- Advertisement -

Алғыс елдің бәріне …

116

- Advertisement -

«Жақсы сөз жан семіртеді» дегендей, адамдардың бір — біріне рахмет айтуында да үлкен жылылық пен ізгілік жатқан секілді. 1- наурыз Алғыс айту күніне орай облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен мерекелік іс- шара ұйымдастырылды.

Жиынға облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қатысып, көпшілікті мерекемен құттықтады.

Бүгінгі Алғыс айту күні мерекесімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын. Барша тұрғындардың бірлігі мен ынтымағы, ұлттар достығы жақсы белестерге жетелейді. Біз бүгінде еңбектің ерен үлгісін көрсетіп жүрген бейбіт күннің батырларына алғыс айтуымыз қажет. Елдің және өңіріміздің экономикасының дамуына үлес қосып жүрген аға буын өкілдеріне, әр саланың майталман шеберлері мен үздіктеріне шынайы алғыс білдіремін.

Алдағы уақытта да жарқын жетістіктер мен өрлеу жолында еңбек ете беріңіздер. Әр шаңыраққа шаттық тілеймін, — деген облыс басшысы бірқатар еңбек озаттарына «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалін, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен  Алғыс хаттарын табыс етті.

Жиын Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясы ұжымы және облыстық мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шаралар өтізетін орталық әзірлеген концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Халықаралық байқауларда жеңімпаз атанып жүрген «Ақкербез» би ансамблі қазақтың «Жайлауда» атты биіне билеп, сахнаға сән берді. Нұргүл Әбдірашева орындаған «Алғыс» әні әр жүрекке жетіп, әдемі әсерге бөлегеніне куә болдық. Орыс ұлтынан құрылған қоғамдық бірлестік мүшелері хормен айтқан әндері де жүрек қылын шертті. «Бозторғай» жасөспірімдер би ансамблі қазақтың «Бозжорға» және ұйғыр биін мың бұрала билесе, белгілі ақын Айнұр Тұрсынбаеваның сөзіне жазылған «Құрбылар» әні де Жазира Сметова бастаған төрттіктің орындауында жоғары деңгейде орындалды. Жәнібек Бестерек өзінің «Жаңа Қазақстан» әнін орындап берді.

Түрік ұлтының өкілдері Абдулла Байрамуков пен Зарина Алиева түріктің ұлттық биін көпшіліктің назарына тарту етті. Іс-шара аталған филармония әншінің және бірнеше ұлт өкілдерінен құралған өнерпаздардың «Қазақ елі» әнін қосыла шырқауымен түйінделді. Іс-шарадан кейін де көпшілік бірін — бірі құттықтап, алғыстарын айтып, жылы көңілдерін білдіріп жатты.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support