- Advertisement -

Қазына қаржысын жымқырмақ болғандар анықталды

88

- Advertisement -

Газетіміздің өткен сандарының бірінде Т.Рысқұлов ауданы, Қарақат ауылындағы мектептің күрделі жөндеу жұмыстарының кешігіп, оқушылар көрші ауылдың мектебінде уақытша оқығанын жазған едік. Сол жұмыстағы шикіліктерді Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті тексере келе, заңсыздыққа жол берілгенін анықтады. Аталған құрылыс сапасыз жүргізілген. Оған қоса атқарылмаған жұмыстарға 80,8 миллион теңге қаражат төленгені анықталған. Агенттік облыс әкімдігіне аталған дерек бойынша шара қолдану туралы ақпараттық хат жолдады. Осы нысан бойынша жұмыс тобы құрылып, қысқа мерзімде мектептің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Тексерістің нәтижесінде бюджет қаражатын жымқыруға жол берілмеді.

Сыбайлас жемқорлық қылмыстарының алдын алу шараларының бірі ретінде ақпараттық хат жолдаумен осындай бірқатар заңсыздықтың жолы кесілген. Агенттікте бюджет қаражатын жымқыру және сапасыз құрылыс жөндеу жұмыстарын болдырмау мақсатында мемлекеттік органдарға ақпараттық хаттарды жолдау бойынша ведомстволық бақылау алгоритмі бекітілген.

2022 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті мемлекеттік органдарға 5 ақпараттық хат жіберіп, нәтижесінде облыс әкімдігімен бірлесіп, білім беру, құрылыс, тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық салаларында оң нәтижелерге қол жеткізілді.

Жергілікті атқарушы органдарға жалпы сомасы 315,5 миллион теңге болатын кемшіліктерді жою бойынша 6 ақпараттық хат жолданған.

– Мемлекет үшін сыбайлас жемқорлықты еңсеру ел саясатының негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Оның басымдығы Мемлекет басшысымен нақты белгіленген. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті азаматтардың өтініштеріне ашықтықты, қолжетімділікті және жедел әрекет етуді назарға алып, жұмыс істеп отыр. Жыл басында, яғни қаңтар айында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық дерегі туралы хабарлаған азаматтарды қорғауға арналған заң қабылданды. Сыбайластық дерегін хабарлаған тұлға туралы ақпараттың құпиялығына толық кепілдік беріледі. Ал, көтермелеу сыйақысы соттың үкімі заңды күшіне енген соң төленеді. Осындай сыйақы өткен жылы облыста 8 азаматқа 1 562 130 теңге көлемінде төленді. Осы тұста мысал ретінде Атырау облысының тұрғыны жемқорлық фактісін хабарлағаны үшін 12 миллион теңге сомасында ірі сыйақы алғанын атап өткім келеді. Өткен жылы қылмыстық жауапкершілікке 68 тұлға тартылды. Оның 16-сы әртүрлі деңгейдегі басшылар. Қылмыстық істі тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін міндетті түрде ҚР ҚІЖК-нің 200-бабына сәйкес, мемлекеттік органдарға ұсыныстар жолданады. 2022 жылы мемлекеттік органдарға жолданған 59 ұсыныс қаралып, нәтижесінде облыстың әртүрлі ведомстволарынан 35 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департамент басшысының міндетін уақытша атқарушы Қуаныш Ахметқалиев.

Ел ішінде жемқорлықты жою
мақсатымен атқарылып жатқан превентивтік шаралардың тиімді әдісінің бірі – орган қызметкерлерімен жұмыс жасау.

Бұл бағытта Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті «Call» орталығына жиі түсетін анонимді хабарламалар негізінде сыбайлас жемқорлық тәуекелі жоғары орган қызметкерлерін тұрақты түрде түзеу мекемелерінің тынысымен таныстыруды қолға алған. Өткен жылы түзеу мекемелеріне 300- ге жуық қызметші таныстыруға апарылған. Мұндай алдын алу шаралары жасөспірімдер арасында да өткізіліп тұрады екен.

Мәселен, мемлекеттік басқару академиясы арқылы 227 жасқа сыбайлас жемқорлықпен күрес тақырыбында лекциялар өткізілген. Ал, мектеп оқушыларына Мұхаммед Хайдар Дулати, Жамбыл Жабаев, Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза, Асанбай Асқаров секілді тұлғалардың өнегелі өмірін үлгі еткен «Адалдық сағаты» бейнедәрістері ұйымдастырылған.

Сонымен қатар, департамент іс жүзінде өзінің тиімділігін дәлелдеген сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтайтын мониторинг пен сыртқы талдау жүргізу механизмдерін кеңінен қолдануда.

Былтыр сыбайлас жемқорлыққа қарсы 14 мониторинг жүргізіліп, нәтижесінде 30 ұсыныс берілсе, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау мақсатында мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметіне 5 кешенді талдау жүргізіліп, 47 ұсыныс енгізілген.

Нақтырақ айтқанда, 14 мониторинг артспорт, камералдық бақылау, әкімшілік тәжірибе, мемлекеттік нөмірді тіркеу, техникаларға паспорт беру, сумен қамтамасыз ету, тұрғын үй, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер, мемлекеттік сатып алу жұмыстарына жүргізілген. Ал, кешенді талдау көліктік бақылау инспекциясы, «Тараз-ӘКК», миграцияқызметіжәнеавтомобиль жолдары басқармасына өткізілген.

– Мониторинг жұмыстары барысында тұрғындарды толғандыратын сұрақтар ескеріліп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасында көрсетілген мәселелер қамтылуда. Құқықбұзушылықтың орын алуынан бұрын оның алдын алуға және себеп-салдарына мән беруге күш салудамыз. Осылайша, аталған картада ауыз су, суармалы су, жол құрылысы, заңсыз пайдалы қазбаларды игеру, тұрғын үй, жер және бизнес салаларына барынша көңіл бөлінуде. Мысалы, мониторинг арқылы үлкен көлемді жерді мақсатты пайдаланбай отырған шаруалар анықталып, 110 мың гектарды қайтару туралы жер инспекциясына ұсыныс берілді. Қазіргі таңда 13 мың гектар жер телімі мемлекетке қайтарылды. Сонымен қатар, прокуратурамен бірлесіп, «ӘКК Тараз» АҚ-ның кадастрлық құны 133 миллион теңгені құрайтын 6 жер телімі мемлекетке қайтарылды. Департаменттің бастамасымен тұрғын үй қатынастары саласына сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізіп, негізсіз тұрған 3 600 адам тұрғын үй кезегінен алынды. Қала әкімдігімен бірлесіп, зерделеу нәтижесінде заң талаптарын бұзып берілген 7 пәтер әкімдікке қайтарылды. Еуропалық және Халықаралық қайта құру және даму банктері облысымызда 2019-2023 жылдар аралығында ирригациялық, дренаждық жүйелерді қайта құру жобаларын іске асыруға жалпы сомасы 36,7 миллиард теңге бөлді. Алайда, мониторинг арқылы гидротехникалық құрылыстарды, оның ішінде каналдарды қайта жаңарту, күрделі және ағымдағы жөндеуде құрылыс нормалары бекітілмегені анықталды. Біздің ұсынымызбен агенттік тиісті орталық органға ереже әзірлеу бойынша хат жолдады. Аталған мониторинг қорытындысымен Жамбыл ауданында ұзындығы 1,2 километр «Райс» каналын 181 миллион теңгеге қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілуде. Сол сияқты Сарысу ауданында 1,2 километр «Сарыөзек» каналын қалпына келтіру жұмыстарына 46 миллион теңге қарастырылған, – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасарының міндетін атқарушы Дәурен Омаров.

Дәурен Даниярбекұлының айтуынша, мемлекеттік сатып алуға жүргізілген мониторинг барысында жергілікті атқарушы органдар тарапынан бір көзден мемлекеттік сатып алуды заңсыз ұйымдастыру деректері анықталған.

Мысалы, 2021-2022 жылдары төтенше жағдайларды жою бойынша бір көзден сатып алу шарттарымен тиісінше 6,8 миллиард және 14,1 миллиард теңгеге 536 шарт жасалған. Тиісті шара қабылдау үшін мониторинг қорытындысы Әдеп жөніндегі кеңеске жолданған.

«Сатып алудың бірыңғай терезесі» арқылы мемлекеттік сатып алуға жүргізілген мониторинг нәтижесінде жолданған ұсыныстар негізінде мемлекеттік органдардың сатып алу жоспарлары қайта қаралып, 2022 жылы 360 миллион теңгеден астам, ал биылғы 2 айда 70 миллион теңге бюджет қаражаты үнемделген.

Мысалы, Сарысу ауданының Жаңаарық ауылдық округі әкімінің аппараты 19,3 миллион теңгеге кеңсе ғимаратын сатып алуды жоспарлаған. Ұсыныс негізінде сатып алу тоқтатылды. Аталған лотты зерделеу кезінде округ әкімі аппаратына жаңа кеңсе ғимаратын сатып алу қажеттілігі болмағаны анықталды.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support