Жаңалықтар

«Марапаттың үлкені – халықтың алғысы»

«Марапаттың үлкені – халықтың алғысы»

Елінің игілігі үшін еңбек еткен жанның жолы жарқын болатыны анық. Халыққақалтқысызқызмет етіп, көптің разылығына бөленуді мұрат еткеннің бірі Мойынқұм ауданы әкімдігінің аппарат жетекшісі Мейірхан Төлеулиев. Ол жоғары оқу орнын бітіріп, «экономист» мамандығын алғаннан бері туған ауылы Мойынқұмда мемлекеттік қызмет атқарып келеді. Аудан әкімдігінің экономика жәнеқаржы, экономика және бюджеттік жоспарлау, құрылыс, әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспенқамту бөлімдерінде жауапты қызметтерді атқара жүріп, білімі мен күш-қайратын халыққақызмет етуге жұмсап, ел-жұртынан алғыс алуды ғана көздеді. Ол кездескен кедергілерден шығар дұрыс жол табуына да ізгі мұратының айқындығы көмектесті деп біледі. Мемлекеттік қызметтің жауапкершілігі мен тығырықтан тура жол табудағы тәжірибесі төңірегінде Мейірхан Төлеулиевпен сұхбаттасқан едік. – Мейірхан Берікұлы, еңбектің түрлі саласынан мемлекеттік қызметті таңдауыңызға не себеп болды?

– Кез келген адамның басты мақсаты – өз еліне қызмет етіп, көпшіліктің алғысына бөлену болар деп ойлаймын. Менің де түпкі мұратым – осы. Әрине, еңбектің қай түрімен де елге қызмет етуге болады. Алайда, мемлекеттік қызмет үлкен жауапкершілік жүктеп, қалың жұртшылықтың мемлекетке деген сенімін қалыптастыратын болғандықтан, осы салаға қызықтым. Негізі мамандығым – экономист. Мойынқұм ауылында Жамбыл атындағы мектепті бітіріп, сол жылы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне қаржыгер мамандығы бойынша оқуға түскен едім. Жоғары білім алғаннан соң туған ауылыма келіп, жеке іспен айналыстым. Бірақ, мемлекеттік қызметке деген қызығушылығым бағытымды өзгертті. Әуелі мемлекеттік қызметке тест тапсырып көрдім. Шүкір, сынақтан сүрінбей өтіп, сол кездегі аудан әкімдігінің экономика және қаржы бөліміне жұмысқа кірдім. 2008 жылы бұл бөлім үшке бөлініп, экономика, кәсіпкерлік, қаржы бөлімдері болып жеке шықты. Мамандығым экономист болғандықтан, экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінде қалдым. Сол кездерде экономистер тапшы еді. Мені оқып меңгерген мамандығыма қарай, сол уақыттардағы ең күрделі бөлім болған құрылысқа есепші етіп жіберді. Мемлекеттік қызметші әскерилер секілді, қай қызметке жіберсе, соған баруға міндеттіміз. Үш жылдан соң аудан әкімдігінің бас инспекторлығына шақырды. Ауданымызға Мәден Мұсаев әкім болып келгенде мені әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту бөліміне жіберді. Сол жылы 21 мың теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек беріле бастаған болатын. Жаңа бастаманы жүргізу де, халыққа түсіндіру де көп уақыт пен үлкен еңбекті қажет етті. Одан да бөлек, бұл бөлім әлеуметтік салаға арналғандықтан, жұмысы өте қауырт. Сенімді ақтау үшін барымды салдым, сенбі-жексенбіні ұмытып, 3 жыл бойы еңбек демалысына да шықпай жұмыс істедім. Мүмкіндігі шектеулі азаматтармен, аз қамтылған отбасылармен, жұмыссыздармен тікелей байланыста жұмыс істейтіндіктен,атқарар міндеті салмақты салада қызмет ету мен үшін өмірімнің бір сынағы әрі сабағы болды. Дегенмен, еңбек жеңбейтін ештеңе жоқ, жұмысты бір жүйеге келтірдік. Әлгінде айтқанымдай, 21 мың теңге жәрдемақы беріле бастағанда 5 балалы әйелдер 100 мың теңге алған соң жұмыс істеуден бас тартқан жағдайлар да кездесті. Жәрдемақы жылда өзгеріп отыратынын, ол тұрақты табыс көзі бола алмайтынын тұрғындарға түсіндіруде де үлкен жұмыс атқарылды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар өзіне қажетті қызметті электронды үкімет арқылы өзі таңдайтын жаңа қызмет шықты. Ол үшін әр азамат өзіне электронды қолтаңба алуы керек. Ол жылы ауданда ІІІ топта 331, ІІ топта 227, І топта 117 адам бар еді. Сонымен қатар, 110 мүгедек балаға қарап отырған аналар болды. Міне, осы кісілермен жеке жұмыс істеп, жаңа қызметті жекелеп түсіндірдік. Үш жыл осылай уақыт талғамай жұмыс істеп, басшылықтың бұйрығымен аудан әкімдігінің аппарат жетекшілігіне тағайындалдым. Бұл алдындағы қызметтен де жауапты еді. Алғашқы шақырғанда «38 жасымда ондай жауапты міндетті алып кете аламын ба?» деген оймен бас тартқанмын. Бірақ, үшінші рет шақырғанда да осы қызметтің міндетін маған тапсырды. Үміттің үдесінен шығу үшін тұрғындардың мемлекетке деген сенімін нығайтып, сапалы қызмет алуына барынша еңбек етіп келеміз. – Сіз үшін марапаттың маңызы неде? – Қандай қызметте болсын, марапат – халықтың алғысы. Ұжыммен тіл табысып, олармен сыйластықта қызмет ету – мен үшін үлкен құрмет. Аудандық әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту бөлімінің ұжымында 7 адам болса, мұнда қазір 22 әріптес бар. Жалпы, ауданда 145 мемлекеттік қызметші жұмыс істейді. Аудан әкімдігінің аппарат жетекшісі осындағы барлық мемлекеттік қызметшінің хал-ахуалын, жүріс-тұрысын, атқарған жұмысын реттеп отырады. Сонымен қатар, Президент Жарлығына сәйкес, аудан және ауыл әкімдері жылына 4 рет халықпен кездесуі керек. Бұрын әкім жылына бір рет халық алдында есеп беретін. Осы жұмыстарды ұйымдастырып, халықтың кездесуде айтқан талап-тілектерінің уақтылы орындалуын қадағалау да аппарат жетекшісінің міндеті. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілердің өз лауазымын пайдаланып, теріс әрекетке бармауын, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуді де бақылауда ұстауымыз керек. Жауапкершілігіме жүктелген осы міндеттерді адал атқарып, сенім үдесінен шығып еңбек етуімнің өзі мен үшін зор марапат. – Аудан әкімі халықпен кездескенде, тұрғындар көбіне қандай мәселелерді көтереді? – Мойынқұмдықтардың жиі көтеретін мәселесі – газ. Облыстағы көгілдір отын әлі келмеген жалғыз аудан екені үнемі айтылып келеді. Қазіргі уақытта ауданға газ тартудың сметалық-жобалық құжаттары әзірленіп қойды, 9 ауылға көгілдір отын кіргізудің қаржысы бөлініп, жұмыстары басталып та кетті. Шуда газ тарату стансасын салу әлі басталмай жатыр. Осыны халыққа түсіндірудеміз. Бұдан басқа жер сұрайды, ауыл шаруашылығы кәсібіне субсидия беру туралы, жеңілдетілген несие жөнінде айтылады. Тұрғындардың көтерген мәселелері өз уақытымен шешімін тауып жатыр. Әрине, ел іші болған соң түйінді мәселелер кездеседі. Біз де өз тарапымыздан олардың барынша оң шешілуіне жұмыс жасаудамыз. Туған ауылымның өсіп-өркендеуі үшін титтей де болса үлесім тисе екен деген оймен еңбек етудемін. «Көш жүре түзеледі» дегендей, облыс орталығынан шалғай жатқан ауданымыздың бұған дейін күрделі болып келген мәселелері біртіндеп шешіліп жатыр. Оны халық та көріп отыр. Бірлесе еңбектенгенде ғана берекеге жететініміз ақиқат. – Сұхбатыңызға рақмет!  

Сұхбаттасқан Қамар ҚАРАСАЕВА.

Мойынқұм ауданы