылып жатқан үйдің ішін жинастырып, үсті- бастарын ретке келтіріп, шулап жатқан балалар «қой аузынан шөп алмайтын жуас» бола қалмаушы ма еді?! Бұл өзі атам қазақта ғасырлардан ғасырларға жалғасып келе жатқан, еш жерде жазылмаған қағида. Аналарымыздың бұл тәлімі өсе келе отағасының беделі үшін айтылатынын түсіндік», – дейді «Сенімен Болашақ» қоғамдық бірле стігінің Жамбыл облыстық филиалының басшысы Дәурен Бағжанов.

Ажырасу мен некесіз туған балалардың жағдайы әртүрлі оқиғалармен байланысты болғанымен, олардың өмір сүру тағдыры бір. Әке мейірімі, әке қамқорлығы, әке тәрбиесінің жеткіліксіздігі. Отбасында ер-азаматтың мысынсыз береке де орнай қоюы екіталай екенін ескеретін естіліктің де ауылы алыстап кеткендей. Әкенің рөлі туралы әңгіме айтылмайды да. Тіпті, қыз- келіншектер арасында «әкесіз де баланы тәрбиелеуге болады» деген қасаң қағида қалыптасып үлгерді. «Ажырасудың дені 25-35 жастың аралығында болады. Одан үлкен жастағыларды да көріп жатырмыз. Әр отбасының әртүрлі себептері бар. «Мұның себебі – осы» деп ешкім тап басып айта алмайды. Сосын некені бұзу туралы өтініш беретіндердің 83 пайызы – әйелдер. Бұл санның астарынан да біраз жайды аңғаруға болады», – дейді медиатор Салтанат Әбдіқадырова.

Көпбалалы отбасылар көбірек ажырасады

Статистикаға сенсек, осыдан бес жыл бұрын баласыз ажырасудың пайызы көп болғанымен, дәл қазір үш немесе одан көпбалалы отбасылардың ажырасу саны артқан. Былтырғы ажырасуда осындай отбасылар саны 33 пайызға бір-ақ жетіпті. Демек, отбасындағы бала саны некені құтқарып қалуға құзіретті болмай тұр. Әлеуметтанушылар, тіпті, қазіргі нарықтық қатынастар заманында отбасындағы бала санының артуы қаржылық қиындықтар туғызып, ақыры ажырасуға әкелуі де мүмкін дейді.

Осы мәселе көтерілгенде кейбір сарапшылар «Бүгінде әйелдер жағы жалғызбасты ана болудан қорықпайды. Өйткені, оған кейде қоғамымыздың өзі жағдай жасап отырғандай әсер қалдырады. Тағдыр тауқыметімен, түрлі жағдайға тап болатындарды тілге тиек етпегеннің өзінде, «Сенсіз де өмір сүреміз» деген менмендіктің жетегінде жүрген талай жанның бары рас» деген сынды пікірлерін білдіріп жатады. Қалай десек те, отбасын сақтап қалауға екі жақ бірдей мүдделі болғанда ғана нәтиже болатыны анық.

Тараз қалалық «Балдәурен» балабақшасының психологы Дана Дәулетназарова жұмыс барысында мұндай мысалдардың жиі кездесетінін айтады. «Бірде балабақшадағы бес- алты жасар балалар арасында «отбасы» ойынын ойнауды ұсындық. Сонда қыздар жағы тез арада аналарының, әжелерінің, қыздардың рөлінде ойнап шықты. Сенесіз бе? Ұлдар жағы әкелерінің рөлін ойнамай қойды. Ақыры бір баланы әкенің рөлінде ойнатуға көндірдік. Сонда ол қолына теледидардың пультін ұстап алып, жантайып қана жатты. Бүкіл ойында өзін осылай ұстады. Енді балабақшадағы бір ғана топтың бұл жағдайына қарап, бүкіл отбасындағы ахуалды саралауға болмайды. Дегенмен, бұл – шындықтың бір ұшын көрсетіп тұр» дейді ол.

Қалай десек те ажырасу кезінде балалар зардап шегеді. Заңдар балаларды материалдық қамтамасыз ету үшін ата- ананың жауапкершілігін қарастырады. Алайда статистика ата-ананың балаға қатысты жауапкершілігінің төмен екенін көрсетеді. Мұны соңғы бес жылдағы деректер де дәлелдеп отыр. Өйткені 2017 жылдан 2022 жылға дейін алименттік борышкерлердің деңгейі 1,8 есеге өскен.

Жуан жұдырық не шешеді?

2015 жылдан бастап отбасындағы зорлық-зомбылық жыл сайын өсуде. Соңғы мәлімет бойынша 90 пайызға артқан. 2022 жылы тұрмыстық зорлық- зомбылыққа байланысты тұрғындар полицияға 120 501 рет хабарласып, хабарлама жіберіпті. Жамбыл облысы осы тізімнің бас жағынан орын алған. Осының ішінде 7302 қоңырауды өзіміз жасаппыз. Алайда мамандар ұрып-соғудың соңына кешірімнің де барын айтып отыр. «Ұрады, соғады» деп бір-бірінің бетін көрместей боп отырғандардың бетін қайтару оңайырақ көрінеді. Керісінше, көбіне қаражат мәселесімен ұрысқан отбасылардың сақталуы қиын екен.

Бұл жерде сарапшы мамандар негізгі мәселені жоқшылық пен жетіспеушілікке жаба салуға да болмайтынын айтады. Ажырасу эпидемиясының себебін тым әріден іздейтіндер бар. «Біздің бүгінгі мүшкіл халімізге 90 жылдардың аяғы мен 2000 жылдың басындағы дағдарыстың да әсері бар. Сол уақытта көп әке арақ ішіп кетті, жұмыссыз жүрді. Көп отбасы сол кезде ажырасты. Ал сондағы әкесіз өскен балалар бүгінде әке болып жатыр ғой. Мәселені көрдіңіз бе? Әкенің тәрбиесін көре алмағандар үшін баланы әкесіз қалдырып кету де оңай. Бүгінгі күні өздерінің әкелік міндетін толық орындамай жүргенінің себебі сол. Өйткені өзі әкенің махаббатын, әкенің барын сезе алмады. Менің қорқатыным, бүгінгі әкесіз жүрген балалар енді бір 15-20 жылда осы көрсеткішті тағы көбейтуі мүмкін», – дейді «Әкелер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Арыстанғали Сансызбаев.

P.S. 50 жылдары әрбір жүзінші отбасы ажырасса, 80 жылдары әр төртінші, ал 90 жылдары әр үшінші отбасында ерлі- зайыптылардың жолдары екі айырылатын болған. Қыздарымыз қалыңмалдың құрбаны болды деген қазақ қоғамында да мұндай ажырасу болмаған. Ал енді қалағанына қосылып, қол ұстасатын жаңа заманда қасиетті некенің қадірі неге қалмады? Отбасын құру шынымен ойыншыққа айнала бастады ма? Әке беделінің бәсі төмендеген мына қоғамда жаужүрек емес, сужүрек ұрпақ өсіп келе жатса, кімді кінәлаймыз деген сауалдың жауабын кімнен сұрасақ екен?

 Не дейсіз?

Жанар ТӨЛЕУ, психолог:

– Жауынгер бабаларымыз отбасы мәселесіне асқан жауапкершілікпен қараған. Жар түгілі, жетім- жесірін де қаңғытпаған. Қазір ата салтынан адасқанымыз сонша, шаңырақ шаттығын бұзуға шімірікпейтін болдық. Бүгін дәстүрлі отбасылық құндылықтар бұзылып, материалдық игіліктер алға шықты. Ажырасу салдарынан балалардың сабағы төмендеп, тәртібі нашарлайды, ал 2 жастан 5 жасқа дейінгі балалар жиі ауырады, ауру арқылы ата-анасына күйзелісін білдіруге тырысады. Яғни, бұл – баланың жанайқайы. Ал, оны ұғынғысы келетін үлкендер жағы азайып барады.

Ерлан КӨМЕКБАЙ, көпбалалы әке:

– Шынымды айтсам, былтыр мен алғаш рет әкелер форумына қатыстым. Тіпті, «Әкелер одағы» да бар екен. Осы кезге дейін біздегі жиындар мен мемлекет деңгейінде көтерілетін мәселелердің көбі ана мен бала мәселесіне арналып келді ғой. Осыған қарап әкелердің жайы күрделене бастағанына көз жеткіздім. Жалғыз ағаш қорған болмайтыны секілді, жалғыз ана немесе жалғыз әке баланы жан- жақты етіп тәрбиелей алмайды. Әсіресе, әке тәрбиесі ұл балаға өте керек. Ұл балаға ұлағат – әкеден. Бізге енді осыны түсіндіретін арнайы бағдарламалар керек. Бұл бір ғана отбасының әңгімесі емес, тұтас ұлттың мәселесі.

 

Гүлжан РАХМАН

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support