Сексен жылдан соң табысып…

19

Осыдан екі жыл бұрын ойламаған жерден ерекше қуанышқа кенелдім. Әкемнің інісі Ешметтің Ұлбосын атты қызы бар деп естіп, өмір бойы еш хабарын ала алмай жүр едім. Бірде үлкен қызым Толқын телефон шалып «Әке, қуанышты хабарым бар. Сүйіншіңізді дайындай беріңіз» деді. «Ойпырмай, ол қандай қуаныш? Сүйіншің дайын ғой, қызым» деп қалбалақтап қалдым.

Сөйтсем, мен 80 жыл бойы іздеп, таппай жүрген Ұлбосын қарындасым мен қызым Толқын аудандық ауруханаға қатар түсіп, бір бөлмеде жатып, танысады. Әңгімеден-әңгіме шығып, Ұлбосын «Түймекент ауылдық округі, Ақжар ауылында Тілеухан, Ниязхан деген ағаларым тұрады деп жақында естідім. Олар тірі болса, бір көрсем арманым болмас еді» депті. Сол кезде Толқын қызым жатқан жерінен атып тұрып: «Әпке! Сол Ниязхан ағаңыздың үлкен қызы Толқын алдыңызда тұр. Ағаңыз аман-есен, ортамызда» деп әпкесін бас салып құшақтап, көпке дейін құшақтарын ажырата алмапты. Ұлбосын көзіне ағыл-тегіл жас алыпты. Бұл – қуаныштың көз жасы, әрине.

Содан Ұлбосын қарындасыммен табыстық. Үйіме қыздарымен, немерелерімен бірге дәмге шақырдым. Қарындасым да үйін көрсетіп, дәм берді. Ол алыста емес, біздің ауданның Қостөбе ауылында тұрады екен. Бәрі жақсы болып, мауқымыз басылып, өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанғандай еді.

Әттең! 2022 жылдың қыркүйек айында 67 жасында Ұлбосын қарындасым намаз оқып отырған жерінде қан қысымы көтеріліп кетіп, жайнамаздың үстінде, сәждеге бас қойған күйі өмірден озып кете барыпты. Алланың ісіне амал қанша?! Арулап мәңгілік мекеніне қойдық. Жаратушының қалауымен табылып, табысқан бауырыммен осылай қоштастым. Бірақ, Ұлбосынның перзенттері және немерелерімен байланысымыз жалғасып жатыр. Маған да бір күні Алланың бұйрығы келер. Дегенмен, менің ұрпақтарым мен Ұлбосын қарындастың ұрпақтары енді байланысты үзбейтіні анық. Сол – қуаныш.

 

Ниязхан БЕЙСЕНОВ,

еңбек ардагері.

Comments are closed.