Спорт және туризм

Жайлауов 64 келіде бақ сынайды

Жайлауов 64 келіде бақ сынайды

Ел чемпионатында облыс намысын 10 салмақта 20 боксшы қорғауда

Еліміздегі нөмірі бірінші спорт түрі саналатын бокстан кезекті Қазақстан біріншілігі Тараз қаласында басталды. Чемпионат шымылдық түрер алдында ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов, облыстың аға жаттықтырушысы Мұхтар Бердімбетов, облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков және өзгелердің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Мәслихат барысында Мырзағали Құланұлына, Мұхтар Бердімбетовке тілшілер қауымы сұрақтарын жаудырды. «AIPB» жобасында сынға түсіп жатқан Біржан Жақыптың, Әділбек Ниязымбетовтің алғашқы кездесудегі жеңілістерінің себебін, ұлттық құраманың нөмірі бірінші боксшыларының ішкі біріншілікке қатыспауы, әр салмақтағы шын мықтыны анықтауда керіс әсері тиер-тиместігін сұраған едік. Бас бапкер өз кезегінде: «Біржанды Қытай боксшысынан жеңілді деп айта алмаймын. Тең дәрежеде жұдырықтасты. Тіпті кейбір сәттерде Біржан басым болды. Ал, Әділбек жарақат алып қалды. Бұл жоба арқылы боксшыларымыз кем дегенде олимпиадаға бір жолдама алуды көздеп отыр. Ұлттық құраманың нөмірі бірінші боксшылары ішкі біріншіліктен босатылды. Әлем чемпионаты, Азиададағы жетістіктерге тікелей себепші солар. Спортшы болғаннан кейін физикалық тұрғыдан шаршайды. Біз осыны есепке алдық» деді. Сонымен қатар 91 келі салмақта Антон Пинчук мықты ма? Василий Левит пе деген сауалға «Василий Левит ел чемпионатына қатыспаса оны кім мықты деп айта алады? Биыл да аяғының жарақатын айтып, біріншіліктен тыс қалды. Біз «Астана арландарының» сапындағы нәтижеге емес, ішкі чемпионатқа қараймыз. Левит кімдерді жеңіп жүр, Пинчук кімдерден басым болды? Осыны да ескеру керек. Антон әлем біріншілігінің қола жүлдегерінен айласын асырды. Бұл Левитке жол жабық дегенді білдірмейді. Вася өзінің мықты екенін байқатқысы келсе Антонды жеңсін. Чемпионатқа қатыссын. Өйткені біз үшін ең үлкен турнир Қазақстан чемпионаты» деп бапкер өз ойын білдірді.

Бұдан кейін облыстың аға жаттықтырушысы Мұхтар Бердімбетовтен қай салмақтардан үміт күтуге болатынын, қанша спортшы медальға таласатынын, алдағы әлемдік додаларда жамбылдық былғары қолғап шеберлерінің өнер көрсету мүмкіндігі қаншалықты мүмкін екенін сұрадық. Бапкер өз кезегінде: «Алпыс төрт келіден үміт күтіп отырмын. Өйткені дәл осы салмақта қазір анық көшбасшы жоқ. Тағы екі салмақтан үмітім бар. Оны әзірге құпия ұстай тұрайын. Меніңше екі боксшымыз үмітімді ақтайтын сияқты. Иә, соңғы әлемдік додаларға жамбылдық боксшылар қатыспады. Бұл жанымызды жабырқатады. Менің мақсатым сол олқылықтың орнын толтыру. Ол бағытта жұмыс жасап та жатырмын» деді. Мұнан соң облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуовтың қатысуымен салтанатты ашылу рәсімі өтті. Естеріңізге сала кетейік, 64 келі салмақ дәрежесінде облыс намысын Ғани Жайлауов қорғауда. Жайлауов ілгеріде 60 келіде өнер көрсететін. Ғани әзірге алғашқы қарсыласынан айласын асырды. Сонымен қатар, 52 келі салмақтағы үмітіміз Олжас Сәттібав алматылық боксшыдан, 56 келідегі Алмас Жақыпов шымкенттік қарсыласынан, сол салмақтағы Жанболат Қыдырбаев ақтөбелік был­ғары қолғап шеберінен басым болды. Олжас жеңген Хамитов та, Алмас пен Жанболат басым болған Қалжанов пен Әшірәлі де, Ғанидың алдында дәрменсіздік танытқан Жаңбырбай да өз өңірлерінің нөмірі бірінші боксшылары. Біріншілік жалғасуда. Айтпақшы, аға жаттықтырушы Мұхтар Бердімбетов осы чемпионатта Олжас өзінің мықтылығын дәлелдейтініне үлкен сенім білдіріп отыр. Сондай-ақ, 69 келіде Данияр Елеусіновтің қатыспайтынын ескерсек, Асланбек Шымбергенов пен Сағадат Рахманқұловтың да мүмкіндігі бар екенін түсінеміз...

Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».