- Advertisement -

Өзен суынан үміт күтудің қажеті жоқ

60

- Advertisement -

Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты былтырғы Жолдауында ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отырғанын, ұлттық қауіпсіздікке айналғанын атап көрсетті.

«Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтырып отыр. Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес. Атап айтқанда, инфрақұрылым әбден тозған. Сондай-ақ, автоматтандыру және цифрландыру деңгейі төмен. Ғылыми негіздеме, мамандар тапшы.

Бұл мәселелерді шешу үшін Үкімет жанындағы Су кеңесінің жұмысын жандандыру қажет, білімді сарапшыларды жұмысқа тарту керек. Қажетті мамандарды даярлау үшін бұл саладағы іргелі әрі мықты жоғары оқу орнын анықтаған жөн. Су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеу қажет» деп Үкіметке нақты міндет жүктеді.

Президент Жолдауда атап көрсеткен бір өңір үшін емес, бүтіндей мемлекетте өзекті мәселеге айналып отырған судың жағдайы облыста қалай? Облыс аумағындағы су қоймаларында суару маусымына дейін бекітілген кестеге сәйкес су жиналып, алдағы вегетация былтырғы деңгейінде өтеді деп жоспарланыпты.

Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, ақпан айының үшінші онкүндігінде «Тасөткелде» – 192,7, «Теріс-Ащыбұлақта – 90,6, «Ақкөлде» – 56,5, «Ынталыда» – 21, «Бүркіттіде» – 5,8, «Қарақоңызда» – 5,3, «Қақпатаста» – 4,2, «Жартаста» 1 миллион текше метр су жиналған. «Тасөткел» және «Ақкөлден» басқа су қоймаларында су былтырғыға қарағанда едәуір мөлшерде көп жиналған. Ал, Қырғыз Республикасында орналасқан «Киров» су қоймасында 313,3 миллион текше метр су бар. Бұл да былтырғы мөлшерге қарағанда аз.

Аудандарды негізінен ағын сумен қамтамасыз ететін Шу мен Талас өзендерінде биыл да су аз болуы мүмкін. Сондықтан суды тиімді пайдалану мақсатында су үнемдеу технологияларын енгізудің маңызы зор. Өткен жылы ол 50,9 мың гектарға енгізілсе, оның 34,8 мың гектары тамшылатып, 16,1 гектары жаңбырлатып суару.

Биыл су үнемдеу технологиясын енгізуді 57 мың гектарға жеткізу жоспарланған. Су үнемдеу технологиясын енгізуде Қордай ауданы көш бастап келеді.

Ауданда бүгінге дейін 14430 гектар алқапқа жаңбырлатып және тамшылатып суару технологиясы енгізілген.

Шуда – 10060, Меркіде – 7706, Жамбылда – 7302, Байзақта – 6210, Жуалыда – 2383, Т.Рысқұловта – 2301, Таласта – 250, Сарысуда – 195 және Мойынқұм ауданында 83 гектар алқап өміршең технологиямен қамтамасыз етілген.

Кеңес заманында шөл және шөлейтті аудандар саналатын соңғы үш аудан Таластың да, Шудың да суына жарымай отырғанда су үнемдеу технологиясын енгізудің маңызы зор. Шөлді мекен болған соң, су шықпайды деген бекер. Кеңес заманында облыстың Сарысу, Талас, Мойынқұм және басқа да аудандардың жаз жайлауы Сарыарқада болатын. Сол кезде Бетбақтың даласынан жайылып жететін төрт түлік әрбір отыз-қырық километр жерде қолмен қазылған құдықтан суарылып отыратын. Ал, қазіргідей техниканың дамыған заманында қанша метрден болса да жерасты суын шығару дегеніңіз түк емес.

Шаруаларды заманауи су үнемдеу технологияларын қолдануға ынталандыру мақсатында озық үлгідегі суару жүйелерін сатып алуға, сондай-ақ қажетті бүкіл инфрақұрылымды жүргізуге жұмсалған шығынның 50 пайызын өтеуді көздейтін инвестициялық субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау көрсетілетіні әрбір жеке шаруашылық құрылымдарының басшыларына жан-жақты түсіндірілуі керек.

Бұл жерде аудан әкімдерінен бастап, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдерінің басшыларына, ауылдық округ әкімдеріне үлкен жауапкершілік жүктеледі.

Қолдағы мәліметке қарағанда, облыс аумағындағы 306 су нысанына 2022-2024 жылдары қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланған. «Жартас» су қоймасын республикалық бюджет есебінен жөндеу көзделуде.

Бүгінде «Қазсушар» мемлекеттік- коммуналдық кәсіпорны тарапынан су қоймасының тиісті құжаттары дайындалып, Экология және табиғи ресурстар министрлігіне жолданған. Коммуналдық меншікке қабылданған 279 нысанның 11- іне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілсе, 43-іне жобалық- сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптаманың қорытындысымен әзірленіпті. Қалған 225 нысанға қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін аудан әкімдіктері қаражат қарастырып, жобалық- сметалық құжаттарын мемлекеттік сараптаманың қорытындысымен әзірлеуі қажет көрінеді. Аудан әкімдері арқаны кеңге салмай, тиісті қаражат мәселесін шешіп, құжаттарын реттеп, мердігерлерді тезірек анықтауы керек.

Жобалық-сметалық құжаттамасы сараптаманың қорытындысымен дайындалған 43 нысанның Шу ауданы аумағындағы «Р-1», «Р- 2», «Р-3» және «Р-4» каналына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін облыстық бюджетті нақтылауда 67,3 миллион теңге қаралған.

Сарысу ауданындағы «Сарыөзек» және «Жаңа кәрітоған» каналдарына облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасынан 512 миллион теңгеге бюджеттік өтінім әзірленіп, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына жолданған. Мойынқұм ауданындағы «Богдан» және «Бірлік» каналдарын аудандық бюджеттен 11 миллион теңгеге механикалық тазалау жұмыстары жүргізіледі. Ал, облыстық құрылыс басқармасы 4 нысанға бюджеттік өтінім әзірлеуде.

Жуалыдағы «Дарбаза», Т.Рысқұловтағы «Қарақат» каналының құжаттары аудан тарапынан ұсынылса, Сарысудағы «Бүркітті» және Талас ауданындағы «Жиембет» каналының құжаттарын аудан әкімдіктері толықтырулары қажет. Шу ауданы аумағындағы 31 канал республикалық меншікке өткізілуде.

Республикалық меншіктегі су қоймаларында жиналған судың орташа көлемі 40-50 пайызды құрайтын көрінеді. Тасқын суды қабылдауға толығымен дайын. Бүгінгі күнге «Қазсушар» республикалық-коммуналдық кәсіпорны Жамбыл филиалына қарасты су нысандарының жағдайы бірқалыпты, пайдалану ережелеріне сәйкес жұмыс жасап жатса керек. Еуропа қайта құру және даму банкі қарызы есебінен Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Меркі және Қордай аудандарында жобаларды іске асырудың жалпы құны 26, 1 миллиард теңге болса, оның 13,1 миллиард теңгесі игерілген. Бұл 50,2 пайызды құрап, физикалық көлем 70 пайызға орындалған.

Бүгінгі таңда 12 мердігердің 9-ы жұмыс жүргізуде. Алайда, қаңтар және ақпан айларындағы ауа райының қолайсыздығы салдарынан және авторлық қадағалау хатына сәйкес негізгі құрылыс жұмыстары жүргізілмеген.

Сонымен қатар, келісімшарттық міндеттемелерді орындамауына байланысты «Орионконстракшн ЛДП», «ТрейдИнтерКом» және «КГИСК» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерімен келісімшартты тоқтату рәсімдерін бастаған.
Вегетацияға дейін Жамбыл, Жуалы, Қордай және Меркі аудандарындағы барлық су нысандарында құрылыс жұмыстары толық аяқталатын болады. Атқарылатын жұмыс 70- 80 пайызды құрайды. Ал қалғаны вегетациядан кейін аяқталады деп жоспарланған.

Барлық нысандарда 50-ден астам құрылыс техникасы жұмылдырылып, 15 техникалық-инженер және 104 жұмысшы жұмылдырылған. Жүргізілген мониторинг барысында барлық мердігерлер бекітілген жұмыс кестесінен қолайсыз ауа райы жағдайына байланысты артта қалушылық байқалған. «ПУИД-2» жобасы бойынша Шу ауданында құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Бүгінде жоба аясында қарастырылған 46 километр бетондау жұмыстарынан 20,3 километр жердің жұмысы атқарылған. Жұмыс жыл соңында аяқталатын көрінеді.

Суару арналарын жаңғырту жұмыстары барлық жерде бірдей емес. Кейбір мердігерлермен өз міндеттемелерін орындамауына байланысты келісімшартты бұзу рәсімдері басталғанына жоғарыда тоқталып өттік. Мемлекет басшысы Жолдауда судың 40 пайызы құмға сіңіп жатқанын айтып, Үкіметке нақты міндет жүктеп отырғанда жұмысына «жүрдім-бардым» қарайтын ондай мердігерлерден ертерек қоштасқан жөн. Қасық су қат бола бастаған қазіргі кезде су қоймаларына биылғы қар және жауыннан жиналған судың егін алқаптарына жеткенше ысырап болмауы қатаң бақылауда болса дейміз.

Сонымен қатар, тапсырыс беруші кәсіпорын мердігерден су қоймаларын немесе арналарындағы құрылыс жұмыстарын қабылдап аларда қатаң қырағылық танытуы шарт. Ертең қасықтап жиған су босқа ысырап болып, тиісті алқапқа жетпей жатса «айқайдың көкесі» сонда болады.

 

Амангелді Әбіл

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support