- Advertisement -

Банкроттық туралы біле жүріңіз

58

- Advertisement -

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заң талаптарын түсіндіру мақсатында облыс тұрғындарына арналған арнайы семинар өтті.

Жиынға Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің, аудит департаменті берешекпен және дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасының мамандары қатысып, кеңес берді.

Аталған заңның негізгі мақсаты – азаматтардың борыштық жүктемесін азайтуға, әлеуметтік шиеленісті жеңілдету мен қаржылық сауаттылықты арттыруға, қарызды өтеуді ынталандыруға бағытталған. Заң 3 түрлі рәсімдерді қарастырады. Нақтырақ айтқанда, соттан тыс банкроттықты, сот банкроттығын және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімдерін қамтиды.

Жүргізілетін рәсімдерге тоқталсақ, біріншіден, соттан тыс банкроттық тек қана банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолданылуы мүмкін. Бұл рәсімді қолдану үшін банктер, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлар алдындағы берешек 5,5 миллион теңгеден (1600 АЕК) аспауы тиіс. Өтініш берген күннен бастап қатарынан 12 ай ішінде міндеттемелері өтелмеген және мүлік, оның ішінде ортақ меншіктегі мүлік жоқ болуы керек. Сонымен қатар, кешіктірілген берешек банкпен реттеліп, ол туралы банктің хаты болу керек, бұл мәліметтер өтінішке қоса тіркеледі.

Сонымен қатар, заң нормаларымен 6 ай ішінде атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар мен 5 жылдан астам уақыт қарызы өтелмегендер үшін ерекше жағдайлар қарастырылған. Оларға мүліктің бар болуы және берешегі 1600 АЕК-тен асатын болса да ол шарттар қолданылмайды. Яғни банкроттан тыс рәсімін қолдана береді.

Соттан тыс банкроттық «Электрондық үкімет» веб-порталында (Е-салык Азамат, ЦОН АЖ және Е-гов АЖ) электрондық түрде және заң нормалары бойынша өтініштерді Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы қағаз тасығышта беруге болады. Содан кейін ақпараттық жүйе арқылы борышкердің кіру критерийлеріне сәйкестігін анықтау мақсатында мүдделі мемлекеттік және басқа органдардың деректерімен автоматты түрде салыстыру жүргізіледі. 5,5 миллион теңгеден асатын қарыздар және басқа да берешек түрлері бойынша азаматтар сот банкроттығына жүгіне алады.

Сот банкроттығының мақсаты – банкроттың мүліктік массасы есебінен кредиторлардың талаптарын барынша қанағаттандыру. Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болып табылса, онда кредитор оны қайтарып алуға құқылы.

Жалғыз баспана кепілге қойылмаған болса, кредиторлар оны талап ете алмайды. Егер борышкердің жалған борышкер белгілері болмаса, қалған қарыздары есептен шығаруға жатады. Сот банкроттығы рәсімін қаржы мамандары, кәсіби бухгалтерлер, заң кеңесшілері, аудиторлар жүзеге асырады.

Барлық борышкерлер қаржы басқарушыларының қызметтерін төлей алмайтынын назарға ала отырып, заң нормаларымен, мүлкі жоқ, әлеуметтік осал топтарына жататын адамдарға мемлекет есебінен ақы төлеу көзделген.

Келесі рәсім – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Мұнда азаматтарда тұрақты табыс болған жағдайда, қарызды төлеу үшін (5 жылға дейін) сот тәртібімен бөліп төлеу мүмкіндігін қарастырады. Сауықтыру жоспары қаржы басқарушымен бірлесіп әзірленіп, сотпен бекітіледі. Бұл шараның артықшылығы, адам «банкрот» мәртебесін алмайды, сондықтан банкрот үшін көзделген салдар оған қолданылмайды.

Банкроттықтан кейін қойылатын шектеулер бар. Оларға тоқталсақ, 5 жылға дейін несие ала алмайды, 7 жылдан кейін ғана банкроттыққа қайта жүгінеді. 3 жыл қаржылық жағдайына мониторинг жүргізілетін болады.

Алимент өндіру, басқа адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген және қылмыстық құқықбұзушылықтар үшін тудырған зиянды өтеу бойынша берешектер есептен шығарылмайды.

 

 Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support