- Advertisement -

Біздің де жанымыз ауырды…

44

- Advertisement -

Түбі бір түрік бауырларымыз бүгінде ауыр күндерді бастан кешуде. Оны жан-жүрегімізбен сезінеміз. Жасыратыны жоқ, жағымсыз хабарды алғаш естіген сәтте төбемнен жай түскендей болды. Себебі, 1993 жылдан Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ- түрік университетінде студенттерге қазақ тілі пәнінен доцент қызметінде дәріс бердім. Кейін тарих-филология факультеті деканының орынбасары, одан соң университетте дайындық бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқардым. Мұнда оқу орны ашылғаннан университет басшылығында да, дәрістер беруде де түрік ағайындардан бірталай оқытушы-профессорлар жұмыс істеді. Көбімен араласып, достасып та кеттік.

1993 жылы күзде университетіміздің «Халықаралық қазақ-түрік» аталу салтанатында болдым, онда Түркия Республикасының Президенті Сүлейман Демирелді көрдім. Кейінгі жылдары Өкілетті Кеңес төрағасы Кемал Зейбекпен, проректорлар Шериф Акташ, Гюлчин ханымдармен, оқытушылар – Неждет Албай, Жамал Шафақ, Севда ханымдармен бірге жұмыс істедік. Тағы бір түрік тілінің оқытушысы – Ашур Өздемир болды. Олармен болған, бірге жүрген кездер ешқашан ұмытылмақ емес.

1995 жылы шілде-қыркүйек айларында сол кездегі Үкіметаралық Өкілетті Кеңестің төрағасы Намық Кемал Зейбек мырзаның шақыртуымен екі жарым айдай Анкарада іссапармен болдым. Түркістанда танысып, достасқан достарым Неждет Албай мен Жамал Шафақ мені Ыстамбұлдан ұшақтан күтіп алып, ел астанасы (олар Баскент дейді) Анкараға алып келді. Екі қала арасы төрт сағаттық жол екен. Жөн-жоба көрсетіп, қаланы, елді таныстырып, Қазақстанға қайтқанымша қастарында алып жүрді. Мұнда бауырлас қарашай, қырғыз, өзбек ұлттарынан оқытушы-ғалым достар таптым. Олар да мені жылы шыраймен, жақсы қарсы алды. Әңгімелестік, бірге шығармашылық жұмыс істедік.

Достар мені бірде Гази университетіне апарып, аралатып, ондағы әріптестермен таныстырды. Мен профессор Ферхат Тамир деген ініммен танысып, тез тіл табысып кеттім. Ұлты өзбек екен. Кешегі Кеңес заманында біз ардақты асылдарымыздың бірі – Мағжан Жұмабайды «Халық жауы» деп айыптаған жалған жаладан әлі ақтай алмай жүргенімізде Ферхат Тамир Алаш ұлының өлеңдерін қазақ, түрік және өзбек тілдерінде бастырып шығарып, зерттеген. Латын әліппесімен басылған «Мағжан Жұмабаев өлеңдері» (Анкара, 1993) деп аталатын көлемі 338 беттік бір кітабын маған сыйға да тартты.

Түркістандағы университетте он жылдай жұмыс істедім. Шәкірттерге қазақ тілінің ғылыми курстарынан дәріс оқып, тәлім- тәрбие бердік. Бізде сол кезде «Қазақ тілі мен әдебиеті және түрік тілі мен әдебиеті» деп аталатын мамандық болды. Онда жыл сайын бір топ түрік балалары Түркиядан келіп оқыды, көбі жақсы оқыды.

Өзім куратор болған шәкірттердің ішінде төрт түрік баласы – Шабан Айдоғдұ, Өмер Ерен, Талип Солақ және Бекир Бектемирлер оқуларын қызыл дипломмен үздік бітіріп шықты. Тағы бір шәкіртім – Уфуқ Тузман дипломдық жұмысын ғалым, түркітанушы академик Әбдуәли Қайдардың ғылыми жетекшілігімен қорғады. Кейін елімізде оқытушылық жұмыстар атқарды. Тағы бір шәкіртім – Вехби Башкапан менің жетекшілігімде диплом жұмысын қорғады. Ол – 2003 жылы Түркістандағы «Тұран» баспасынан шыққан 32 мыңға жуық сөз бен сөз тіркестерін қамтыған, көлемі 637 беттік қазақша-түрікше сөздік авторларының бірі (Кенан Коч, Аябек Байниязовтармен бірге) болды.

Еске алсақ, түрік достар, шәкірттерім жайында жақсы естеліктер көп-ақ. Десе де, қазіргі болып жатқан жағдайға байланысты бауырлас ел – Түркиядағы бауырларымызға, жоғарыдағы есімдері аталған, аталмаған до ст арыма, шәкірттеріме жеке өз атымнан, отбасымның атынан және Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтындағы әріптестерімнің атынан қайғырып, көңіл айтамын. Жаратушы Аллам оларға жар болсын!

 

Алмасбек БЕЛБОТАЕВ,

А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің академиялық профессоры, Ш.Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтының доценті, филология ғылымдарының кандидаты.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support