Спорт және туризм

Еншімізде – 15 алтын медаль

Еншімізде – 15 алтын медаль

Қырғыз елінің астанасы Бішкек қаласында WKF каратэден «XV BISHKEK OPEN» халықаралық турнирі өз мәресіне жетті. Байрақты бәсекеге Қазақстан, Өзбекстан, Ресей және Беларусь елдерінен 22 команда қатысып, 870-ке жуық спортшы татами төрінде өнер көрсетті. Облыс командасы қоржыны 15 алтын, 10 күміс, 16 қоламен толықты.

Осылайша, жалпы командалық есепте ІІ орын иеленді. Бір айта кетерлігі, бұл халықаралық жарысқа үздік өнерімен көзге түсіп жүрген Игорь Чикмаров, Диас Анарбеков, Жоламан Биқабыл, Әйгерім Тұрсынбекова қатысқан жоқ. Аталған жарыстың барысы туралы каратэ WKF спортынан ересектер арасында облыстың аға жаттықтырушысы Арман Сұлтанбековтің пікірін сұраған едік. «Бұл кезекті халықаралық турнир. Келесі айтулы жарыстарға жолдама беретін іріктеу додасы емес. Спортшыларымыз біраз тәжірибе жинады. Алтын алған жерлестерміздің барлығына сенім артамыз. Болашағынан үміт күттіретін спортшылар қатарындағы Асқар Сапарғалиев күміс жүлде алса, Зейтуна Байарыстан қола жүлдені қанағат тұтты. Дегенмен, алдағы айтулы жарыстарға дайындықты қазірден бастап кеттік. Алдағы наурыз айында Түркия мемлекетінің Конья қаласында өтетін рейтингтік жарысқа әзірленіп жатырмыз. Бұйырса, алдағы күзде Қытай мемлекетінде өтетін Азия ойындарына қай салмақта қай спортшы қатысатынын да осы бастан сараптайтын боламыз», дейді ол.  

Есет ДОСАЛЫ

 

Есет ДОСАЛЫ