- Advertisement -

Жерін даулаған ел жеңіске жетті

130

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев «олигополиядан» арылмай, экономикамыз қарыштап дамымайтынын бұдан бұрын да айтқан болатын. Қазіргі таңда елімізде әділеттілікке қарсы кез келген әрекетке тосқауыл болатын шаралар сан салада белсенді жүргізіліп жатыр. Дәл осы тұста талай жылдан бері маңдай термен алған жеріне қол жеткізе алмай жүрген қордайлықтардың мәселесі оң шешілді. Ауданға қарасты Ноғайбай ауылының іргесіндегі 5 мың гектардан астам жер бес жыл бойы тұрғындарға қолжетімсіз болып келген. Алпыстан аса сот процесі өткен жер мәселесіне қатысты тартыс халықтың үлесіне шешілді.

Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев «олигополиядан» арылмай, экономикамыз қарыштап дамымайтынын бұдан бұрын да айтқан болатын. Қазіргі таңда елімізде әділеттілікке қарсы кез келген әрекетке тосқауыл болатын шаралар сан салада белсенді жүргізіліп жатыр. Дәл осы тұста талай жылдан бері маңдай термен алған жеріне қол жеткізе алмай жүрген қордайлықтардың мәселесі оң шешілді. Ауданға қарасты Ноғайбай ауылының іргесіндегі 5 мың гектардан астам жер бес жыл бойы тұрғындарға қолжетімсіз болып келген. Алпыстан аса сот процесі өткен жер мәселесіне қатысты тартыс халықтың үлесіне шешілді.

Биыл мемлекетіміз 5 миллион гектар пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін қайтаруды жоспарлап отыр. Бұл туралы таяуда Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен жиында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев кеңінен баяндаған болатын. Ведомство басшысы еліміздегі жайылымдық жерлер 183,4 миллион гектарды құрайтынын айта келе, 15 облыста жайылым тапшылығы бар екенін жеткізген болатын.

Айта кетсек, өткен жылы мемлекетке 5,2 миллион гектар пайдаланылмаған және заңнаманы бұза отырып берілген ауыл шаруашылығы жерлері қайтарылған. Қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігі Мемлекет басшысының 2023 жылдың соңына дейін қосымша 5 миллион гектар пайдаланылмайтын жерлерге қатысты шаралар қабылдау жөніндегі тапсырмасын орындау үстінде. Бұл тұста өткен жылдың қорытындысымен Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан пайдаланылмаған және заңнаманы бұза отырып берілген 5 миллион гектар ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару бойынша 2023 жылға арналған жоспар әзірледі. Яғни, енді ауыл іргесіндегі жерлерді пайдалануда «бармақ басты, көз қыстыға» жол берілмейді деген сөз. Аталған мәселеге орай өз үлесіндегі жерге қолдары жеткен ноғайбайлықтар да айрықша қуанып отыр. Айта кетсек, екі жарым мыңнан астам тұрғыны бар Ноғайбай ауылында 2004 жылы құрылған «АҚТАС-ҚОРДАЙ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 109 үлескердің жері бар. Алайда, халық өз жеріне егін екпек түгілі, малын да жая алмай келген. Тұрғындардың айтуынша, серіктестіктің бұрынғы басшысы ел үлесіндегі жерді бөгде азаматтарға жалға беріп келген. Жерді жалға алғандардың ішінде тіпті өзге өңірлердің де азаматтары бар екен.

– 25 жылдан бері маңдай терімізді төгіп еңбектеніп жүріп алған жеріміздің осы күнге дейін еш пайдасын көре алмай келдік. «АҚТАС-ҚОРДАЙ» құрылғалы бері осы жерде жұмыс жасап келе жатырмын. Кооперативтің бұрынғы бастығы үлеске алған жерімізді басқаларға жалға беріп, сатып жіберген. Қазір енді балаларымыз өсті. Атымыздағы жерді игеріп, соларға қалдырайық десек, оны ала алмай бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмады. Бес жыл бойы әр соттың алдында жүрміз. Өзімнің үлесімде 250 гектар жер бар. Соның 50 гектары айдалатын, қалғаны шабындық. Суармалы жеріміз бар болғаны – 3 гектар. Өз жерімізден ешқандай өнім алған жоқпыз. Бұрынғы кооператив басшысы жерімізге егін екпек түгілі, өзімізді де жуытпайтын, – дейді ауыл тұрғыны, үлескер Фарида Асыраубаева.

Серіктестіктегі 109 үлескердің жартысына жуығы өзге өңірлерге қоныс аударса, кейбірі өз жеріне қол жеткізе алмай өмірден өтіп кеткен. Бас-аяғы алпыстан аса үлескер енді сатылып кеткен жерлерді қайтарып алуға ниетті.

– Бес жылдың ішінде бұрынғы басшымыздың көрсетпегені жоқ. Қанша рет соттастық. 3 мың гектардан аса жер жалған құжатпен басқаларға өтіп кеткен. Оның ішінде менің анам Әлия Байдалиеваның үлесіндегі жер де бар. Бұрынғы басшы анамның атынан жалған құжат жасап, сатып жіберген. Құжатын қарасақ, қағазда анамның қолы емес, тегі жазылып тұр. Сотқа бердік. Сөйтсек кооперативтің бұрынғы басшысы «ол кісі қолын қоя алмайды, сондықтан тегі жазылған» деп ақталмақ болды. Алайда сот анамның куәлігін көріп, өзі қол қоя алатынына және құжаттың жалған екеніне көз жеткізіп, соттан жеңіп шықтық. Дәл осы секілді жағдайлар өте көп. Ауыл іргесіндегі 5 мың гектардан астам жердің 3 мыңы осындай жалған құжатпен серіктестік құрамына жатпайтын, мүлде бөтен азаматтарға жалға беріліп немесе сатылып кеткен. Олардың ішінде тіпті алматылық азаматтар да бар. Қазір соттың соңғы шешімімен сол кісілерді іздеп жатырмыз. Осы уақытқа дейін жалған құжат жасап, халықтың мүлкін талан-таражға салған бұрынғы басшының үстінен қылмыстық іс қозғалуын сұраймыз, – дейді ауыл тұрғыны Мадияр Байдалиев.

Ауылдың жан-жағындағы жерлердің барлығы бөгде азаматтарға өтіп кеткендіктен, тұрғындар күнделікті малын өріске шығара алмай әбден әбігерге түскен. Тіпті, ноғайбайлықтар осы мәселемен Мемлекет басшысына да жүгініпті. Алайда, аталған мәселе облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің назарына алынып, облыстық, аудандық деңгейде арнайы комиссия құрылыпты. «Облыс әкімі Нұржан Молдиярұлының тікелей тапсырмасымен шұғыл түрде өңірлік, аудандық деңгейде комиссия құрылып, «АҚТАС-ҚОРДАЙ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 109 үлескерінің жерлері бүгінгі таңда заңды түрде толығымен қайтарылды. Аталған мәселе алдағы уақытта да аудан әкімдігінің тұрақты назарында болады», – дейді аудан әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаев.

Бұл мәселенің оң шешілуінде облыс пен аудан прокурорларының да үлесі зор. Қараша халықтың жері қалталылардың қарамағына өтіп кетпеу үшін олар тұрғындарға жан-жақты құқықтық көмек көрсеткен. «Бұл мәселе бізге белгілі болған күннен бастап халықтың сұранысын қанағаттандыру мақсатында толық құқықтық көмек көрсеттік. Облыс прокурорының тапсырмасымен мәселенің анық-қанығын зерделеп, халыққа құқықтық кеңес көрсету үшін арнайы топ құрылды. Оның құрамына барлық құзырлы органдардың қызметкерлері кірді. Қазір серіктестік заңды тіркеуден өтіп, жаңа басшысын сайлады. Енді соттың шешімі бойынша басқа азаматтарға өтіп кеткен жерлерді қайтару бағытында құқықтық көмек көрсететін боламыз», – дейді аудан прокурорының орынбасары Қайсар Бекмұратов.

Үміті ақталған үлескерлер мәселенің оң шешілуіне қолдау білдірген аймақ басшысы мен прокуратура қызметкерлеріне алғыс айтып отыр. Себебі, өзге аудандардағыдай Қордайда да жайылым жердің тапшылығы мәселесі бар. Дәл осы тақылеттес аудан аумағында тағы да 5300 гектар жердің соты жүріп, тағдыры шешілу үстінде. Ал, жалпы аудан бойынша биыл 15 мың гектар жерді мемлекет мұқтажына қайтару жұмыстары жоспарланып отыр.

 

 Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Қордай ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support