- Advertisement -

Ақын оқырмандармен кездесті

836

- Advertisement -

Рухани байлық – жан азығы. Оқырмандардың сұранысына ие болып, өскелең ұрпақтың сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген қаламгердің бірі – ақын, композитор, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Білім беру ісінің үздігі Үміт Битенова.

Үміт Қыранқызымен қызықты да әсерлі кездесудің бірі Тараз қаласындағы №55 орта мектепте өтті. Қонақты кіреберістен мектеп өнерпаздары күй ойнатып, салтанатты түрде қарсы алды. Аталған білім ошағының мәжіліс залы ұстаз, оқушы, ата-аналардан құралған көрерменге лық толды.

Шынайы жырларымен, «Қыздар-ай», «Мама», «Аппақ қар» әндерімен елімізге кеңінен танымал қалам және өнер иесін бір залдан көру көрермендерді үлкен әсерге бөлегені анық. Бұл іс-шараның өтуіне аталған мектептің директоры Рабиға Оразбай белсене үлес қосты. Кездесуді аталған мектеп директорының орынбасары Гүлмира Сәдібекова ашып, 2008 жылы Мемлекет басшысының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасымен салынған бұл білім ошағында 1805 оқушы білім алатынын, осы күнге дейін оннан аса «Алтын белгі» иегерлері шыққанын айтты.

Кездесу қонақтың «Қыздар- ай» әнімен басталды. Үміт Қыранқызының «Бүгін», «Үшаралым менің!», «Көңіл күнделігі», «Туған жер» , «Боталарым» атты жырларын Роза Ахметова, Қажымұхан Сәрсенов, Дарын Дәулет, Шұғыла Асубаева бастаған мектеп оқушылары шабыттана оқыды.

Бір кездері қоғам қайраткері Әбдіманап Көпберген «Үміттің үні талай құлаққа таныс, талай жүрекке жақын» деп баға берген екен. Кездесу кешінде Үміт Қыранқызы жайлы танымал қаламгерлер, өнер иелері айтқан шынайы пікірлерді де оқушылар көпшілік назарына ұсынды.

Мұнан соң кеш кейіпкері Ү.Битенова сөз алып, өлең оқып, «Балабақшадан басталған…» шығармасының жазылуын әңгімелеп берді. Кеш Меруерт Сәдуақасованың орындауындағы Үміт Қыранқызының «Мені ойлап қам жемеші, ана» әнімен мәресіне жетті.

 

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support