- Advertisement -

Ақынмен өткен әсерлі кеш

301

- Advertisement -

Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында айтыс ақындары және жыршы- термешілер одағы облыстық филиалы мен аталған кітапхана ұжымының жаңа жобасы аясында ақын Есет Досалының «Өлең боп өмір сүремін…» атты жыр кеші ұйымдастырылды.

Кешке ақынның әкесі, 85 жастағы Жаңабай Досалыұлы Талас ауданынан арнайы келсе, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, әріптестері, кеш иесінің шәкірттері мен студенттері қатысты. Кешті облысқа белгілі айтыскер ақын Ахметжан Өзбеков жүргізді.

Кеш ақынның әкесі Жаңабай ақсақалдың ұлына деген ақ батасымен ашылды. Осыдан кейін ақынның шәкірті Дидар Апбасов ұстазының өнердегі, өмірдегі оқырманына белгісіз қырын таныстыра келіп, өз арнауын өлең жолымен, домбыраның әуезді күйіне салып жеткізді.

Кезек Есет Досалының өзіне тиген сәтте, ақын кеңінен көсіліп, өткен өмір жолына көз жүгіртіп өтті. Сөйтіп, өзінің «Шалқыма», «Көктөбем» және «Асыл анам» өлеңдерін мәнеріне келтіре оқып берді. Кеш көрігін сазгер әнші Рәзия Мәдіханова «Қазақ елі» әнімен қыздырды. Ақынның «Әкеме» деген өлеңіне жазылған өз әнін байзақтық Перизат Оспанова бейнебайланыс арқылы жолдады. Ал, айтыскер ақын Ербол Қамбатыров ақынның айтыс өнеріндегі тапқырлығы мен шеберлігіне тоқталды.

Ақын туралы Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Баймаханбет Ахмет, Ғани Әлімбекқызы мен Үміт Битенова, облыстық «Аr-Аi» жастар газетінің бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбеков жылы лебіздерімен бөлісті. Кеште айтыскер ақын сан қырынан ашыла түсті. Ақындығы бір төбе, әзіл-қалжыңға бейім қырлары да оқырман аузынан түспеді. Оның тапқырлығы тыңдарманын бірден баурап әкеткен еді.

Есет Жаңабайұлының шәкірті Мейіржан Жетібаев ақынның «Ақ қар» өлеңін жатқа оқып, ұстазынан көп нәрсе үйренгенін айтты. Ал, Айсұлу Жүнісбек ұстазына өз өлеңін арнаса, Дидар Басықараев «Ерке толқын» атты күйін тартып берді. Кеш иесінің шәкірттері Алина Айдаралы мен ақынның қызы Інжу Жаңабай айтысып, ұстаздарын жырға қосты. Айсұлу Жүнісбектің:

Баланың орау салмай тұсауына,

Тәлім беріп үлкен, кіші ұсағына.

Шәкірттері көп болып Есағамның,

Сыймай жүре берейік құшағына, – дегені бар шәкірттің алғысындай болды.

Кеш барысында ақынның түрлі әзілдері де айтылып, Есет Досалы «Сыныптастарым», «Қар жауып тұр ма?», «Сезім селі» атты бірнеше өлеңдерін шабыттана оқыды. Кешке қатысып отырған Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледждің оқытушысы Мұрат Құсайынов пен студенттері де өздерінің ізгі тілектерін арнау арқылы білдірді.

Кешті жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы түйіндеп, Есет Досалының еңбекқорлық қырын аша түсті. «Бүгін ортамызда отырған Жаңабай аға бақытты. Ол өз ұлының атына айтылып жатқан ізгі тілектерді естіп, қуанышына ортақтасып отырғанының өзі үлкен бақыт» дей келіп, кешті қорытындылады.

Жақсы жоба жалғасын тауып, мұндай кештер алдағы уақытта да өте бермек.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support