Алғыс саған, «Aq jol»!
Алғыс саған, «Aq jol»!
Атап айтар болсам, Жамбыл колхозының бұрынғы бастығы Әшімбек Қыдырбеков менің көпбалалы отбасыма арнап, Өмірбек Қабылов көшесінен жаңа үй берген еді. Сол үйге біз 1987 жылы қараша айында көшіп, қоныстанғанбыз. Ол көшеде жарық, ішетін таза ауыз су жоқ еді. Тас жолда төселмеген. Радио мен телефон тартпайтын. Осы мәселені көтеріп, аудан басшыларына шықтым. Алайда, олар қаражаттың жоқтығын алға тартты. Бұл істі нәтижесіз қалдырмау мақсатында сол уақыттағы облыстық «Еңбек туы» газетіне үміт артып, хат жаздым. Бір айдың ішінде әлгі жоқтың орны толып, біз талап еткен дүниенің барлығы қаз-қалпына келтірілді. Бұл облыстық газеттің көмегінен туындаған нәтиже еді. Бұдан бөлек, Жеміс-жидек совхозымен аудан орталығына баратын асфальт жол ойылғаны соншалық, жеңіл көліктің жүруіне көп кедергі келтіретін. Тұрғындар жиналып, мәселе көтерген соң, тағы да облыстық газетке үмітпен хат жолдадық. Бұл мәселені де «Aq jol» газетінің тілшісі Сейсен Қожеке қолға алып, көше тақтайдай тегістеліп, жаңа асфальт төселді. Бұл басылым басқа да сан мәселені көтеріп, талай сұрақтың жауабын шешіп, халықтың көзі һәм тіліне айналды. Ал, былтыр «Aulieata-media» ЖШС бас директоры Оралхан Дәуіт мені облыстық «Aq jol» газетіне 30 жыл бойы мақала жолдап жүргенімді ескеріп, 100 жылдық мерейтойына орай шығарылған арнайы медальмен марапаттады. Мен «Aq jol» газетінің бас редакторы Хамит Есаман басқарып отырған басылымға әділдіктің ақ туын кірлетпей, биік ұстап, мерейін асырып, беделін биіктете түсуіне тілектеспін.
Әшен ҚЫРҒАБАҚҰЛЫ,
Меркі ауданының еңбек ардагері.