- Advertisement -

Жобалардың игілігін ел көруде

152

- Advertisement -

«Ауыл – ел бесігі» жобасының басты мақсаты – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын, әл-ауқатын жақсарту, елді мекендерді тұрақты дамыту. Ауданда 42 елді мекенде 87,5 мыңнан аса адам тұрады. Оның ішінде Аса, Өрнек, Тастөбе, Айша бибі, Жалпақтөбе, Шайқорық елді мекендері тіректі, 28 ауыл спутникті елді мекендердің қатарына енген.

Бұған дейін жоба шеңберінде 4 тіректі, 14 спутникті елді мекенде жалпы құны 3,8 миллиард теңгені құрайтын 76 жоба іске асырылған болатын. Атап айтқанда, аудан орталығындағы Аса ауылында жаңа заманауи спорт кешені салынып, ел игілігіне пайдалануға берілген. Онда бүгінгі таңда спорттың 15 түрінен 300-ге жуық спортшы жаттығуда.

Өрнек және Қаракемер ауылдарында ауылдық мәдениет үйінің құрылысы аяқталды, Қаракемер ауылында 25 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория бой көтерді. Айша бибі және Түрксіб елді мекендеріндегі Айша бибі және А.Макаренко атындағы орта мектептер, Қызылқайнар ауылындағы Жасөркен, Бектөбедегі Амангелді атындағы орта мектептері мен Қызылқайнар және Айша бибі ауылдарындағы дәрігерлік амбулаториялары күрделі жөндеуден өткізілді.

Аса ауылында ескі кинотеатр ғимараты өнер мектебіне, ал Б.Момышұлы орта мектебінің жанандағы ескі жатақхана ғимараты қалпына келтіріліп, балалардың техникалық шығармашылық және кәсіби бағдар беру орталығы болып қайта жаңғыртылды. Өнер мектебінде 100 тұрақты жұмыс орны ашылып, 1500-ге жуық оқушы үйірменің 11 түріне қатысуда. Ал техникалық шығармашылық және кәсіби бағдар беру орталығында 40-қа жуық жұмыс орны ашылып, 1400-ге жуық оқушы үйірменің 20 түрі бойынша қосымша білім алуда.

Бұдан бөлек, 13 елді мекенде жалпы ұзындығы 52 километрді құрайтын 49 ауылішілік көше жолдарына асфальт жабыны төселді. Мәселен, жоба аясында 2019 жылы 23 көшеге, 2020 жылы 8 көшеге, 2021 жылы 11 көшеге, 2022 жылы 7 көшеге асфальт жабыны төселіп, жөндеу көрген. Сондай-ақ 10 көше көше жарығымен қамтылған. Аса ауылындағы орталық стадион жөндеуден өткізіліп, ондағы 70 аулаға таза ауыз су құбыры тартылды. Осы жоба шеңберінде 176 адам уақытша жұмыс, 183 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылған болатын.

Жоба биыл да ауданда өз жалғасын табатын болады. Биыл 2 тіректі, 8 спутниктік елді мекенде жалпы құны 1,6 миллиард теңгені құрайтын 43 жобаны іске асыру жоспарлануда. Атап айтқанда, Айша бибі, Гродиково, Пригородное, Өрнек, Қаракемер ауылдарындағы спорт кешендерінің құрылыс жұмыстарын аяқтау, ал Бесағаш ауылында жаңа спорт кешенінің құрылысын бастау үшін тиісті қаражаттары бөлінген.

Сонымен қатар жалпы құны 727,4 миллион теңгені құрайтын 6 елді мекенде ұзындығы 36,4 километр, барлығы 37 ауылішілік көше жолдары жөндеуден өткізілетін болады. Аталған жобаларға 120-дан аса жұмысшы уақытша, 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда.

 

Ақжігіт ЖЕТПІСПАЙ,

журналист.

Жамбыл ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support