Спорт және туризм

Ел чемпионатында еңсеміз биік

Ел чемпионатында еңсеміз биік

Астана қаласында дзюдо күресінен жасөспірімдер арасында ел чемпионаты өтті. 2006-2007 жылы туған талапкерлер қатысқан жарыста жамбылдық 32 балуан бақ сынады. Ұлдар арасында 60 килограмм салмақта Нұрсұлтан Исақов финалда қызылордалық Дидар Мейрамбекті ұтып, чемпион атанды. Ал қыздар арасында 44 килограмда Іңкәр Құралбай жеңістің ең биік тұғырына көтерілді.

Ол ақтық сында Атырау облысының балуаны Гүлхан Шыңғысханды қапы қалдырды. 63 килограмда күміс жүлде жамбылдық Сағира Әділге бұйырды. Ол финалдық кезеңде ғана Жетісу облысынан келген спортшыға жол берді. Бұл нәтиже – аз жетістік емес. Біз аталған жасөспірімдер арасындағы чемпионат туралы дзюдодан жасөспірімдер арасында облыс құрамасының бас бапкері Фарида Тастекованы сөзге тартқан едік. «Жасөспірімдер арасындағы чемпионат – маңызды жарыс. Болашақта ел намысын қорғайтын үздіктерді таңдау оңай емес. Дзюдо күресінен мемлекеттік жаттықтырушы Жандос Қонысбаевтың өзі қатысып, сәттілік тілеуі де бекер емес. Бұл чемпионатта облыс құрамасына 2 алтын, бір күміс медаль бұйырды. Командалық есепте үшінші тұғырдан көріндік. Біраз жас балуан боз кілем үстінде қателіктерге жол берді. Енді сол қателіктерді түзету жолында жұмыс істейміз. Келесі жылғы чемпионатта бұдан да жоғары нәтижеге жету үшін күш саламыз», дейді бапкер.  

Есет ДОСАЛЫ