- Advertisement -

Шектеулі мүмкіндіктің шексіз әлемі

95

- Advertisement -

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының 4 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығында көрме ұйымдастырылды. Көрменің ерекшелігі сол, мұнда тек балалардың қолынан жасалған бұйымдар қойылған. Аталған орталықта ақыл-ойының даму процесі төмен ерекше балалар тәрбиеленеді. Денсаулығында ақауы бар балалардың еңбек терапиясында жасаған түрлі бұйымдары хас шеберлердің қолөнер туындысынан кем түспейді. «Анаға сыйлық» тақырыбымен өткізілген көрмеге келушілер де шебер жасалған бұйымдарға таңданыстарын жасырмады.

Орталықта 58 бала қызмет алады. Оның ішінде 19 бала ата-ана қамқорлығынсыз қалған. Сондықтан орталық қызметкерлері балаларды барынша мейірімге баурап өсіруді басты назарда ұстайды.

– Бұл орталық 8 бағыт бойынша арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді. Әлеуметтік-тұрмыстық бағытта қызмет алушылардың денсаулық жағдайын ескеріп, өзін-өзі күтудің қарапайым әрекеттерін орындауға көмек көрсетіледі. Оңалтудағы медициналық көмектің негізгі әдістері дәрі-дәрмекпен жасалса, дәрі-дәрмексіз ем физиотерапия, шипалық дене шынықтыру, массаж арқылы жүзеге асырылады. Барлық балалар диспансерлік есепте тұрады. Жылына бір рет арнайы мамандандырылған дәрігерлердің, клиникалық-лабораториялық және рентгенографиялық тексерулерден, мерзіміне қарай медициналық-әлеуметтік сараптамадан өткізіледі. Балаларды эпидемиядан қорғау мақсатында қатаң санитариялық нормалар да сақталып, алгоритм бойынша жұмыстар жүргізіліп тұрады. Әлеуметтік-педагогикалық қызметтер өзіне-өзі қызмет көрсету дағдыларын, жеке гигиена, өзін бақылау, қарым-қатынас жасау және басқа да жеке қажеттіліктерді қалыптастыруға арналған. Әлеуметтік-психологиялық бағытта психолог маманы түрлі тренингтермен және ойындар арқылы баланың психикасын түзеуге жұмыс жасайды. Әлеуметтік-еңбек бағыты қызмет алушылардың өз бетінше жұмыс істеу, ойлау, есте сақтау қабілеттерін дамытып, еңбексүйгіштікке баулиды. Қол, саусақ бұлшықеттерін жаттықтырып, икемге келтіруді, әсемдік пен әдемілікке тәрбиелей отырып, эстетикалық талғамын қалыптастыруды көздейді. Балалардың қолынан шыққан түрлі заттар Тараз қаласында, тіпті облыс көлемінде өтетін көрмелерге шығарылып тұрады. Әлеуметтік-мәдени бағыты бойынша орталықтың ерекше балаларымен түрлі тақырыптағы мәдени іс-шаралар, ертеңгіліктер өткізіледі. Ән, би арқылы эстетикалық тәрбие беру мақсат етілген. Сонымен қатар, әлеуметтік-экономикалық және әлеуметтік-құқықтық бағыттармен балалардың қажеттілігіне жұмсалатын қаржыны реттеу, олардың құқықтарын қорғау істері жүргізіледі.

Негізінен орталықта 18 жасқа дейінгі балалар тәрбиеленетіндіктен, мұндағы қызмет ететін әр маманның еңбегі үлкен құрметке лайық. Балаларды қалтқысыз бақылап отыру керек. Мұнда қызмет алушылар күндіз-түні болатындықтан, мамандар күндізгі және түнгі ауысыммен жұмыс істейді. Әрі бұл жердегі балалар өз бетінше әрекет ете алмайтындықтан, оларға тәрбиешілер де, медициналық мамандар да, жалпы орталықтың барлық қызметкерлері жауапты. Біздің ұстанымымыз – балаларды мейлінше мейірім мен махаббатқа бөлеу, – дейді орталық директоры Индира Қожамқұлова.

Мейірім мен махаббаттың барлық қиындықты жеңетінінің дәлелін осы орталықтан көрдік. Әрбір қызметкер әр баланы өз баласындай құшып, жылы жүзбен тілдесіп, өмірге жан жылуымен бейімдеп жүргеніне куә болдық.

– Мұндай орталықтың қызметкерлеріне жүктелетін жауапкершілік пен міндеттің жоғарылығы соншалық, кез келген адам үйреніп кете алмайды. Кейбір кісілер жұмысқа қабылданған күннің ертесіне-ақ өз еркімен бас тартып жатады. Ақыл-ойының даму процесі төмен болғандықтан, балалардың аяқастынан нендей әрекет жасайтынын біліп болмайсың. Сондықтан орталықта қызмет алушы балаларды көз алмай назарда ұстаймыз. Міне осындай үлкен төзім мен қырағылықты талап ететін қызметті 20-30 жылдан бері атқарып жүрген мамандарымыз да бар. Орталықтағы балаларды өз балаларынан кем көрмей, аналық махаббаттарымен қызмет көрсетіп жүрген әлеуметтік саланың жауапкершілігі жоғары қызметіне берілген кісілерге ерекше алғысымды айтқым келеді. Атап айтсам, 30 жылдан бері осы орталықтың көлік жүргізушісі болып келе жатқан Юлдаш Есентаев, аспаз Пернеш Төлеушова, тазалаушы Несіпкүл Әлтаева, тәрбиешілер Гүлназия Қойкенова мен Қазына Тұрарова, Ұмсенай Дөненбаева, бала күтушілер Зағипа Керімбаева, Салтанат Көбеева, диетбике Гүлбану Аутенова, аға медбике Шынар Ахметова, әлеуметтік жұмыс жөніндегі маман Әлия Қожахметова, әдіскер Мадина Сандықбаева, кадр жөніндегі инспектор Аида Қырықбаевалар қандай құрметке де лайық. Кей кісілер төзе алмайтын бұл қызметте әжесі, анасы, бүгінде қызы жұмыс істеп жүрген аспаз Лариса Матвеева сияқты сабырлы жандар да бар. Ал, дәрігер-невропатолог Кенжекүл Құдайбергенова мен есепші Күлзада Оспанәлиева ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін «Әлеуметтік саланың үздігі» төсбелгісімен марапатталса, бала күтуші Салтанат Ерубаеваға Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасы берілді. Алдыңғы жылғы карантин кезіндегі ерлікке пара-пар еңбегі үшін бала күтуші Людмила Городянская «Халық алғысы» медалімен марапатталды. Бұл қыз-келіншектер арнаулы әлеуметтік қызмет ұсынушы ғана емес, орталықтың әр баласына үлкен жүректі ана бола алғандар, – деген Индира Ермекбайқызы өз ісін сүйгендерге шексіз ризашылығын жеткізді.

Басшының айтуынша, орталықтағы балаларға әр мейрамда көңілді кеш ұйымдастырып, мерекелік дастарқанға шақырып жүрген «Барчиной» кафесі және облыстық драма театр, «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешені, Т.Рысқұлов атындағы саябақтағы балаларға арналған ойын алаңының иесі Асан Қошмамбетов тұрақты демеушілік жасап отырады екен. Сонымен қатар, «Қазақстан темір жолы» АҚ облыстық филиалы, «Нұрбанк» АҚ, «Интер газ» ЖШС де балаларды тарихи-мәдени орындарға саяхатқа шығарып, сый-сияпаттарын тарту етіп тұрады. Бұдан бөлек, қала тұрғындары арасынан орталыққа арнайы келіп, мал сойып, құдайы тамақ тарататындар да бар көрінеді.

Табаны күректей 30 жылдан бері осы орталықта жұмыс істеп келе жатқан Күлзада Шәмшидинқызы еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы тоқырау бұл орталыққа да едәуір әсерін тигізгенін айтты. Тіпті, балаларға жейтін нан таба алмай, зауыттардан қарызға алған күндер де болыпты. Ал, бүгінде мемлекет мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, соның ішінде балаларға ерекше көңіл аударып отырғанын айтады.

Орталық қызметкерлерінің бейнеті көп еңбегіне тапжылмас төзім ғана шыдас берері анық. Сондықтан, мекеме басшылығы қызметкерлерге рухани-физикалық демалыс ұйымдастырып тұруды да назардан тыс қалдырмаған. Алайда, мұндағы қызметкерлер мейрамдарды осындағы балалармен бірге мерекелеудің әсері бөлек дейді. Орталықтың жұмысымен танысуға барған бір күнімізде барлық қиындықты мейірім мен махаббат жеңетініне көзіміз жетті.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support