Спорт және туризм

Еркін күрес шеберлері – жеңімпаз

Еркін күрес шеберлері – жеңімпаз

Грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Қазақстан Республикасының жазғы спартакиадасы Алматы қаласындағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтіп, оған еліміздің әр аймағынан 650-ге жуық спортшы қатысты.

Осы төрт жыл сайын өтетін маңызды додаға облысымыздан 29 балуан қатысып, бақ сынады. Жалпы алғанда жамбылдықтар өте сәтті өнер көрсетті. Мәселен, грек-рим күресі бойынша 63 килограмда белдескен Жарылқасын Ержет күміс жүлдеге қол жеткізсе, 67 килограмм салмақтағы Дінмұхамед Қошқар қола жүлдені иеленді. Жамбылдық еркін күрес шеберлері ерледі. Олар алты медаль олжалады. Атап айтқанда, 57 килограмм салмақтағы Рахат Қалжан мен 67 килограмм салмақтағы Санжар Мұхтар спартакиада чемпионы атанды. Ал 79 килограмм салмақтағы Нұрдәулет Қуанышбай, 125 килограмм салмақтағы Ерғали Әлішер күміс жүлде олжалады. 70 келі салмақтағы Мейіржан Әшіров және 79 килограмм салмақтағы Дәулет Ергеш қола жүлдеге қол жеткізді. Осылайша, жамбылдықтар еркін күрес бойынша командалық есепте бірінші орынға көтерілді. Дегенмен, Олимпиадада өнер көрсеткен және Азия чемпионы атанған Ерғали Әлішер неге күміс жүлдені қанағат тұтты деген сауал әр спортсүйерқауымды алаңдататыны рас. Бұл ретте аталған спартакиада жеңімпазы Рахат Қалжанның жеке жаттықтырушысы Әділет Сарыбаев: «Жарыс жоғары деңгейде өтті. Жамбылдық балуандар жақсы күресті. Санжар Мұхтар мен Рахат Қалжан алтыннан алқа тағынды. Ерғали Әлішерге келетін болсақ, ол жақында ғана 125 килограмм салмаққа ауысқан. Жаңа салмаққа бейімделу оңай емес. Сондықтан, бұл жолы оған күміс жүлде бұйырды. Алдағы уақытта Ерғали өзінің шеберлігін көрсетеді деген сенімдемін», деді.  

Есет ДОСАЛЫ