Ардақты аналар марапатталды
Ардақты аналар марапатталды
8 Наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесіне орай, тараздық аяулы аналарға құрмет көрсетіліп, бірқатары «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапатталды. Облыс орталығында жалпы 4950 көпбалалы ана бар. Олардың 2634-і «Алтын алқа», 2316-сы «Күміс алқа» иегерлері. Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков бұл жолы алтын құрсақты 18 анаға «Алтын алқа», 50 анаға «Күміс алқа» төсбелгілерін салтанатты түрде табыс етті. – Көпбалалы отбасылардың қуанышқа толы шаңырағына тілейтінім – зор денсаулық. Дүниеге әкеліп, өсіріп, тәрбие беріп отырған балаларыңыздың қызығын көріңіздер. Үлкен азамат болып жетіліп, қорғандарыңызға айналсын. Өз жетістіктерімен ата-анасын қуанышқа бөлесін, – деді қала әкімі. Мерекелік жиында марапатталған аналардың арасында Ұлбосын Сейілханова да бар. Бүгінде ол жеті перзент тәрбиелеп отырған аяулы ана. – Осынау көктем мерекесі қарсаңында құрмет білдірген ел ағаларына барша аналар атынан алғысымды білдіремін. «Бір қозы туса, бір жусан артық өседі» демекші, әр баланың өз ырыс-несібесі бар. Қазақ әйелдеріне демографияға үлес қосып, көбейе беріңіздер дегім келеді. Құрсағымызды жарып шыққан балаларымыздың амандығын тілейміз, – деді Ұлбосын Сейілханова.
Тараз қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі