- Advertisement -

Төтенше жағдайдың алдын алу шаралары пысықталды

193

- Advertisement -

Облыстық әкімдікте төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Онда көктемгі су тасқынынан келетін қауіптің алдын алу және сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, елді мекендерде құлақтандыру жүйелерін ұйымдастыру шаралары пысықталды.

Облыс аумағындағы елді мекендерді су басу қаупінің алдын алу үшін 7000 текше метр қар шығарылған. Көктемгі су тасқыны кезеңінде әкімшілік аумақтарда су басуы мүмкін 42 елді мекен орналасқан. Көлбеу ағындарды елді мекеннен бұру каналдарына механикалық тазалау және қажетті жағдайда құрылысын салу жұмыстары жүргізіліпті. Тау бөктерінде ұзындығы 1305 километр болатын 40 су бұру каналы тазартылған. Облыс аумағында 60 канал, 25 арық және 257 су өткізу құрылғысы бар.

Қазіргі таңда 1539,98 шақырым арық- дренаждар, каналдар мұздан және қоқыстан тазартылып, 659,5 тонна қоқыс шығарылған. Бұл бағыттағы жұмыстар қазір де жалғасып жатыр.

– Елді мекендерді су тасқынынан қорғау немесе қауіптің алдын алу мақсатында жыл сайын жоспарлы жұмыстар атқарылады. Су басуы мүмкін 42 елді мекеннің 34-і қауіпсіз жағдайға келтірілді. Екі елді мекеннің қаупі төмендетілді, су басуға бейім тек 6 елді мекен қалды. Олар Жамбыл ауданында – Жасөркен, Қызылқайнар, Байзақ ауданында – Талас, Казпоселок, Түймекент және Тараз қаласында Тектұрмас аймақтары. Бұл елді мекендер «2021-2023 жылдарға арналған су тасқыны қаупінің алдын алу және жою жөніндегі шаралар кешені» Жол картасына сәйкес іс-шараларды жүзеге асыру барысында төмендетіледі деп жоспарлануда. Ірі су қоймаларының (Киров, Тасөткел, Теріс-Ащыбұлақ) жұмыс режимінің кестесі әзірленді, толымдылығы мен жұмысына бақылау жүргізілуде. Облыс бойынша 10 тонна инертті материалдардың, 392 тонна жанар-жағармайдың қажетті резерві құрылды. Оған 72 миллион теңге бөлініп, 41 қабылдау пункті (мәдениет және білім беру нысандары), 12 шатыр, 1968 төсек-орын, 468 кереует дайындалды. Тамақтандыру бойынша 15 келісімшарт жасалды. Көктемгі су тасқыны кезеңіне жедел ден қою мақсатында облыста 1459 адам жеке құрам, 397 бірлік техника, 112 су айдау құралы, 10 қайық және 4 аспалы мотор төтенше жағдайларды жою үшін тартылатын күштер мен құралдар топтамасы құрылды. Жалпы, түскен дауылдық ескертуге байланысты Тараз қаласы мен аудандарда кезекшілік кестесі әзірленіп, облыстағы ахуалға мониторинг жүргізілуде. Облыстағы су тасқыны мәселесі әрдайым тұрақты бақылауда, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Талғат Айтбаев.

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі «Қазгидромет» РМК-ның облыс бойынша филиалы директорының міндетін атқарушы Ербол Қалыбековтың айтуынша, ақпан айына арналған консультативтік ауа райы болжамы орташа айлық температурасы 0,3…7,6 оС аяз болады деп күтіледі. Бұл облыс аумағының басым бөлігінде қалыпты мөлшер шамасын, облыстың қиыр оңтүстігінде қалыпты мөлшер шамасынан 1оС-қа жоғары екенін көрсетеді.

Таулардағы қар қоры туралы мәліметтерді әр айдың соңында қар өлшегіш бағыттарының бақылаушылары анықтап отырады. Наурыз айына арналған консультативтік ауа райы болжамы бойынша ауаның орташа айлық температурасы 1,8…6,5оС жылы, жауын-шашынның айлық мөлшері қалыпты мөлшер шамасынан жоғары болады деп күтілуде. Екінші онкүндікте жаңбыр, үшінші онкүндіктің басында жауын- шашын (жаңбыр, жылбысқы қар) болуы мүмкін. Бірінші онкүндіктің ортасында тұман түсуі ықтимал. Ай бойы желдің күші секундына 15-20 метр болады деп күтілуде.

Облыстық азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің басқару органдары мен күштерінің «Көктем-2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуын өткізуге дайындық шаралары да талқыланды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің төтенше жағдайларды жою басқармасы бастығының уақытша міндетін атқарушы, азаматтық қорғау подполковнигі Бауыржан Сейдалиевтің айтуынша, облыста су тасқыны жағдайы Шу, Талас және Аса өзендерінің жайылымдарынан тыс шыққан кезде едәуір аймақтарын шаюы мүмкін.

Сонымен қатар, Жуалы, Меркі, Т.Рысқұлов, Қордай және Талас аудандарының таулы аймақтарында орналасқан Қарақоңыз, Ырғайты, Аспара, Меркі, Қарақыстақ, Қайыңды, Ақсай және Көксай өзендерінде еріген лай-қар ағындарының өтуі де ықтимал. Ауа температурасының күрт жоғарылауы немесе жауын- шашынның көп мөлшердегі жаууы кезінде облыстың таулы аймақтарындағы бөктерден қарқынды ағын болуы мүмкін. Облыстағы 157 су қоймасының 12-сі шаруашылық нысандары мен елді мекендерге және транспорттық инфрақұрылымдарға қауіп тудырады. Облыс халқын, шаруашылық нысандарын және елді мекендерді қорғау үшін облыста гидротораптар мен су қоймаларының тұрақтылығын жоғарылату, су шаруашылық нысандарында су деңгейін реттеу шаралары жүргізілуде. Киров, Тасөткел, Теріс-Ащыбұлақ ірі су қоймаларының жұмыс режимінің графигі әзірленіп, толымдылықтарына және жұмысына бақылау жүргізілуде. Көктемгі кезеңге байланысты табиғи төтенше жағдайлардың пайда болу қаупін және олардан келетін залалды азайту мақсатында облыстық төтенше жағдайлар департаменті тиісті іс- шараларды өткізуді жоспарлап отыр.

Ал, сейсмикалық қауіпсіздікті қамту бойынша «Институт сейсмология» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Дәулет Сәрсенбаев баяндама жасады. Дәулет Абдужанұлының айтуынша, облыс орталығында және облыстың басқа да бірқатар елді мекендерінде қолданыстағы ғимараттар мен құрылыстар қорының сейсмикалық қауіпсіздік деңгейі төмен. Сейсмикалық күшейтусіз тұрғызылған жеке секторлардағы сабан араластырып салынған құрылыстардыңжалпысанышамамен 80 пайызды құрайды және олар 7-8 балдық жер сілкінісіне есептелмеген. Бұрын салынған ғимараттар мен құрылыстардың едәуір бөлігі қазіргі заманғы сейсмикалық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейді.

Облыс әкімдігінің сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Айтқазы Қарабалаев Тараз қаласы мен аудандар аумағындағы әлеуметтік нысандарды сырттай қарау нәтижесінде барлығы 60 нысан анықталғанын айтты. Олардың бәрінен сейсмоқорытынды алынған. Атап айтқанда, 41 нысан сейсмокүшейтуге, 19 нысан бұзуға жатады.

Кеңесте қаралған мәселелерді қорыта келе, облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров көктемгі сел жүру, жер сілкіну секілді қатерден елді қорғауға барынша күш салуды ескертті. Осы мақсатта тиісінше тапсырмалар берді.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support