- Advertisement -

Асықтан асығымыз алшы түсе ме?

47

- Advertisement -

Бүгінгі таңда ата-бабаларымыз мұра етіп қалдырған ұлттық спорт ойындарына да көңіл бөліне бастады. Бұл, әрине, қуаныш сыйлайды. Алайда, әр спортты жанашыр адамдар жетелеп жүрмесе, істің алға жылжуы оңай емес. Мәселен, ұлттық спорттық ойынымыздың бірі – асық. Асық ойынынан түрлі деңгейде чемпионаттар өткізіліп жататыны белгілі.

Ал осы асық ойынының біздің өңірде дамуы қалай? Осыдан 7-8 жыл бұрын Жамбыл ауданы, Бесағаш ауылының тұрғыны, спорт жанашыры Бауыржан Бейсенбиев асық ойынын мықтап қолға алып, алға бастырып жүрді. Өзі асық спорты бойынша облыстың аға жаттықтырушысы болғаны есімізде. Бәкең қоржын-қоржын асықтарын көтеріп, қай жерде жиын бар, сол жерде асықтан жарыс өткізіп жүретін. Соның нәтижесінде, Бауыржан Бейсенбиевтің бірнеше шәкірті асық спортынан жасөспірімдер және жастар арасында ел чемпионы атанып, жеңістің биік тұғырынан көрінгенін білеміз. Ол кісінің тұсында өңірімізде асық спорты жақсы жолға қойылған еді.

Бұл күнде асық спортының жанашыры Бауыржан Бейсенбиев бақилық болып кетті. Сол спорт жанашырымен бірге асық спортының да дәурені өткендей көрінеді. Қазіргі таңда шынын айту керек, мерекелерде білек сыбанып асық ойнап жүрген баланы көп көре бермейміз. Асықты қазақтың әр баласы ауылда ойнап өсетіні анық. Ауыл түгілі, қалалы жерде де асық ойнауға құмар балалар аз емес.

Дегенмен, асық спортымен де кәсіби деңгейде айналысу басқа мәселе. Оған жақсы жаттықтырушы, кәсіби деңгейдегі жетекшілердің жанашырлығы керек. Әйтпесе, асығымыздың алшысынан түсе бермейтіні анық. Мұнан соң, өмірінің соңғы сәттеріне дейін асық спортын дамытып, ұлттық ойынның жанашыры болып өткен Бауыржан Бейсенбиевтің құрметіне асық спортынан облыстық, республикалық жарыстар өткізіліп тұрса – деген ұсыныс бар.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support