Қауіпсіздік шаралары бір айға жалғасады

Қауіпсіздік шаралары бір айға жалғасады
Бүгінде Азаматтық қорғаныс осы саладағы іс-шараларды жоспарлау, профилактикалық бақылау, «Халықты азаматтық қорғау саласында оқыту», «Қазақстан Республикасының халқы мен аумағын бейбіт және соғыс уақытындағы төтенше жағдайлардан қорғау», «Эвакуациялық іс-шараларды ұйымдастыру» бағытымен жұмыс істеп келеді. Атаулы күні Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында Төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Руслан Шариев облыста атқарылып жатқан жұмыстарды мәлімдеді. – Халық арасында азаматтық қорғау негізінде насихат жүргізіліп отырады. Жыл сайын қорғаныс бойынша оқытылған адамдардың, азаматтық қорғау саласындағы оқу-жаттығулардың саны өсуде. Жүйелі жүргізіліп жатқан үгіт-насихат жұмыстары нәтижесінде елдің су айдындарында жазғы және қысқы кезеңде қайғылы оқиғалар саны азайды. Облыс аумағында Дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс күнін атап өту мақсатында ақпараттық-насихаттау іс-шараларын өткізу жоспары әзірленіп, бекітілді. Биылғы Азаматтық қорғаныс күнінің ұраны – тәуекелдерді бағалаудағы ақпараттық технологиялардың рөлі. Жоспарға сәйкес, іс-шаралар 1 наурыздан бастап бір ай бойы жүзеге асырылады. Облыс аумағындағы білім беру ұйымдарында Азаматтық қорғаныс тақырыбында ашық сабақтар мен конкурстар, спорттық эстафеталар мен ойындар өткізіледі. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай туындағанда азаматтық қорғаныс іс-шаралары бойынша флешмобтар, оқу-жаттығулар мен машықтанулар ұйымдастырылады. Авариялық-құтқару техникасы мен жабдықтарын білім беру ұйымдарының оқушыларына көрсету үшін Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметтерінің бөлімшелерінде ашық есік күні өтеді, – деді басқарма басшысы, подполковник Руслан Исмагилұлы. Облыстағы сейсмикалық жағдай туралы мәлімдеген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» АҚ Оңтүстік Қазақстан филиалының директоры Мұхан Байтеміров зілзаланың қашан болатынын болжау мүмкін емес дейді. Қолдан келері тек ғимараттарды салғанда сейсмикалық жағдайға төзімді құрылыс нормаларын сақтау ғана. Мұндайда бұрын болған зілзала жағдайларына қарап, тәжірибеге сүйену маңызды.
Қамар ҚАРАСАЕВА