- Advertisement -

Еңбегін елінен аямаған

65

- Advertisement -

Әр саланың білікті те білгір, майталман мамандары болады. Ондай азаматтарды өңір халқы тегіс танып, құрметтейтіні – заңдылық. Осындай атпал азаматтың бірі, саналы ғұмырын Жамбыл өлкесінің ауыл шаруашылығын дамытуға арнаған – Марат Әбдіре.

Марат Әбдірәсілұлының балалығы Меркі ауданы, Ақермен ауылында өтті. Балғын шақтарында Ақерменнің ақ шаңын бұрқыратып, алаңсыз ойнап өскен ол зеректігін жастай танытты. Аталған ауылдағы орта мектепті жақсы оқып, еліміздің сол кездегі астанасы – Алматыға аттанды. Ол жылдары баласының студент атанғанын есту – ата-ана үшін шексіз қуаныш. Ал байтақ республикамыздың бас қаласы Алматыны таңдау, Алматы ауыл шаруашылығы институтының өсімдік қорғау бағытына «ғалым-агроном» мамандығына түсу – кімге болса да бақыт. Туған ауылы Ақермен сонда бір дүр сілкінген. Мараттың табысына бәрі қуанған.

Марат та жарады. 1975 жылы жоғары оқу орнының дипломын ала сала, жас маман ретінде өзінің туған ауданына баруды жөн көрді. Әйтпесе, Алматыда қалуға да, Таразды таңдауға да мүмкіндігі болып тұрды. Еңбек жолын Меркінің «Аспара» қой совхозында техник-гидротехник, Құлан ауыл шаруашылығы техникумында егіс бригадирі болып бастады.

Содан ұзақ жылдарға созылған абыройлы белестер жалғасып кете барды. Көп ұзамай өзге ауданға қызметке шақырылып, Жамбыл аудандық ауыл шаруашылығы бөліміне агроном, Меркі аудандық өсімдіктерді қорғау стансасының аға агрономы, аталған мекеменің басшысы қызметтерінде де үнемі елдің алғысына бөленіп жүрді.

1985-1999 жылдары облыстық өсімдіктерді қорғау стансасының бастығы қызметін де мінсіз атқарды. 14 жыл осы қызметті атқара жүріп, қаншама табыстарға жетті десеңізші! Қаншама жаңашыл жұмыстарға бастамашы болғанын оның шапағатын көрген жас әріптестері үнемі айтып отырады.

1999 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігінің облыстық аумақтық басқармасы құрылып, аталған басқармаға басшының орынбасары болып барды. Арада екі жыл өткенде аталған облыстық аумақтық басқарманың басшысы қызметіне жоғарылады. Кейіннен облыстық аумақтық инспекциясы болып атауы өзгерген мекемені Марат Әбдірәсілұлы сегіз жылдан астам уақыт табысты басқарды. Облыс аумағындағы карантиндік нысандармен жұмыс жүргізу, егін шаруашылығына қатысты жұмыстарды үйлестіру, асыл тұқымды мал шаруашылығының аттестатталған субъектілеріндегі малды асылдандыру жұмыстарын назарда ұстау, Қырғыз Республикасымен шекарадағы 12 карантиндік бекетте еңбек ететін 40 мемлекеттік инспектормен байланыста жұмыс істеу – оңай міндет емес еді. М.Әбдіре осынау жауапты жұмыстың үдесінен шықты.

Кейінгі жылдары аталған облыстық аумақтық инспекция бастығының орынбасары, Тараз қалалық аумақтық инспекциясының басшысы қызметтерін атқарып, 2016 жылы әріптестерінің сый-құрметімен зейнетке шықты. «Кеше ғана Ақерменнің шаңына аунап, ойнап жүрген ауыл баласы едік, біздің де Пайғамбар жасына жетіп қалғанымыз ба?» деп сонда бір ойланып қалғаны бар.

Ауыл шаруашылығы саласында 41 жыл жемісті қызмет атқарған Марат Әбдіренің еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол Ауыл шаруашылығы министрінің және облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен бірнеше мәрте марапатталған. Кеудесінде мемлекеттік «Құрмет» ордені және «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 10 жыл», «ҚР Конституциясына – 10 жыл», «Астана қаласына – 10 жыл» медальдары жарқырады.

– Ауыл шаруашылығы ел өмірінде ерекше орын алады. Ол – экономиканың ғана емес, саяси тұрақтылықтың айнасы. Өңірдің ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлес қосқанымды мақтан тұтамын. Ата-анамнан дарыған ізгі қасиеттерді ту еттік. Ағаны құрметтеп, ініге ізет көрсеттік. Жұмысымызға жауапты болғандықтан, көрген құрметіміз де жаман болған жоқ. Қай кезде де абыройға бөленіп жүрдік. Отбасымда да қуаныштар көп болды. Асыл жарым екеуміз үш ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан бірнеше немере сүйіп отырмыз. Жеті белден асып 70 жасқа жеткеніме де шүкір деймін. Өткенге өкінішім жоқ, тағдырыма ризамын. Енді бүгінгі жас ұрпақтарға алдыңғы толқын ретінде ақылымызды айтып, өнегемізді көрсетіп, жақсы ақсақал болу – парызым, – дейді ауыл шаруашылығы саласының майталманы Марат Әбдіре.

 

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support