- Advertisement -

Ілиястай қазақтың кемеңгері

236

- Advertisement -

Өткен жылы өзім оқып бітірген Алғабас орта мектебінің (Талас ауданы) мұғалімі Шадияр Өтегенов екі шәкіртінің өлеңдерін жолдаған еді. Олардың бірі Заңғар Сәтберген қазір әжептәуір төселіп, танылып қалды. Ал екіншісі Жансая Тоқбай ол кезде 9-сыныпта ғана оқиды екен. Біраз бақылауға алып жүріп, биыл тәуекел етіп, талай жас таланттарды темірқанаттандырған «Аq jol» газетіне бірнеше өлеңін ұсынып отырмыз. Жансая ең бастысы, ақын көзімен көре біледі. Еңбеккештігі, ізденімпаздығы да бар. Демек өз желкенін көтеріп, әдебиет айдынында жүзуге мүмкіндігі мол.

Ілиястай қазақтың кемеңгері

Жайпап өтер жырымен жер, асқарды,
Тулатады теңізді көл, тастарды.
Ізіменен келемін самғап мен де,
Мендік жалын осылай бір басталды.

Ер біткеннің бөрісі тулар ағыс,
Жиілейді мендегі жүрек қағыс.
Найзағайдай ойнайды шарпып көкті,
Жас халыққа ол ақын кәміл таныс.

Ұмытқан жоқ есінде тау-даланың,
Сіңсе жерге құлпырар жыр алабың.
Алаулайды күн көзі бүгін сен деп,
Бастамасы өзіндей ой-сананың.

Құсы едің қазақтың самғар көкті,
Тұла бойды кес-кестеп жырың өтті.
Сол заманғы халықтың санасына,
Жыр бұлағың сарқылмас сырын төкті.

Асау тайдай шапқылап ойнақтатып,
Бар әлемді түп-түгел жалындатып.
Жанын қайрап, өз-өзін алға жебеп,
Мінген мақсат тұлпарын арындатып.

Бұл еңбегім зая деп қайғырмадың,
Кеткен сон-ау өлеңге ай, жылдарың.
Тарс жабылған халықтың көзін ашты,
Сендің түбі жеңерін айбынды әнің.

Жолбарыстай жүрегі, реңі арайлы,
Жалынымен шарпыды жанап Айды.
Самғар жыры жүректе мәңгі өшпес,
Өшсе қайта тұтанып алаулайды.

Ай нұрындай ақ жүзі жарқылдайды,
Екі көзі алтындай жалтылдайды.
Қазақ десе жүрегі қырандайын,
Ұшқысы кеп тұрады, саңқылдайды.

Жүрегіңді жаулайды өлеңдері,
Мендік шабыт содан да тереңдеді.
Көк теңіздей тулайды, бір туады,
Ілиястай қазақтың кемеңгері!

Болған ем ғашық

Болған ем ғашық, болған ем ғашық бір жанға,
Сезіммен сүйіп, жалғасқан хаттар әр таңға.
Сүйгенім сонша көздерім көрмей басқаны,
Сол сезім барып жүректі мұз қып тастады.

Сүйіп ем мен де, сүйіп ем мен де пендені,
Қылуға ұмыт жүректің әлі келмеді.
Мендегі мына сезімге бір сәт үн қатпай,
Сағым боп кетті, сезіммен жауап бермеді.

Соншама сүйіп, өзімді-өзім қинадым,
Жанымнан артық сезімді саған сыйладым.
Әсері болмай, жауабы қайтпай бәрінің,
Батып кетті-ау, басқа бір жанға қиғаның.

Жүрекке тіл қат, жүрекке үн қат мендегі,
Жараны емдер тек қана, жүрек сендегі.
Жымиған жүзің, қанымды менің тулатып,
Денемнің әрбір тамырын теуіп тербеді.

Сүйіп ем солай, ол бірақ қолын сермеді,
Асқақтап жүріп жүрекпен мені көрмеді.
Неліктен сонша махаббат ыстық десеңіз,
Алаулап жанған от екен ғой себебі.

Жан Анам

Аяулымсың, көгершінім, көктегім,
Аққуымсың көлге нұрын төккенім.
Сұлу жүзің, қудай көзің мөлдірер,
Төгіп тұрар, барша жерге көктемін.

Мен өзіңді жақсы көрем анашым,
Қанша асыл болса да, сен дарасың.
Шуағына бөлесе де басқалар,
Орның бөлек, жүректе сен ғанасың.

Жаздан да ыстық, сенің жылы құшағың,
Ұлықтансаң, мен аспанға ұшамын.
Алтын анам, бақытты бол әрдайым,
Сен қиналсаң, қиындық мен де құшамын.

Самайымнан сүйіп, құшқан кезіңді,
Ұмытпаспын сол бір ыстық сезімді.
Көрсем сенің күн нұрындай жүзіңді,
Толқығаннан жоғалтамын өзімді.

Күлкің сенің бар ғаламға шапағат,
Тұрған төгіп, барша жанға махаббат.
Асылымсың, асыл жансың әлемде,
Жылуды сен сыйлап тұрсың әлемге.

Жер ананың құлпырған гүліндейсің,
Көк аспанның сарғайған күніндейсің.
Жер шарына әсем үн төгіп тұрған,
Жамбылымның күмбірлі күйіндейсің.

Асыл анам – асыл жансың жердегі,
Асыл жансың бар өңір мен елдегі.
Жер шарындай дөңгеленген кұрсақта,
Жатты емес пе соғып жүрек мендегі?

Алтын анам, сені сүйем құлай шын,
Мінезіңмен бар әлемге ұнайсың.
Әлемдегі қымбат жан ол кім десе,
Ойланбастан «Ана» дер ем, солай шын.

Гүл аңқыған алақаның ып ыстық,
Сен жанымда болсаң сезем тыныштық.
Табанға кірген тікенекке мендегі,
Ана жаның шырқырайды сендегі.

Періштедей нұрланасың жан анам,
Жылы сөзің бар денемді шарлаған.
Өстім менде тым еркелеу кезімнен,
Арнадың маған бар мейірім сезіммен.

Қызғалдағым, хош иісті жұпарым,
Тең келмейді еш әтірге жұпарың.
Мен өзіңді жақсы көріп өтемін,
Болдым міне, бәйгеге қосқан тұлпарың.

Асыл анам күлкің қандай тәтті еді,
Есімде ғой балалық шақ сәттері.
Қай кезде де бізді ойлап жүрдіңіз,
Мінезіңіз бірде жұмсақ, қатты еді.

Асыл анам – асыл жансың мендегі,
Гауһартасым ең қымбат зат елдегі.
Гауһартастан асып түсер ол сенсің,
Себебі сен ең қымбатсың жердегі.

Самалдайсың, таралғандай ауадан,
Бақытыңды тілеймін тек Алладан.
Ортамызда мәңгі күліп жүргейсің,
Сен аман жүр, сен аман жүр,
Жан Анам!

 

Елен ӘЛІМЖАН

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support